Ерлікке мың тағзым!

Сырбойылықтар Ж.Нүрсейтов, Н.Ильясовтың, басқа да батыр жерлестерін мақтан тұтады

Осыдан бірнеше жыл бұрын (рецензент жазушылар тарих ғылымдарының докторы, професор, Т.Д.Джураев, тарих ғылымдарының кандидаты Н.Н. Маслов) Н.Г. Березняктың (1984 ж. Ташкент, «Узбекистан» баспаханасы) «Герой Советского Союза Узбекистанцы» кітабын оқыдым. Жазушылар Б.Х.Боксер мен Н.Е.Тихомоловпен әдеби өңделген кітаппен Өзбекстан тарихы үшін бағалы деректер қамтылған. Аталмыш кітапқа өзбекстандықтармен қатар қазақстандық кеңес одағының батырларының енгізілгені мен үшін күтпеген жаңалық болды. 119 бетте Нағи Ильясовқа туралы батырларға қатысты орыс халқында қолданылатын «Мен онымен барлауға барар едім» деген қанатты сөздерімен басталып, төмендегі деректер берілген: "Н.Ильсов 1920 ж. Қызылорда облысы Қызыл Юлдуз қыстағында дүниеге келген, ұлты қазақ, Ташкен балалар үйінің тәрбиеленушісі, Ташкен педагогика училищесінің рабфакын аяқтаған соң мектеп мұғалімі болып қызмет істеген".Әскери атағы сержант, 152 атқыштар бригадасының барлау ротасының бөлімше командирі, Ш-дәрежелі «Даңқ» ордені мен «Ерлігі үшін» медалымен марапатталған. Әрмен қарай батырымыздың соғыс кезіндегі ерліктері көрсетілген. Кітаптың 231 бетінде екінші сырбойылық батырымыз Жаппасбай Нүрсейтовтің 1942 жылы Ташкен облысының Орта Шыршық ауданының әскери комиссиариатымен әскерге шақырылып, соғыс кезіндегі жасаған ерлігі баяндалған. Соғыстан кейін оның Киров совхозында (қай республика, облыс, ауданы атауы көрсетілмеген) жұмыс істегені көрсетілген.

            Википедия-ашық энциклопедияға сәйкес Н.Ильясов Қызылорда облысының Тереңөзек ауданының «Красная коммуна» колхозының № 8 ауылында туылған. Қазақстанда алғашқы болып ашылған Арыс балалар үйінде, кейін Ташкен балалар үйінде тәрбиеленіп, сонда орта мектепті, одан кейін педагогика училище рабфакын аяқтап, Жоғарғы Шыршық орта мектебінің бастауыш мұғалімі (1939-1940 ж.ж.), Қызылорда облысы, Тереңөзек ауданының Э.Тельман атындағы толық орта мектепте мұғалім болып қызмет атқарған. Н.Ильясовтың балалық, бозбалалық шағын Ташкентте өткізгеніне дау айта алмаймыз, ол туралы уақытында оның марқұм ұлы Ренат та маған әңгіме барысында айтқан болатын.

            Ал Қызылорданың Тереңөзегінде туып, сонда бастауыш мектепте оқып, әскерге алынған Ж.Нүрсейтов неліктен өзбекстандық батырлар қатарына қосылғандығы маған түсініксіз. Н.Г. Березняктың Ж.Нүрсейтовты негізсіз, дәлелсіз, құжатсыз Өзбекстанның Киров совхозында жұмыс істеді деуі ешбір қисынға келмейді. Ресми деректерге сәйкес Ж.Нүрсейтов 1923 жылы 9 мамырда Қазақ КСР-ның Қызылорда облысының Тереңөзек ауданындағы Құрайлы ұжшарында (Шіркейлі) туған. Қызыл Армия қатарына 1942 жылы шақырылып, әскери борышын 155 атқыштар дивизиясына қарасты 486 атқыштар полкы құрамында Ахтырка қаласы, Киев облысы мен Днепр өзенінен өту кезіндегі ерліктері, соғыстан кейін Киров совхозында жұмыс істегені көрсетілген. Википедия-ашық энциклопедияда оның Ташкен балалар үйінде тәрбиеленіп, педагогика училищесінде оқығандығы көрсетілмеген. Ғаламторда кеңес үкіметі кезінде Ж.Нүрсейтов дүниеге келді деген Киров атымен Ташкен облысы Чиназ ауданында колхоз, Чимкент облысында кейін Майлыошақ, Казыбек би, Ақбұлақ, Өргебас, Жібек жолы, Асық ата, Абай аталған бірнеше ауыл, колхоз болған. Ж.Нүрсейтовтің Өзбекстан немесе Шымкент облысында дүниеге келіп, онда тұрып, оқып, жұмыс істеп, әскерге алынғандығы туралы деректер жоқ.

            Олар туралы толық ақпарат жинау үшін кеңес одағының қазақстандық батырлары туралы (бас редакторы Қуанғанов Ф., бас ғылыми редакторы ТҒД-ы, профессор, С.Ф.Мажитов) "Герой Великой Победы", Аль-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетімен шығарылған "Герой-Казахстанцы 1937-2016" қысқа библиографиялық анықтама, құрастырушы запастағы полковник Қ. Жадықовтың "Қазақстандық Кеңес Одағының Батырлары: Энциклопедиялық жинақ", өзімнің жеке кітапхана қорында сақталған "Қызылордалық қаһармандар" (Қ.Көшербаев, С.Шаухаманов), «Өзбекстандағы қазақтардың тарихы және бүгінгі дамуы» атты ( Қ.Қобландин, Г.Меңдіқұлова) шығарылған кітаптарға, Википедия-ашық энциклопедия, ресейлік сайттар мен т.б. ғаламтор деректеріне жүгіндім.

           Тек ресейлік Федеральдық «Жить вечно» сайтының парақшасында Ж.Нүрсейтов әскерге 1942 жылы Ташкен облысының Орта-Шыршық АӘК-мен алынған деп көрсетілген. Батырымызға қатысты қалған кітаптар мен ғаламтор парақшаларында оның Қызылорда облысында туып, өсіп, соғысқа аттанып, кейін елге оралғандығы, Өзбекстанға ешқандай қатысы жоқ екендігі анық көрсетілген.

           Аталмыш кітапта басқа да бірнеше қазақстандық батырлар өзбекстандық батырлар қатарында көрсетілген. Қызылорда облысы Қазалы ауданында туған, ұлты қазақ, М.Балмағанбетов соғыстан кейін Нүкіс қаласында тұрған. Ұшқыш Б. Нүрпейсовтың ата-анасы Қарақалпақстанға Қазақстаннан көшіп барған. Оның ұлты қазақ, екені бізге 2015 ж. белгілі болды. "Қызылордалық қаһармандар" жинағында, басқа да кітаптарға оның есімі кіргізілмеген болатын. Википедия-ашық энциклопедияда ол Қарақалпақстанда (тағы бір деректерде Ақтөбе облысында) туған. Қызылорда қаласында тұратын туысқандарының айтуы бойынша ол Қызылорда облысы Қармақшы (Қазалы деп те айтылады) ауданында туған. Ағайындары Қызылорда облысынан 1930 жылдары діни қайраткер Ақмырза Төсұлы ишанның кеңес үкіметіне қарсы көтерілісінен кейін Қарақалпақстанға көшкен.

           Ал, түркістандық Р. Есетов пен қарақалпақстандық И.Наурызбаевтың ұлттары өзбек болып жазылып кеткені туралы кезінде БАҚ-тарда жарияланды.Есетов соғысқа алынатын жасы толмай Түркістан әскери комиссиариятына қайта-қайта барып жүргенде көршісі, комсомол нұсқаушысы құжаттарын реттеп, жасын ұлғайтып, соғысқа аттанған. Кейін анықталғандай, оның ұлты өзбек болып жазылып кеткен. Оның анасы және көршісі комсомол нұсқаушысының өзбек ұлтынан екенін жазылған мақаладан білдік. Сыртынан ұлты өзбек болып жазылған Иноят Наурызбаев өзінің ұлты қазақ екенін билік орындарын аралап жүріп, 90 жылдардың аяғында дәлелдеді. Википедия –ашық энциклопедияда оның ұлты өзбек болып, кейін қазақ деп өзгертілді. Қайсар мінезді батырымыз ұлтын өзгерту үшін ештеңеге қызықпай, ұсыныс қабылдай бұл өмірден өтті. Қос батырымыздың мекемелер есіктерін тоздырып, өзбектен қазақ болу жолындағы сергелдеңдері кезінде БАҚ-тарда жарияланды. Р.Есетов Қарқаралыдағы, И.Наурызбаев Ақтөбедегі ағайындарының артынан іздеп барып, танысып, араласып үлгірді.

