Қазіргі аумалы-төкпелі заманда құндылықтар өзгеріп, дәстүрге сіңген дүниелер жағада қалып қойып жатыр. Өкініштісі сол, біздің қоғам өкілдері мұндай «өзгерістерге» төтеп беріп, мәселенің шешу жолын қарастырудың орнына, материалдық құндылықтардың соңына түсіп алды. Алайда, жанашырлық танытып, дұрыс жолды көрсеткісі келетіндер де жоқ емес. Бірақ, тым аз... Бұл мәселе бойға сіңіп, қоғамдық санада нық орнаса, өзгеріс жасау қиынға соғады. Сондықтан, біз құндылықтар ауысқан уақытта дәстүріміз, дініміз бен тілімізге құрметпен қарайтын, ата салтты бойға сіңірген ұрпақ тәрбиелеудің жаңа түрін ойлап таптық. Бұл – қазіргі балалар, өскелең ұрпақты ұлттық ән қоржынымен сусындатып, дәстүрді бойда қайта жаңғыртуға үлес қосу еді. Осы мақсатта –«Anshi bala karaoke» жобасының негізін қаладық. Әрине, мұндай ұлттық жобаны қолға алмас бұрын көптеген азаматтармен ақылдастық, шешім қабылдауға ұзақ уақыт кетті. Себебі, ауызбен айту оңай, ал іргелі істі қолға алып, жүргізу, қоғамға ықпал ету қиынның қиыны екені рас.

Айта кету керек, бұл - 20 жылға жуық уақыт білім беру саласында қызмет етіп келген жұбайым Гүлнар Орынбайқызының идеясынан туындаған дүние еді. Ол ұстаздықпен қатар, қоғамдағы қазақ балаларының ұлттық келбеті, тәрбиесі мен танымына ерекше көңіл бөліп келді. Бала-бақша, мектеп және жеке вокал студияларда мол тәжірибе жинаған білікті маман. Бір күні, маған мерекелік концерттерде, мектеп бағдарламаларында, би сабақтарында қазақша әндердің аздығы, тіпті, кей уақыттарда таба алмайтынын айтып, ой тастады. Өз тәжірибесінде тіпті шет ел және орыс тіліндегі эстрадалық әндерді қазақшаға аударып, келсін келмесін қолдануға мәжбүр болатын. Міне, осы кездері маған терең ой келді. Неге біздің балаларымызға жоғары сапада, тағылымды тақырыптарда әндер жазбасқа деп. Осыны неге жүйелеп ұсынбасқа деген ой қайда жүрсем де санадан шықпай қойды. Нәтижесінде ең жақсы дүниені неге балаларға ұсынбасқа деген керемет идея туды.

Әлеуметтік желіні тиімді пайдалана білген ел ғана, дәстүрлі құндылықтарын сақтап қала алады деп ойлаймын.
Негізі үлкен дүниені қолға алғанда кездесетін ортақ мәселелер болады. Әсіресе, рухани дүниелерді қолға алғанда. Сондықтан да, осы жобаны бастарда және іске асыру барысында көптеген қиындыққа тап болдық. Мұны жасырмаймыз. Біраз азаматтарға ұсыныс айтып, демеуші іздеп, тіпті, мемлекеттік мекемелерге хат жазып, мардымда жауап алмай көңіл –күйіміз түскен сәттер де кездесті. Ашығын айту керек, қолдау көрсетіп, демеудің орнына, кері пікір айтып, жүйесіз ой білдіргендер де кездесті.
Аллаға шүкір, жүйелі жұмыстар мен адал ниеттің арқасында жобамызға демеуші табыла кетті. Осылайша, бағымызға орай, кәсіпкер, меценат және ұлт құндылықтарымызға жанашыр азаматтар табылып осы күнде 200 ден астам ән жазылды. Тұңғыш «Anshi bala karaoke» мобилді қосымшасы жасалды. Бізді оқып отырған жанашыр қауымнан, мүмкіндігінше ел игілігі жолындағы жобамызды қолдап, тарата отырсаңыздар деген ізгі ниет бар. Мысалы, бала - бақша, мектеп, коледждерде барынша қолданса, ашық сабақтар мен түрлі концерттік шаралар бар барлық жерде осы платформаның игілігін қолданылса деген мақсатымызды жеткізгіміз келеді. Осы жобаның үлкен білім платформасына айналып ана тілін үйренуге және деңгейін жаңа биікке көтеруге арнайы ойын платформалары арқылы да қол жеткізгіміз келеді. Алдағы жылдар әндердің санын арттырып 1000 ән жаздырып қосымшадағы ән тізімін толықтырғымыз келеді. Бұл бағытта бүгінде қосымша жұмыстар атқарылып жатыр.

