Жайық Сұлтан: ескі мектептің орнына 60 орындық жаңа мектеп салу туралы шешім қабылданды

Ақтөбе ауылдарындағы мектептердің жай-күйін өз көзімен көрген облыс басшылығы біраз сұрақтардың күн тәртібінде тұрғанын айтады. Бұл туралы әкім кеңесшісі Жайық Сұлтан әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

Өңір басшысы Асхат Шахаровпен ауыл мектептерін араладық. Сапар барысында Ақтөбеде өткізілген пилоттық жобаның әдіснамасына толықтырулар енгізу қажеттігі байқалды. Осы орайда, мынадай негізгі мәселелер мен олардың шешу жолдары айқындалды:

1. Тозығы жеткен ғимараттағы мектептер

Ескі ғимаратқа жөндеу жүргізу экономикалық жағынан тиімсіз болғандықтан, балалардың нақты санына қарай 60, 100 немесе 300 орындық жаңа мектеп ғимараттарын салу қажет. Бұл шешім оқушыларға заман талабына сай жағдайлар жасап, ұстаздардың оқу процесін тиімді жүргізуіне мүмкіндік береді.

 2. Жылыту жүйесін оңтайландыру

Көмірмен, электр қуатымен немесе дизельмен жылытылатын мектептердің қазандықтарын, мүмкіндігі бар жерлерде, табиғи газға ауыстыру қажет. Бұл шара мектептердің жылыту жүйесін қауіпсіз әрі үнемді етіп, сонымен қатар экологиялық зиянды азайтады.

 3. “Онлайн-педагог” ұғымын енгізу

Озық тәжірибелі педагогтардың қосымша еңбегін өтеу мақсатында заңнамаға “онлайн-педагог” ұғымын енгізу ұсынылады. Бұл шалғай ауылдардағы оқушыларға білікті ұстаздардан сапалы білім алуға мүмкіндік береді әрі жаңа жұмыс форматына сәйкес мұғалімдерді ынталандырады.

Өңіріміздегі және еліміздегі ауыл мектептерінің білім сапасын арттыруға бағытталған жоба жалғасын табуда. Мұндай қадамдар балалардың болашағы үшін барынша қолайлы жағдай жасауға септігін тигізері сөзсіз.

Сапар барысында Алға ауданы, Талдысай елді мекеніндегі ескі мектептің орнына 60 орындық жаңа мектеп салу туралы шешім қабылданды. Құрылысы биыл басталады, - делінген жазбада. 

Share Post