Метеорит математик атанған ғалым

Фото авторлың жеке мұрағатынан

Ras.kz жетекші ғылыми қызметкер Қайрат Исханның профессор Тоқтар Нүрекенов туралы мақаласын оқырман назарына ұсынады.

Біз туып-өскен қазіргі Абай облысы Ақсуат ауданындағы кең жазықта орналасқан Бөртостаған жартасын аудан тұрғындарының көпшілігі жақсы біледі. Оны алғаш ғылыми тұрғыдан зерттеп, өзіндік болжалдық (гипотезалық) тұжырымдар жасаған – физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Нүрекенов Тоқтар Кемелбайұлы еді.

Ғалымның сол зерттеулері негізінде жасалған батыл болжамдарының ғылыми мақала ретінде жарық көруінің арқасында Бөртостаған жартасы республика көлеміне әйгілі болды.

Бөртостаған жартасы өзінің ерекше түр-тұрпатымен ғана емес, иен далада қайраңдап қалған кемедей болып орналасуымен де кез келген адамның назарын бірден аударады. Оның ерекшелігі сол – Тарбағатай тауының сілемі құс мұрынданып, Бөртостаған жартасының батыс жағынан аяқталады да, кең жазыққа ұласады. Сол жазықтың ортасында алыстан көкшіл сағымданып тұратын жартасты халық «Бөртостаған» деп атап кеткені баршаға мәлім. Жартастың ұзын тұрқы 200 метр, ені 10 метрдей, биіктігі төрт қабатты ғимараттай. Терістік батысы жадағайлау, күнгей жағы тіп-тік, жалама жақпарлар. Олардың жіктері арасынан өсімдік, бұталар өсіп шыққан. Жәй ашық күнде жартастың тастары жалтылдақ, ал жаңбырлы күндері мүлде тайғанақ. «Бөрітастаған» – осы өлкедегі табиғат ғажабы.

Тоқтар Кемелбайұлы «Бөрітостаған» жартастың пайда болуын – метеориттің түсуінен деп есептеп, сол болжамын дәлелдеу мақсатында ұзақ жылдар бойы зерттеумен айналысты. Нақты бір ғылыми тұжырым жасауға бірден барған жоқ. Өз болжамына матемематика-физика ғылымдары бойынша жинақтаған ұлан-асыр білім-біліктілігі азшылық ететінін түсініп, оның шынында да метеорит болуы мүмкін екенін дәлелдеу үшін химия, геология, метеорология ғылымдарын терең меңгерумен шұғылданды. Оған он шақты жылын сарп етіп, метеорит дегеніміз не, оның химиялық құрылымы қандай болады, ол жерге қашан, қандай жағдайда, қандай көлемде, қалай түседі, оның жерге түсуінің себебі мен салдары қандай деген сияқты тағы басқа толып жатқан мәселелерді терең зерттеп-зерделеді. Геофизикалық құбылыстың сыр-сипатын терең түсінуге тырысты.

Осы арада мына мәселеге тоқтала кетуіміз қажет шығар. Біздің ел қоғамы ересектерінің баршасына дерлігінің орта білімі бар. Он жылдық мектепті бітіргендердің барлығы география пәнін оқыды. Алайда біз пәнді өтіп, білім алып шықсақ та, көбіміз таулардың пайда болуы екі түрлі жағдайға байланысты екенін зердемізден шығарып алып жататын жайымыз бар. Яғни таулар геофизикалық құбылыстың әсерінен шөгінді жыныстар арқылы және жер ядросына жақын жатқан магманың жерге вулкан болып шығуы арқылы (магматические горные породы) түзіледі екен. Жер бетіндегі кейбір таулар миллиондаған жыл бұрын бір кездері теңіз табаны болып, сол ойпатттарға шөгінділердің толу нәтижесінде теңіз табаны біртіндеп көтеріліп пайда болатын болса, енді біреулері магманың жер бетіне шығып қатуынан гранит тасты тауға айналады екен. Кварц кристаллды граниттік тау жыныстары секілді тастар (олар кейде метеорит қалдықтары да болуы мүмкін) жер қойнауындағы геофизикалық құбылыстың салдарынан ғана пайда болып қоймай, ғарыш денелерінің жерге түсуінен де пайда болады екен. Өйткені ғарыш кеңістігінде маңып жүретін кометалардың және т.б. денелердің құрамы таза темірден ғана тұрмай, оның құрамында жер бетіндегі және жер бетінде таза күйінде кездесе бермейтін басқа да түрлі химиялық элементтерден тұрады екен. Ғарыштық дене үлкен жылдамдықпен жер атмосферасы қабатына енген кезде үйкелістің әсерінен балқып, сосын жанып, түрлі көлемдегі және түрлі құрамдағы метеорит болып түседі екен.

