Солардың ішінде – жаңа мектеп құрылысын бір сәт те тоқтаптау, үш ауысымда білім беретін мектептердің санын қысқарту, мектеп тапшылығы мәселесін шешу т.с. сұрақтар бүгінде күн тәртібіне шығып отыр. Осы тапсырманың орындалу индикаторлары бойынша Ақтөбе облысы көш бастап тұр деген ақпарат ресми БАҚ да жарияланды. Ақтөбе облысында оқушылар орнының тапшылығы мен үш ауысымда білім беретін мектептердің санын қысқарту мәселесін шешу бойынша қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Білім беру мекемелеріне деген сұраныстың артуына байланысты облыста 2023-2025 жылдар аралығында 44 мектеп салу жоспарланған. Оның бесеуі апатты жағдайдағы мектептердің орнына салынуы тиіс. Қалған тоғызы балаларды толтыру мәселесін шешу үшін, 21-і орын тапшылығы мәселесін жою мақсатында салынуы керек. Былтыр 5 мектеп пайдалануға берілді. Олардың ең үлкені – «Алтын Орда» шағын ауданында салынған 2620 орындық Bilimsmart мектебі. Қазіргі таңда мектепте 5233 оқушы білім алуда. Сонымен қатар, No14 және No12 мектептердегі орын тапшылығын жою бағытында да біршама ілкімді жұмыстар атқарылды. Алға ауданы Маржанбұлақ ауылында ашылған орта мектеп өз кезегінде орын тапшылығы мәселесін шешті. Биылғы жылы жоспар бойынша 12 мектеп пайдалануға берілуі тиіс. Бүгінде оның алтауында сабақ өтіп жатыр. Қалған нысандарды жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында «Есет батыр-3» шағын ауданында 2000 орындық мектеп, «Ақжар-2» тұрғын алабында 300 орындық мектеп салынуда. Аталмыш білім ордаларын іске қосу арқылы аудандардағы мектеп тапшылығы мәселесі шешіліп қана қоймай, оқушылардың алаңсыз білім алуына қолайлы жағдай туады. 20-дан астам мектептің құрылысы 2025 жылға шегерілді. «Біздің мақсатымыз – облыстағы барлық балалардың сапалы білім алуына тиімді жағдай жасау. Ал, жаңа мектептердің салынуы, ескілерінің жаңартылуы бізге жүктелген барлық міндеттерді шешеді. Мектеп жасындағы балалар санының артуына байланысты жаңа білім ошақтарын салу мәселесі бүгінде күн тәртібінде тұр. Салынып жатқан нысандар кезең-кезеңімен пайдалануға беріледі.Халық тығыз орналасқан Ақтөбе қаласында жаңа үлгідегі ғимараттарды тұрғызу қиын болғандықтан, нысандар құрылысы жергілікті атқарушы органдармен тығыз байланыста жүргізілуде. Апатты мектептерге қатысты, әр мекеменің жұмыс уақыты әртүрлі екенін ескерсек, жыл сайын жаңа ғимараттар салу мәселесі әрқашан өзекті болары сөзсіз.» - дейді Актөбе облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Артур Әуезов.