           Кез келген ұлт атақты адамдарға таласатыны белгілі ғой. Даңқты командир, "Темір генерал" С.Рақымовтың ұлтына қатысты дау да көпшіліктің есінде. "Алғашқы қазақ" немесе "алғашқы өзбек" генералы аталуы үшін ҰОС-ның аяғында-ақ екі бауырлас халық арасындағы басталған талас кеңес үкіметі тарқап, егемендікке қол жеткізгеннен кейін республика ұлттық, партия элитасы мен интелегенциясы арасында қыза түсті. Википедия-ашық энциклопедеяға сәйкес болашақ батырымыз 8 жасқа келгенде әкесінен айрылып, қыйын балалық шағын Ташкенде жоқшылықпен өткізген. Тұрақты баспанасы болмай, әртүрлі жұмыстар істеген. Кеңес кезінде оның өмірбаянында, оқулықтар мен ресми құжаттарда батырымыздың туған жері Ташкен қаласы, ұлты өзбек болып саналды. Кейін оның Оңтүстік Қазақстанда туып, Ташкенге қыйын қыстау заманда барғаны, ұлты қазақ екендігі анықталды. Википедияда оның туған жері ретінде көрсетіліп келген Ташкен қаласы тұсына кейіннен Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданы, Көкібелі елді мекені деп өзгеріс енгізілді. Оның жұбайы Қ.Натуллаева мен ұлы Р. Рахимовтың, Ташкенде тұрған анасының ағалары Төлеген мен Азизмат Каримовтардың, немере апасы Л. Оспанкулованың айтуы бойынша оның ұлты қазақ, өзбек болып қате жазылған. Ташкенде нағашысы өзбек Рақымның қолында өскен, көршілері "қазақ Сабыр" атап кеткен болашақ генерал бір құжаттарда қазақ, тағы бір құжаттарда өзбек болып көрсетіліп келді.Өзбектер "өзбек", қазақтар "қазақ" деп атаған С. Рақымовтың бүгінде қазақ екендігіне ешкім шүба келтірмейді. Кейін көрші ағайын оны қазақ деп жариялауымызды үнсіз қабылдап, ешқандай ресми қарсылық ақпарат таратпады.

           Майданда өшпес ерлік істеп, денелері мәңгілікке ұрыс даласында қалған бірнеше азаматтар екі елмен де өз батырлары деп қатарында аталған. Олар бұрыңғы Шымкент облысының өзбектері Ирисбеков Қ., Рустемов Т. Садықов Б. Хусанов З., өзбекстандықтар, Қарақалпақстанда туып, Түрікменстаннан әскерге алынған Қалдықараев Ж., Ташкеннің Бостандық ауданында туған Қарақұлов Ж. янгиюлдік лейтенант Уразов И. андижандық Шакиров А., ақмолалық Нижурин Ф. Әрине олар қаза болғаннан кейін екі елдің батырлары атанатынын білген жоқ.

           Ал енді соғыстан кеудесіне "алтын жұлдыз" тағып, екі елдің батыры атанған азаматтарымызға тоқтасақ. «Ер жігіттің қадірін Ағайын білмес, жат білер» дейді дана қазақ. Олар ұлты өзбек алматылық Лутфуллин С. жамбылдық Фаязов М., павлодарлық Ильин С., Бостандық ауданының тумасы (1956 ж. Өзбекстан құрамына берілген) тәжік Хакимов А. соғыстан кейін өзбек еліне қоныс аударған.

           Талай қазақ баласы оқыған, Алаштың бірнеше ұлдары қызмет істеген, мамыражай, жеміс-жидектің барлық түрі өсетін, арзан, "нанды қала", Ташкен кеңес одағының батырларын да қызықтырып келді. Қызылорданың Қазалысында туып, жұмыс істеген Ташкен жаяу әскер училищесінің түлегі, полковник Шляпин Г., соғысқа дейін Ташкен мұғалімдер институтын аяқтаған түркістандық өзбек Юлдашев Ф. соғыстан кейін өзбек астанасына қоныс аударды.

           "Ер туған жеріне" дейді қазақ мақалы. Соғыстан кейін жизақтық қазақ Қауымбаев Т. Алматы Заңгерлер мектебін аяқтағаннан кейін сонда қызмет істеп, кейін Шымкентке, Ақтөбе облысының тумасы, ұлты молдаван Гринько И.У.Ташкенде тұрып, кейін Оралға, Самарқаннан әскерге алынған өскемендік Шарабарин Н.А. туып, өскен жеріне оралды. Өзбекстан деректері соғыстан кейін Қарақалпақсанға қоныс аударды деген атыраулық Махорин И.Ф. кейін соғыстан кейін Қызылордада еңбек етті.Қазақстандықтар, Алматы облысының ұзын-ағаштық ұйғыр Д.Бабажанов пен сайрамдық өзбек З.Хусанов соғыстан кейін Қазақстанға оралған. Өзбекстан сайты олардың екеуін де өзбек санап, З.Хусановты Ташкенде өскен деп есептейді. Оңтүстік Қазақстанда туған А.Алимбетов (өзбек деректерінде Бостандық ауданының Хумсан қышлағында туған) соғыстан кейін Қызылорда, Талдықорған, Гурьев облыстарында ДОСААФ комитетінің төрағасы лауазымын атқарған. Қазақстанда Мақтарал ауданының Асықата кентінде туып өскен ұлты қазақ Тасқұлов Қ.соғыстан кейін Ташкенге қоныс аударған. Өзбек деректерінде ол Бостандық ауданының Ақсақ ата ауылында туған. Асық ата бұрыңғы Киров, қазіргі Жетісай (кезінде Өзбекстан қараған шығар) ауданына қарайтын ауыл. Шыршықтан әскерге алынған ақтөбелік Пятковский И.М. Киевке, Бегаваттан әскерге шақыртылған көкшетаулық Ильин С. П., жамбылдық өзбек Фаязов М. Г. екі елде қызмет атқарған семейлік Новиков В. К. соғыстан кейін Өзбекстанға қоныс аударды.

