Қызмет көрсету экспорты 2,2 млрд долларға жетті

Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметі хабарлайды

Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты ТМД мемлекеттері арасындағы қызметтердің еркін саудасы, инвестициялар құру, олардың қызметі мен жүзеге асырылуы туралы келісімді ратификациялады.Осы келісімге қатысты депутаттардың сұрақтарына ҚР сауда және интеграция вице-министрі Жанель Сабырқызы жауап берді.

Құжатқа 2023 жылы 8 маусымда Сочиде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы үкімет басшылары кеңесінің отырысында қол қойылған. Оны дайындау жөніндегі бастама 2011 жылы ТМД Үкімет Басшылары Кеңесінің шешімімен еркін сауда аймағы туралы шартты іске асыру шеңберінде қалға алынды. Келіссөздер процесі он жылдан астам уақытқа созылды. 2012 жылдан бастап құжаттың мәтіні мен ұлттық қызмет нарықтарына қол жеткізу бойынша елдердің нақты міндеттемелерінің тізімі талқыланды.

Келісім ТМД мемлекеттері арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға, қазақстандық өнім берушілерге серіктес елдердің нарығына қолжетімділікті қамтамасыз етуге, қазақстандық капиталмен кәсіпорындар құру үшін жағдай жасауға, сондай-ақ өзара инвестицияларды тартуға және қорғауға бағытталған. Қабылданған құжатқа сәйкес, Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) қатысушы мемлекеттер ТМД елдеріне олардың халықаралық міндеттемелері шеңберінен кем емес қолайлы жағдайлар беруге міндеттеледі. Өз кезегінде, ДСҰ-ға кірмейтін мемлекеттер келісімге қол қойылған кезде олардың заңнамасына сәйкес шарттарды ұсынатын болады.

Келісімге Армения Республикасы, Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Ресей Федерациясы, Тәжікстан Республикасы және Өзбекстан Республикасы қатысты. Қазақстанның ТМД мемлекеттерімен қызметтерінің өзара саудасы 2024 жылы 4,3 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл ретте қазақстандық қызметтер экспорты 2,2 млрд долларға жетті, ал ТМД елдерінен импорт — 2,1 млрд. Өткен жылы ТМД мемлекеттерінен Қазақстан экономикасына инвестициялар көлемі 4 млрд долларды құрады, ал ТМД елдеріне қазақстандық инвестициялар — 0,6 млрд доллар болды.

Ратификацияланған келісім ДСҰ және ЕАЭО мүшесі болып табылмайтын Өзбекстанмен ынтымақтастықты кеңейту бойынша жеке маңызға ие болады. Құжатқа қол қою қазақстандық қызмет көрсетушілерге өзбек нарығына преференциялық қолжетімділікке кепілдік береді, сондай-ақ бизнесті жүргізудің бірыңғай ашық шарттарын жасайды. Сонымен бірге Ресеймен, Армениямен, Беларусьпен және Қырғызстанмен қызметтер саудасы ЕАЭО — ның бірыңғай кеңістігі шеңберінде, ал Тәжікстанмен-ДСҰ желісі бойынша міндеттемелер шеңберінде реттелуде.

Келісімді ратификациялау отандық бизнес үшін жаңа мүмкіндік ашады, қызметтер мен инвестициялар саласын дамыту үшін тұрақты құқықтық негіз жасайды, сондай-ақ Қазақстанның ТМД кеңістігіндегі интеграциялық байланыстарын күшейтеді.

Бөлісу