Біз бар ақшамызды ЭКСПО, ЛРТ сияқты болмайтын жобаларға миллиардтап тұрып шашып, оның өзін «жеп» құртып (аяқсыз қалдырып) жатқанымызда, Өзбекстан лидер болуға шақ қалды. Қазір олар Мазари-Шариф – Кабул – Пешавар бағытында теміржол салуға кірісіпті. Бір қаласынан бір қаласына жүйіткіп жатқан жаңа пойыздарын айтпай-ақ қояйық. Өзбектер ол жолмен Пәкістанға шығып, одан ары Үнді мұхитындағы сауда порттарына табар тасуға мүмкіндік алғалы отыр. Ресей, АҚШ пен Қытай жағы жобаны қолдауға әлден дайын екендерін айтыпты. Орталық Азиядағы елдерді Оңтүстік Азияның нарығына алып шығатын ең төте жол – осы жол. Оңтүстік Азиядағы елдер де Орталық Азияға, ТМД елдері мен Европаға жүк тасуға кететін уақытты осы арқылы едәуір қысқартады. Бұл жоба толығымен біткенде, Пәкістаннан Өзбекстанға дейін 35 күн жүріп әрең жететін табарды 3-5 күнде әкелуге болады екен. Бұл дегенің табардың құнына да әсер етіп, табардың бағасы да арзандайды деген сөз. Осы жолдың бойынан «Сурхан – Пули-Хумри» және CASA-1000 деп аталатын жоғары вольтты желілер де салынбақшы. Бұл электр желісі Өзбекстаннан Ауғанстанға тасымалдайтын электр қуатын 70 пайызға дейін көбейтуге мүмкіндік береді. 150 млн доллар деп бағаланып отырған жобаның 118 миллионын ауғандар қаржыландырып, «Мазари-Шариф-Кабул-Пешавар» теміржолын олар 5-6 жылда салып бітіргелі отыр. Сөйтіп, 573 шақырым болатын магистраль салып, онымен жыл сайын 20 млн тонна жүк тасымақшы. Өзбекстан бір жағынан ауған мәселесін де тып-тыныш шешіп, көршілерін бейбіт өмірге қарай бейімдеп жатыр.
Фото ашық дереккөздерден