Мұқағали Мұқағали Мұқағали!!! - Бауыржан Шормақұлы

Ақындарды торуылдап жүреді ылғи «Ібіліс»,

Бірақ оны дарытпайды бір тілсімәт ұлы күш. 

Мұқағали ғаламдағы идеялық бұрылыс ,

Мұқағали – Мұқағали, адам емес құбылыс. 


Мұқағали - қатпар – қатпар қаратаудың ыңқылы, 

Мұқағали көз жетпейтін қап-қараңғы түн түбі. 

Мұқағали – көкжиектен арайланған аппақ таң, 

Мұқағали аққулардың қанатының сымпылы. 


Мұқағали – мұнар шөккен сап – сарала атырап, 

Мұқағали – ақ бура ақпан келе жатқан шатынап. 

Мұқағали – түстікке ауған тырналардың тырауы, 

Мұқағали – күзгі бақта жайрап жатқан жапырақ. 


Мұқағали - әулиенің қасиетті ақ тасы, 

Мұқағали – ізгіліктің айқара ашық қақпасы.

Мұқағали – судан тұнық сұлулықтың патшасы, 

Мұқағали – атом жырдың алып авиаматкасы.


Мұқағали – көкжендет құс құз басында көзілген,

Мұқағали – бесік жыры жаратылған сезімнен, 

Мұқағали – әбілхаят суын ішкен пайғамбар, 

 Мұқағали – ботасынан жазып қалған бозінген. 


Мұқағали – шет – шегі жоқ түпсіз терең тұңғиық, 

Мұқағали - Джомолунгма (Эверест), барлық шыңнан тұр биік.  

Мұқағали – ақтаңгер ай өрісінен адасқан, 

Мұқағали – күп-күрең күн көктен тұрған нұр құйып. 


Мұқағали - "жан баспаған жапандағы қара орман". 

Мұқағали – сыңар аққу айдын көлде таранған, 

Мұқағали – аналардың кимешегі күн сүйген, 

Мұқағали – аталардың сақал-шашы ағарған. 


Мұқағали - гүл көмкерген қан тәңірдің бөктері, 

Мұқағали - көктемеде қырға тұман шөккені. 

Мұқағали - жауын көксеп қаталаған жайық құм, 

Мұқағали - жалқы туып, жалғыз жортқан көк бөрі. 


Мұқағали - ақсарбасқа айтқан бата - тілекте, 

Мұқағали - түпсіз терең тұңғиық түн - түнекте. 

Мұқағали - ұясында шынашақтай шымшықтың, 

Мұқағали - жолбарыстар мекендеген түбекте. 


Мұқағали ерлігі үшін қаншалармен белдестім, 

Белдестімде ақырында ақиқатпен елдестім. 

Мақатаев Мұқағали Мұқағали - бола алды, 

Мұқағали бола алмайды дүниеде енді ешкім. 


Бауыржан Шормақұлы

Бөлісу
Ілмектер