Бүгін «Өнер орталығында» Қызылорда облысының әкімі Мұрат Ергешбаевтың қатысуымен Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне арналған салтанатты шара өтті. Жиынға сала ардагерлері, өнер майталмандары және зиялы қауым өкілдері қатысты.

Халқымыздың рухани мұрасын сақтап, ертеңге сабақтастыру – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Елдігіміздің руханият байрағын көтерген мәдениет және өнер қызметкерлері Қорқыт ата мұрасын, жыраулар жәдігерін, таланттар тарихын жалғап, халық қошеметіне бөленіп келеді.

Мемлекет басшысының, Үкіметтің қолдауымен өңірде 200-ден астам әлеуметтік нысан салынды. Оның 22-сі – мәдениет нысаны. Атап айтқанда, барлық ауданда «Руханият орталықтары» бой көтерсе, Қызылордада «Өнер орталығы», «Анаға тағзым» және «Отбасы орталығы» ел игілігіне қызмет етуде. Тарихи-өлкетану музейінің, «Достық үйінің» жаңа ғимараттары ашылды. Балалардың шығармашылық және зияткерлік қабілетін дамыту мақсатында «Оқушылар сарайы» мен «Сыр жұлдыздары» академиясы іске қосылды.

Бүгінде Қызылордада Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда берген тапсырмасына сәйкес жаңа драма театр мен Президенттік кітапхана құрылысы жүріп жатыр.
Салаға биылдың өзінде 6 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді.
Мұрат Нәлқожаұлы өз сөзінде мәдениет пен руханияттың қоғам өміріндегі айрықша маңызын атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Мәдениет – ұлттың төлқұжаты. Жаһан жұрты елімізді, ең алдымен, өнеріміз арқылы танып біледі», – деген болатын.
Елдің рухани тірегін нықтап, ұлттың ұлы мұрасын сақтауда аянбай еңбек етіп жүрген барша мәдениет қызметкерлеріне Сыр жұртшылығы атынан шынайы ризашылығымды білдіремін.
Өнер мен руханияттың өрісі кеңейіп, мәдениетіміздің мәртебесі әрдайым биік болсын! Еліміздің рухани дамуына қосып жүрген еңбектеріңіз жемісті болып, шығармашылық табыстарыңыз арта берсін.
Сіздерге зор денсаулық, шалқар шабыт, отбасыларыңызға амандық пен бақ-береке тілеймін. Қазақтың қасиетті өнері мен мәдениеті ұрпақ санасында мәңгі жаңғыра берсін!», – деді аймақ басшысы.

Мерекелік шарада саладағы аса үздік жетістіктері және елге сіңірген айрықша еңбегі үшін бірқатар азамат «Құрмет» орденімен, Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Еңбек ардагері», «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгілерімен, Құрмет грамотасы және Алғыс хатпен марапатталды.
Сонымен қатар сала мамандарына ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевтың Алғыс хаты беріліп, олардың ел мәдениетінің өркендеуі жолындағы еңбегі жоғары бағаланды.
Сыр елінің рухани-мәдени дамуына қосқан үлесі үшін бірқатар азаматқа облыстың Құрмет грамотасы және облыс әкімінің Алғыс хаты табысталды. Әдебиет пен өнер саласында ерекше қолтаңбасымен танылған шығармашылық өкілдеріне жыл сайын берілетін облыс әкімінің дәстүрлі «Тұран» сыйлығына биыл 19 адам ие болды.

Кәсіби мерекеде сахнада Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрі, «Томирис» би, «Қорқыт сазы» қобызшылар, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің қыздар вокалды ансамбльдері, Қазанғап атындағы музыкалық жоғары колледжінің баянистері, Қаракөз Ақдәулетова атындағы балалар студиясы және «Сыр сандуғаштары» балалар вокалды тобы, камералық хор ұжымы, классикалық әндер шеруімен Еуропаның талғампаз көрерменінің ыстық ықыласына бөленген әншілер өнер көрсетті.
Іс-шара барысында қатысушылар арнайы ұйымдастырылған көрмені аралап көрді. Көрмеге өңірдің рухани-мәдени болмысын танытатын құнды экспонаттар, қолөнер шеберлерінің туындылары, тарихи жәдігерлер және жергілікті өнерпаздардың шығармашылық жұмыстары қойылып, көпшілік назарына ұсынылды.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі



