«Медиа менеджер» кітабының таныстырылымы өтті

Л. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде белгілі журналист, медиа саласының майталманы Нұржан Мұхамеджанованың «Медиа менеджер» атты жинағының таныстырылымы өтті, - деп хабарлайды, Ras.kz ақпараттық порталы.

Шараға журналист Махат Садық, университеттің «журналистика және саясаттану» факультетінің деканы Қайрат Сақ, кафедра меңгерушісі Серікзат Дүйсенғазы және оқытушы-профессорлар, студенттер қатысты.

 Алаштанушы - ғалым Қайрат Сақ:  «... Нұржан Жалауқызының бұл еңбегінің салмағы сол, мұнда тұтастай бір кезеңнің тарихы қамтылған. Кітаптағы сұқбаттар мен пікірлерден журналистер, әсіресе, бүгінгі жастар көп дүние алады. Бастысы, практикалық еңбек бұл» , - деп мейманға сөз кезегін ұсынды.

Расында, кездесуді ұйымдастыруға мұрындық болып отырған университет басшылығына алғысым ерекше деп сөз бастаған Нұржан Жалауқызы жастарға қарата: « ... Адамның өмірге сәтті қадам басып, алға жылжуы үшін оның ортасы дұрыс болуы керек. Жұмыс барысында қиындық әрине болады. Қиындықсыз өмір жоқ. Кез келген кедергіге қиындық деп қарайтын болсаңыз, шеше алмайсыз. Сондықтан, әрбір қиындықты мүмкіндік деп қабылдауымыз керек. Кез келген проблеманың шешімі болады. Мен «Алматы» телеарнасын басқарған жылдары «Шешімі бар» атты жоба жасадық. Әлі күнге дейін эфирден өтіп жатыр. Мен барлық әріптестеріме айтатынмын. Кез келген проблеманы шешудің жолын қарастыруымыз керек деп. Шешіледі ебін тапса деп. Бізге студияға небір қиындыққа тап болған адамдар келді. Біздер солардың әрқайсына эфир барысында өмірге деген сенімін жоғалтпауды бойына сіңірдік. Тағдыр тауқыметін тартқан қанша азаматтарымыз алғысын білдіріп, ризашылығын айтып жатты. Мұны мен неге айтып отырмын? Өмірдің түрлі қалтарыстарында жастар тұйыққа тірелмей, керісінше, жарып шығатындай сенім болуы керек. Оның үстіне қазір жастар үшін, жалпы адамзат үшін дамуға деген мүмкіндік мол» - деп, мотивациялық ойын жеткізді.

Халықаралық Телевидение және радио Академиясының академигі Махат Садық: « ... бұл еңбектің жастарға берер әлеуеті зор. Олай дейтініміз, кітапта қызметке адалдық, жауапкершілік пен лауазымдық өсудің алғышарттары жақсы келтірілген. Егер тереңірек, үңіліп оқысаңыздар» деді. Бір сөзбен айтқанда, құнды еңбек деп атап өтті.

Студенттер мейманға сұрақ қойып, өмірлік азық болатын жауаптар алып жатты. Медиа менеджердің кеңесін тыңдады.

Нұржан Жалауқызының айтуынша, адам өмір белесінің қай кезеңінде болса да, армандауды ұмытпауы керек. Тоқтатпауы керек. Арман – расында адамды алға жетелейді. Әсіресе, жастар өмірінің бір бөлшегіне айналса, мықты мотивация болар еді.

Кітапқа Нұржан Жалауқызының тәуелсіздік алған жылдардан бері қарайғы уақытта БАҚ - та жарияланған сұқбаттары мен аналитикалық еңбектері енгізілген. Медиа саласының қыр-сыры, мемлекеттік - ақпараттық саясатты тиімді жүргізудің әдіс - тәсілдері, басқа да құнды деректер жинақта сәтті топтастырылған.

Шара соңында сұрақ қойып, белсенді қатысқан студенттерге автор өз қолтаңбасымен еңбегін сыйға тартты.


Жарнамалық баннер
Бөлісу