Мемлекет басшысы Ақтөбе облысының білім беру жүйесімен танысты

Қасым-Жомарт Тоқаев мектептің білім беру ісіндегі ерекшеліктерімен және оқушылардың зертханалық жұмыстарымен танысты, - деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Президентке бұл оқу ордасы «Ақтөбе облысының шағын жинақты ауыл мектептерінің әлеуетін цифрлық технологияларды қолдана отырып дамыту» пилоттық жобасына енгізілгені жөнінде ақпарат берілді. Қанатқақты жоба шағын жинақты мектептерде цифрлық технологияларды қолдану арқылы білім берудің сапасы мен оқытудың тиімділігін арттыруға бағытталған. Жоба аясында мұғалімдер қашықтан тәжірибе алмасады. Мемлекет басшысы аталған білім ошағындағы және басқа да ауыл мектептеріндегі оқушылардың ашық сабағына онлайн-режимде қатысты. Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев шалғай елді-мекендерде тұратын балалардың білім алуына қолайлы жағдай жасау үшін мектепке автобус сыйға тартты. Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев Хромтау жоғары тау-кен техникалық колледжіне де барды. Президентке бұл білім ошағы еліміздің батыс өңіріндегі тау-кен саласына мамандар даярлайтын жалғыз кәсіптік оқу орны екені баяндалды. Ақпарат үшін айта кетсек, 1979 жылы негізі қаланған колледжде 1157 студент кенші, ұңғылаушы, кен байытушы, слесарь, тау-кен электр механигі, электр монтері және басқа да мамандықтар бойынша білім алып жатыр. Оқу орнының директоры Бағдашжан Молдашева Мемлекет басшысына білім беру үдерісінде қолданылатын озық технологиялар жөнінде мәлімет берді. Атап айтқанда, колледжде теориялық білімді тәжірибемен ұштастыратын дуальды оқыту жүйесі енгізілген. Студенттер колледж аумағындағы оқу-шахта полигонында өндірістік тәжірибеден өтіп, техникамен жұмыс істеудің күрделі әдіс-тәсілдерін меңгереді. Сондай-ақ жаттықтырушы-симуляторлар арқылы шахтадағы жағдайға барынша ұқсас ортада жұмыс дағдыларын үйренеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев колледж жұмысымен танысқаннан соң студенттермен және түлектермен кездесті.

Әңгімелесу барысында Мемлекет басшысы дуальды оқыту жүйесінің аса қажет екенін жеткізіп, аталған колледждегі теория мен өндірісті ұштастыру арқылы жүргізіліп келе жатқан білім беру ісіне жоғары баға берді.

Президент тау-кен саласы ел экономикасының маңызды бөлігі екеніне тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, «Жұмысшы мамандықтары жылы» болып жарияланған 2025 жылы отандық өнеркәсіпті қолдауға баса назар аударылады.

Өңірдің білім саласы бойынша негізгі көрсеткіштерден республика бойынша алда тұрғанын айта кету керек. Жақында Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов, мектептердің 76 %-ы да ауылдық елді мекендерде орналасқанын атап өткен болатын. Біліктілігі жоғары мамандар аз, математика, физика, шет тілдері пәндерінен мамандар жетіспейді. Салдарынан – ауыл мен қала мектептерінің арасындағы білім беру, оқыту сапасында едәуір алшақтықтың бары байқалады деген еді. Осы мәселелерді жүйелі шешу үшін О. Бектенов Оқу-ағарту министрлігіне әкімдіктермен бірге, келесі жылдың соңына дейін Ақтөбе облысының тәжірибесі аясында кемінде 200 тірек мектеп желісін құруды міндеттеген еді.

Анықтама үшін айта кетсек, Ақтөбе облысында «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры тірек және шағын жинақты мектептерді жарақтандыруға қаржылай көмек көрсетсе, “Білім саласындағы тұрақты даму қоры” тұтас жобаның үйлестіруіне жауапты болды. Ал Назарбаев зияткерлік мектептері жобаға әдістемелік жағынан демеу көрсетті. Мұғалімдердің біліктілігін арттыру және заманауи ресурстармен жарақтандыру есебінен тірек мектептердің тәжірибелі мұғалімдері шағын жинақты мектептердің оқушыларына сабақ береді. 

Түйіндей айтсақ, Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында Үкіметке жүктеген міндеттерінің де маңызды бөлігі – осы білім саласын жаңғырту болатын. Осы мақсаттағы Ақтөбе облысы басшылығының білім беру саласын модернизациялаудағы стратегиялық шешімдері өз нәтижесін бере бастады. Бұл – жас ұрпаққа білім беріп ғана қоймай, қоғамды ағартушылыққа, адами құндылықты дәріптеуге жетелейтін негізгі құндылық болатыны сөзсіз.

 

Advertisement
Share Post