           Сонымен қатар, Қазақстанда немесе қазақ этносы мекен еткен елді мекендерге туып, өсіп, кейін әртүрлі жағдайларға байланысты көрші республикаларға қоныс аударған екі елдің батыры атанған жерлестерімізбен мақтануға болады.Олардың қатарында орынборлықтар Н.Авдеев (Семей облысында туған) пен қандасымыз Ұ.Ақбауов қазақстандық-ресейлік батырлар тізіміне енгізілсе, Ресейде туып, кейін Қазақстанға қоныс аударып, Өзбекстаннан соғысқа аттанған татар жігіті Р.Ахмиров үш елдің батыры болып саналады. Кітапханалардағы көптеген кітаптар мен ғаламторды ақтару нәтижесінде анықталған Ташкеннің Янгюлінде туып, өсіп, сол жерден әскерге аттанған Чариков М.П., Қарақалпақстанда оқып, қызмет етіп, Төрткөл АӘК-мен әскерге алынған украиндық капитан Чепурин Ф. Ф., ресейлік Симанов А.М., қарақалпақ ұлтының өкілі Абдуллаев О., бұрын Қазақстан құрамында болған кезде Бостандық ауданының Брич-Мулла қышлағында дүниеге келген, ұлты тәжік Хакимов Ә. қазақстандық кеңес одағының батырлары қатарына енгізілуі қажет.

           Тарихи деректерге көз салсақ 615 (2015 ж. есеп бойынша) қазақстандықтарға (оның 109-ы қазақ ұлтының өкілдері, кеңес кезінде 96 болатын) кеңес одағының батыры атағы берілген. Википедия-ашық энциклопедеяға сәйкес өзбекстандықтар мен өзбек халқы арасынан да жеткілікті батырлар шыққанын жақсы білеміз. ҰОС кезінде 280 өзбекстандыққа (қазір 301, оның 69-ы өзбектер) "кеңес одағының батыры" атағы берілген. Майда сөйлеп, жылдам бауырласып кететін, не нәрсені болса да өзіне сіңіріп, ие болудың шебері өзбек халқының қасиеттері белгілі ғой. Өз елінің батырлар санын көбейту бағытында да олар осы қырларынан көрініп жүр.

           Қазақстандық кеңес одағының батырлары туралы зерттегенде бұрын Қазақ КСР аумақтық бөліністеріне кірген қазақ елімен тікелей тарихи байланысы бар жерлерден шыққан батырларды ұмытпауымыз керек.Бұл ретте кейін Өзбекстан құрамына берілген аудандар, Қарақалпақстан автономиялық республикасының (Қазақстан құрамында болған 1920-30 жылдары), бұрын Орынбордың Қазақстан астанасы болған кезінде туып, өсіп, қызмет істеп, кейін майданда атанған азаматтар да Қазақстандық батырлар қатарын толықтыруы тиіс.Қазақстанда туып өскен бірнеше өзбек ұлтты азаматтардың ата-бабаларының тарихи отанына көшуін Өзбекстан КСР басшыларының батырлар санын көбейту үшін оларға жеңілдіктер қарастырып, тұрмыстарын түзеу үшін арнайы шақыртулар ұйымдастыру нәтижесі болар.Қазақстан билігі кезінде өзбекстандықтардай елден тыс жерде тұрған қазақ батырларын елге шақырғандығы туралы деректер кездестірген жоқпын.

           Батырлар туралы зерттеу барысында өзбек батырлары арасында түрі қазаққа келетін ұлты көрсетілмеген бірнеше азиат тектес азаматтардың тегін кездестірдім.Бұл да қосымша зерттеуді қажет ететін мәселе.


Хұсайын Асанұлы Қоразбаев

Заңгер-журналист.Запастағы Полиция

полковнигі. Ақпарат саласының үздігі.


Бөлісу