Ұстаз ғибраты – ұрпаққа өнеге

Фото автордың жеке мұрағатынан

Ғалым да, шахтер де бас иетін ұстаздық қызмет қашан да ұлы жол екені белгілі. Бұл ретте редакциямызға келіп түскен оқырманның мәртебелі мамандық иесі, ардагер ұстаз туралы мақаласын сол қалпында назарыңызға ұсынбақпыз.

Әуелхан аға – әр оқушының рухани сәулеткері

Алаштың ардақтысы Мағжан Жұмабаев: «Алты алаштың басы қосылса, төрдегі орын – мұғалімдікі» деген өміршең ой айтқанын қалай ұмытарсың! Бұл сөз қазақ қоғамындағы ұстаздың орнын анықтап тұр. Білім жолына жетелеген аяулы ұстаздарымыздың ұстазы Әуелхан Әділбекұлын үлгі ететін едік. Сол тұстағы оқушыларға тұрмыстық тіл дәрежесінен аса алмай отырған қазақ тілінің заңдылықтарын үйретіп, қазақ әдебиетінің бай мұрасымен таныстырған да осы кісі. Ол шын мәнінде бала көңіліміздің қаһарманы-тын. Өз басым осы ағамызға қарап бой түзеп, ұстаздық жолды таңдауыма себепкер болған еді.

Әуелхан Әділбекұлы 1944 жылы ҚХР-дың Шыңжаң өлкесі Тарбағатай аймағының Шәуешек қаласында дүниеге келген. 1962 жылдың сәуір айында 9-сынып оқып жүрген кезінде ұлы көшке ілесіп, барлық ағайын-туысымен бірге атамекенге оралған. Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданының Жетіарал ауылына келіп орналасқан соң 1964 жылы осы ауылда орта мектепті бітіріп, өзі оқыған мектепте еңбек жолын бастаған.

1968 жылдың күзінде Шығыс Қазақстаннан Семей облысының Ақсуат ауданындағы туыстарына қоныс аударып, 1968-69 жылдары Қызыл жұлдыз бастауыш мектебінде, 1970-1971 жылғы оқу жылында Сасанби атындағы орта мектепте жұмыс істеп, 1971 жылдың қыркүйек айынан бастап, қазіргі Қарғыба ауылындағы Ю.Гагарин мектебіне ауысып келеді.

1968-1973 жылдар аралығында Семей педогогикалық институтының филология факультетінде оқыған. Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі мамандығы бойынша жоғарғы білім алады. 1971-2007-жылдар аралығында бір мектепте табаны күректей 36 жыл жұмыс істеді. 1974-1981 жылдары интернат меңгерушісі, 1993-2003 жылдары тәрбие жұмысын ұйымдастырушы болып қызмет атқарды.

2007 жылы осы мектептен құрметті демалысқа, зейнетке шығып, Семей қаласына қоныс аударды.

Әуелхан Әділбекұлы ұстаздықпен қатар ауылымыздың ұйытқысы, ұрпақ тәрбиешісі, салт-дәстүрдің қайнар көзі де бола білген жан. Ауыл тұрғындарының бірлік-берекесінен бастап, тұрмысы мен тірлігін жарастырған ұстаз ұлттық дәстүр, тәлім-тәрбиенің де қазына қайнары, сарқылмас бұлағы болғаны жадымызға мықтап сіңді.

Оқушыларға ұлтқа қызмет етудегі адалдық пен әділдік, елшіл, қоғамшыл һәм отаншыл болуды үнемі айтып отыратын Әуелхан мұғалім адал жары Нұркамал Базарбекқызымен қырық үш жыл отасып, үлгілі отбасы ретінде танылды. Үш бала (1 қыз, екі ұл) тәрбиелеп, қатарға қосты. Ұрпақтарына ұлттық құндылықтарды бойына да, ойына да дарыта білді.

Зайыбы Нұркамал Базарбекқызы 42 жыл денсаулық сақтау саласында қызмет атқарған Еңбек ардагері. Бірер жыл бұрын Нұркамал апай дүниеден өтті. Жаны жәннатта болып, рухы пейіштің төрінде шалқысын.

Ұлды ұяға, қызды қияға қондырған ғибратты ғұмыр иелері 3 баласынан 9 немере сүйді. Балалары мен келіндері жоғары білімді, бір-бір саланың білікті мамандары. Немерелерінің алды университет бітіріп, магистрант атанса, кейінгілері қала мектептерінде білім алып жүр.

Әуелхан Әділбекұлы жоғары санатты үлгілі ұстаз, еңбек ардагері, абыз ақсақал. Қаладағы қоғамдық жұмыстарға белсенді араласқаны үшін Семей қаласы әкімінің, «Ақылдастар алқасы» ұйымының алғыс хаттарымен және 2019 жылы 75 жасқа толуына байланысты Қазақстан Жазушылар Одағының алғыс хатымен марапатталған.

Ұстазымды сол тұстағы әр оқушының рухани сәулеткері деп бағалаймын. Бүгінде үлкен жетістіктерге жеткен шәкірттері, қоғам қайраткерлері Әуелхан ұстазға қарыздар.

Ұлағатты ұстазымызды мерейлі 80 жасымен шын жүректен құттықтаймыз! Деніне саулық, отбасына амандық тілейміз! Аттан түспегейсіз, аға! Жасай беріңіз! 

Мақала авторы: Назгүл Мәуітханқызы,

Әуелхан Әділбекұлының шәкірті 

Advertisement
Share Post