Әсіресе, жазғы демалыста таңғы шәй үстінде ағайын – туыс пен дос-жарандардың игі амалдары мен жақсы қасиеттерін жиі еске алып отыратын. Кейде ойлаймын, марқұмдар жақсы адамдар туралы біліп жүрсін, кейін өмірлік құндылық ретінде дұрыс амалдарын бойға сіңірсін деген ізгі ниетке амал еткен екен. Біз балалықпен қатты мән бермеппіз. Бірақ, дастархан басында үлкен адамдарша құлақ асып, тыңдайтынбыз. Міне, біздің әулетіміз үшін – жақсы адамдардың бірі және бірегейі – Иманғалиевтер отбасы болатын. Сәбит көкем мен Зүбәйра апамызды көргенде, сол кездегі балалық сәттер ойға орала беретін.
Кейін, 2008 жыл болу керек. Қызылорда қаласындағы шаңырағымызда болды. Әкейдің абзал рухына құран бағыштайын деп келген екен. Анам марқұм да риза болып, көңілі бір марқайып қалды. Бір жағынан, ортақ жоба бастадық. «Қызылорда көшелері» – деген атаумен энциклопедиялық жинақты жарыққа шығаруға үлесімізді қостық. Айтайын дегенім, кейде адамның жан дүниесі мен көңілі қалап тұратын іс не адам болады. Ондай ортамен бауырларша араласасың. Ешқандай мүдде мен пенделік есеп жүрмейді. Иманғалиевтер әулетінен де осы бір адами тазалықты байқадым. Көкем мен апамның жылы қарым-қатынасы мен бойдағы зиялылықтарына сүйсінетінбіз. Бұл қанмен, текпен келетін тәрбие ғой, әсілі. Кейін, Бауыржан ағамыз, Сәтжан бауыр, Гүлназ апамызбен танысып, аралас-құраластығымыз әрі қарай бекіп, кеңейе түсті.
Әулеттің ырысы артып, берекесі баянды болу үшін көзге көрінбейтін шарттар орындалу керек деген тәмсіл бар. Сәбит көкем мен Зүбәйра апамыз сол шарттарға адал, аманатқа берік болды деп нық сеніммен айта аламын. Міне, соның нәтижесінде Жаратқан қолдап, отбасының береке-бірлігін баянды етті. Ел алдындағы абыройын асқақтатты. Отбасы мен әулет институтын бүгінгі өмір құндылығымен қатар жаңғыртып отыр деуге толық негіз бар.
«Мерейлі отбасы» атты ұлттық дәстүр мен отбасы құндылықтарын насихаттайтын жобаның жеңімпазы атанып, елдің алды бола білді. Ең таңдаулылар сайысқа түскен жобаның Бас жүлдесін алу деген ең бір қиын да, күрделі шаруа еді. Алайда, қазылар алқасы мен еріктілер таңдауы - Иманғалиевтер әулетіне түсті.
Хадисте «Амалдар – ниетке байланысты» деген бар. Біз қазіргідей материалдық дүние алға шыққан уақытта, өмірге басқаша құндылықпен қарап жүрміз. Алайда, рухани жағына мән бергенде, расында, көп нәрсенің ниетке байланысты екеніне көз жеткізесің. Алла Тағала да жүрекке, ниетке қарайды. Сәбит көке мен Зүбәйра апамыздың адал ниеті мен кең жүректілігіне сырттай сүйсінеміз. Әрқашан елге болсын. Қолдан келгенше, елге бір жақсылық жасайық деп отырады.
Біле білгенге, рухани еңбек пен қоғамдық жұмыстардың өзі үлкен еңбек. Сәбит көкеміз «Қазақ тілі» қоғамының басшылығында болғанда, Алматының зиялы қауымдары жиналатын бас қосулардың бел ортасында жүрді. Жүргеновтің рухани және шығармашылық туындыларын елге жеткізу жолында да тапжылмай еңбек етіп келеді. Бауыржан ағамыз Алаш арысы – Темірбек Жүргеновтің болмысы мен шығармашылық тұғырын ғылыми айналымға енгізу жолында тапжылмай еңбек етсе, Сәбит көкеміз – қоғамдық – саяси көзқарасы туралы жүйелі жұмыстар атқаруда.
Бүгінгі қарым-қатынастың негізі – мінез екені бәрімізге белгілі. Отбасы үшін де мінез ең басты факторлардың бірі. Қазақтың көрнекті жазушысы, драматург, публицист, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі - Жүсіпбек Аймауытов адам тәрбиесі мен психологиясы, ұлттық мінез туралы жақсы айтады. Мінезді - ақыл-қайраттың жиынтығы, тәрбие нәтижесі және ұлттық болмыстың көрінісі деп баға берген. Сәбит көкеміз бен Зүбәйра апамызда тәрбие мен текті сабақтастырып, ұлттық болмыс деңгейіне көтере білді. Ең бастысы, отбасылық өмірде - тәжірибеде кең қолданды. Міне, осындай тағылымды шешімдердің нәтижесінде, әулеттің абыройы артып, бақыты баянды болып отыр деуге толық негіз бар.
Адамның ыстық-ықыласы мен ниеті – оның тағдыры дегенге бек сенеміз. Кісінің болмысы мен адами құндылығына ерекше құрметпен қараған адам, түбінде ортаға сыйлы, қоғамда беделді болады. Қай жерде де, төр сонікі болмақ. Иманғалиевтер әулетінен де сондай бір сәулелі таңба байқалады. Бұл кейінгі жаңа буынға берілетін эстафета іспетті дүние. Олай дейтінім, бүгінгі жастар өмірден көріп, көңілге түйгенін кейінгі ұрпаққа жеткізуші «тасымалдаушы» рөлін атқарады. Сәбит көкеміз бен Зүбәйра апамыз құрған шаңырақ – елге үлгі болып, ұлттың ұстыны мен рухани болмысына сай жаңғырып отырған құтты әулет екені баршамызға белгілі.
Ардақты, Сәбит көке және Зүбәйра апа! Иманғалиевтер әулеті! Бар жақсылық баянды болсын! Шаңырақтың құт-берекесі арта берсін. Ізгі ниетті, еңбекқор, бірлігі жарасқан – қадірлі әулеттің алдағы алар асуы бұдан да биік болсын!
Құрманәлі Қалмахан. Журналистер Одағының мүшесі. Ақпарат саласының үздігі. Мәдениет қайраткері