Таулардың түзілуі туралы осындай білімді ұмытып қалған талайлар, соның ішінде осы мақаланы жазып отырған мен де Тоқтар Кемелбайұлына:

«Бөртостаған жартасы Тарбағатай тауы сілемінің жерге сіңіп кетіп, 50-60 км жерден қылтиып, шығып тұрған бір пұшпағы емес пе екен?» деп өз күдігімді айтқан болатынмын.

Ал оған ғалым:

«География пәніндегі таулардың түзілуі туралы ғылыми теорияны ұмытып қалғансың ба? Тарбағатай тауы шөгінді жыныстардан пайда болған. Магма арқылы пайда болған гранит тасты жыныстан тұратын Гималай тауы сияқтылар бұл жерден тым алыста жатыр» деген еді. Осы болжамдық ғылыми тұжырымдамасын «Білім және Еңбек» журналының 1975 жылғы № 11 санында жарияланған мақаласында ғылыми тұрғыдан негіздеп дәлелдеген болатын. Сол мақаласында кейінгі жылдары Ақсуат өлкесінен құрамында темір бөлшектері кездесетін 60-қа жуық түрлі тастар, сүйектер т.б. заттар тапқанын айта келе, «олардың барлығы дерлік плесситтік структураға ие болған. Тек біреуі ғана аса тұрпайы структуралы – октаедрит болып шықты. Қарғыбадан тенит минералының табылғанын, тениттің камаситтік бағаналармен плесситтік алаңдарды пластинка түрінде қоршап тұратынын және плесситтің құрамына кіретінін біз жоғарыда айтып өткен едік. Шынында, метеориттік қопарылыс болатын болса, тениттік қабыршақтардың табылуы заңды да. Бір қызығы Ақсуаттағы және Алматы облысындағы обалардан метеориттік плесситтер табылып отыр. Темір метеориттер – аса тұрпайы структуралы октаедриттер. Октаедриттер тенит пластинкаларының бойымен ыдырап, тамаситтік бағаналары плесситтер тениттік пластинкалар түрінде шашылған, өйткені тениттің балқу температурасы камаситпен плесситке қарағанда төмен. Демек, планетамызда көпшілік обалар сол заманда жермен соғылысқан алғашқы денелердің әсерінен пайда болған» деп олардың химиялық құрылымы мен физикалық сипатын бере отырып, Бөртостаған жартасы және жер бетіндегі обалар метеорит түсуі кезіндегі жарылыстың салдарынан пайда болған болуы ықтимал деген тұжырым жасайды. Ал Бөртостаған жартасының пайда болуы туралы ғылыми тұжырымы да таза ғылыми теорияға негізделген және ғалым жартастың бүкіл тұлғасын темірден тұрады немесе оның тастары құрамында темір кездеседі деп еш уақытта айтпаған. Ғалым Бөртостаған жартасының иен далада жалғыз өзі тұруына мән бере келіп, Ақсуат өңірінің және Бөртостаған жартасы тұрған жердің геофзикалық жағын былайша сипаттайды: «Бөртостағанның» бетінің жоғары температурада күйгендігінің тағы аса сенімді дәлелі – ондағы кварц кристалликтерінің кристоболитке айналуы. Тіпті кварц кристалликтерінің кейбірі кварц әйнегіне айналған.

Зайсан құламасының оңтүстік батыс бөлігін Ақсуаттың иілмесі қамтып жатыр. «Бөртостағанның» жатқан жер осы ойықтың шеті. Ақсуаттың иілмесі (Аксуатский прогиб) геологиялық жағынан жақсы зерттелінбеген. Ал геофизикалық зерттеулерге сенсек, Ақсуат иілмесінің палеозой фундаменті бірнеше жүз метрлік тереңдікте деуге болады.

Боғас өзенінің таудан шыға беріс жерінде шөгіндінің палеозойлық фундаментке дейінгі қалыңдығы 30-120 метрдей. Оның үстіне бұл жер аллювиальді – көлдік жазықтық. Демек, ол кездегі көл мен кайназойлық шөгінді жыныс Бөртостағанның жұмсақ қонуына, ал қиғаш және жақын жатқан палеозой фундаменті оның сырғанап түсуіне себеп болды, сондықтан ол сынбай қалды. Түскенде пайда болған кратер көл астында қалып, толқынмен жойылып кетті десек сенімді дәлелге ұқсайды.

Зайсан құламасы ұсақ көлдермен төмен түскен батуларға (погружение) бай (мысалы Ақсуат, Ақжар батулары). Олардың көбі Бөртостаған түскенде пайда болған метеорттік кратерлер болуы мүмкін. Солардың ішінен Тарбағатай тауының басында жатқан Жасылкөл деген көлді жеке атаған жөн. Егер ол метеориттік көл болса, онда арнайы зерттеу оның маңынан ең болмағанда жоғары қысым мен жоғары температурада пайда болатын кварц минералдарын табуға тиіс».