Жобаға қатысушылар саны артып келеді.
Керемет нәтиже бар деп айтуға болады. Дәл қазіргі таңда «Anshi bala karaoke» youtube.com/@balakaraoke_kz ютуб арнасында 17 мыңға жуық қолданушыларымыз бар. Бұл тамаша көрсеткіш. Себебі, бұл аудитория – өзіміздің сегмент. Яғни, жобаның қатысушылары мен нақты қолданушылары. Әрине, мобилді қосымшамызда жазылушылыр саны әлі аздау. Жақында ғана ашылды. Бұл жұмыстарды да әрі қарай жалғастыратын боламыз. Бір қуанарлығы, бала бақша мен мектептерде Ютюб арна арқылы ән сабақтарында ұстаздар мен оқушылар біздің әндерімізді жиі қолданып жүргенін байқаймыз. Теледидар арқылы үйлерінде ата - аналарымен бірге балалардың ән айтып жүргенін көріп жүрміз. Енді, «Anshibala» қосымшамыз жайлы көпшілік хабардар болсын деген мақсатта 15 қазаннан бастап Республикалық ән байқауын жарияладық. «Anshibala» қосымшасын жүктеп алып сайысқа қатысқан әр балаға сыйлық табыстауды жоспарлап отырмыз. Ұлттық жобамызды қолдауға ат салысайық, ағайын. Балаларды осы бастан ұлттық деңгейде тәрбиелесек, болашағымыз кемел болатыны анық.
Рухани капиталымыз - балалар мен ата - аналар
Осы жобамызбен еліміздің белгілі азаматтары мен өнер қайраткерлері танысып, ақ батасын беріп жатқаны бізді қуантады. Шабыт береді. Күш сыйлайды бізге. Түрлі деңгейде кездесулер мен келіссөздер өткізіп жатырмыз. Нәтижесі шүкір. Әсіресе, біздің ең басты – рухани капиталымыз - балалар мен ата - аналардың ризашылығы маңызды. Алдағы уақытта әлеуметтік желілерде және ақпарат кеңістігінде қолдаушыларды көре жатарсыздар деп ойлаймын. Сондықтан, алдағы уақыттары жақсы нәтижелер мен табысты шешімдер шығатынына сенемін.
Басты мақсат: жобаны - халықаралық білім платформасына айналдыру
Алдағы жоспар - жобамыздың деңгейін жаңа сапаға көтеріп, қолданушылар санын арттыру. Сол арқылы, халықаралық білім платформасына айналдыру. Ағылшын және орыс тілді қауымға қазақ тілін қысқа уақытта және жеңіл жолменен үйреттетін құралды ұсыну. Міне, осындай ұлы мақсаттар жолында бірге болып, тілектестік танытады дегенге бек сенемін. Себебі, біздің жоба бүгінгі ағымдағы тірлік ғана емес, болашағы зор бастама!
Ән өмірінде жарық жұлдыздай сәуле шашып, айрықша ізі қалдырамын, қазақ халқының ұлттық мақтанышына айналамыз десек, өнер қайраткерлері мен рухани тұлғаларды көптеп шығаруымыз керек. Осындай игі ой әр қазақтың көкейінде болуы тиіс.

Құрметті оқырман, алғашқы ұлттық жобаға қолдау білдіріп, белсенді қатысуларыңызды сұраймыз. Ол үшін төмендегі сілтемеге кіріп, тіркелсеңіз болады.
https://www.instagram.com/anshibala.karaoke?igsh=OGQ5ZDc2ODk2ZA==
http://anshibala.kz/
Әділ Хәкімұлы, «Anshi bala karaoke» жобасының негізін қалаушы