Ғалымның бұл айтқаны да «Бөртостаған жартасының аспан денесі болуы мүмкін» деген өз болжамына аздық ететін болса, тау жыныстары және олардың құрамы туралы ой-тұжырымына назар аударайық:

«Ғылыми тұрғыдан қарасақ, Бөртостағанның жынысы – мұхит пен теңіз түбінде кварц пен халцедон минералдарымен цементтелген граниттің шөгіндісі. Сырттан қарағанда аспаннан өртеніп түскендей әсер қалдырады. Қып-қызыл, жырым-жырым бір бағытта төмен қарай созылған жолақтар. Айдалада жатқан жалғыз жартас. Тастың өн бойы, айналысы қара әйнекпен қапталған шұңғылдарға толы. Астыңдағы қуыстарда шлактың қалдықтары шашылып жатыр. Бөртостаған жартасының орта тұсынан бір жағы қатты дененің әсерінен деформацияланған 1,5 грамдық темірдің ерекше пішінді сынығын тауып алдым. Спектрлік анализ оның таза темірден және никельдің қоспасынан тұратындығын көрсетіп берді. Ал металлографикалық анализ болса, плессит-метеорит екенін дәлелдейді».

Тоқтар Кемелбайұлы Нүрекенов Бөртостаған жартасын алғаш рет зерттеп осындай-осындай ғылыми гипотеза айтқанына қарамастан, химия пәні мұғалімі Е.Құттыбев өзінің «Тарбағатай» газетінің 2014 жылғы 10 сәуірде жарияланған «??????» мақаласында: «Бөрітостаған темір метеорит емес, тасты үгітіп магнит жақындатқанда оған ешқандай тартылмады» деп жазып, Тоқтар Кемелбайұлының бүкіл еңбегін бірауыз сөзбен жоққа шығарғысы келеді. Дегенмен оның Бөртостаған жартасын табиғи-тарихи ескерткіш мәртебесін беріп, ауданда ғылыми конференция ұйымдастыруға ұйытқы болғаны және оның осы әрекетіне аудан әкімі оң көзқарас таңытқанына қуаныштымыз. Конференцияға білікті, өз саласының білімді ғалымдары қатысатын болса, онда оның мәртебесі жоғары бола түседі деп есептейміз. Алайда Бөртостағанды геология, физика, химия метеоролгия және т.б. ғылымдар тоғысында тереңірек зерттей түсу уақыт пен жас ұрпақтың қолында екенін ұмытпаған жөн.

Тоқтар Кемелбайұлы алғашында Бөрітостаған жарытасынан және Ақсуат өңірінен жинаған ерекше тастарды Алматы мен Мәскеудегі зертханаларға жіберіп, химиялық талдау жасатуға талпыныс жасады. Кейінірек өз бетімен жинақтаған біліміне сүйене отырып, өзі де сол тастарға химиялық-спекторлық талдаулар жасап, соның нәтижесінде бірнеше ғылыми мақала жариялады. Кейбір зерттеу материалдары құрамында темір бар екенін, ал оның жер жағдайында кездеспейтінін дәлелдеді. Ол өз зерттеулерінің кезеңдік нәтижеларінің бір парасын ғылыми мақала ретінде «ҚР ҰҒА хабарлары. Гидро-минералогия сериясы» журналына ұсынды. Мақала жарияланғанда Қазақстан ғалымдары тұрмақ, КСРО ғалымдары елең ете түскен болатын.

Тоқтар Кемелбайұлы Бөртостаған тасы осыдан миллиондаған жылдар бұрын әлдеқандай кометамен жер соғылысқанда, Индонезия жерінен бастап Азия құрлығының үстімен Сихотеалинге дейін жауып өткен кометаның сынықтарының жаңбырының бір бөлшегі деп, осы айтқандарын Бөртостағаннан сындырып алған сынықтарға физикалық, химиялық анализдер жасаттырып, ғылыми журналдарға 6 мақала бастырып, дәлелдеуге тырысты.

Бөртостаған жартасының бір сынығы ма, әлде Ақсуат өңірінің бір жерінен табылған тас па, әйтеуір, менің алақаныма салып: «көрші өзің, ауыр емес пе, себебі мұның құрамында метал бар» деп, ерекше шабыттанып басқа да дерек-дәлелдерін айтып әлек болатын. Туған жерге деген сүйіспеншілік, осындай-ақ боларǃ

Қайрат Исхан,

Халықаралық Ақпараттандыру Академиясының академигі,

ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, доцент,

жетекші ғылыми қызметкер

Advertisement
Share Post