Ұстаз үні – қоғам назарында

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауындағы ұрпақ тәрбиелеу ісі мен педагог мамандарға бағытталған негізгі месседждеріне мұғалімдер үн қосты.

Президент осы жолы да педагог әлеуеті, ұстаз мәртебесінің әрқашан назарда болатынын жеткізді. Жолдаудағы "Ұстаздар – ұлттың зияткерлік қуаты. Олар білімді ұрпақ тәрбиелеу арқылы еліміздің өркендеуіне жол ашады. Үздік оқу бағдарламасы, заманауи мектептер, озық басқару жүйесі болса да, ұстаз білікті болмаса, оның бәрі бекер екені анық. Сондықтан педагогикалық жоғары оқу орындарына талапты, қабілетті жастарды қабылдауға баса мән беру керек", - деген жолдары өзіме ерекше қуат береді. Неге десеңіз? Кез келген елдің болашағының жарқын болуы ұстаздар қауымының адами құндылықтарды жоғары қойып, өзі ісіне адалдық танытуымен байланысты. Осы жағынан біздің еліміздің әлі жарқын белестері мен кемел келешегі алда. Шүкір, замануи мектептер, озық басқару жүйесі, тіпті, қабілетті жастар арамызда жетіп-артылады. Қазір трендке айналған «Жайлы мектеп» бағдарламасының да ел игілігін көре бастады. 

Қазір білім саласындағы күн тәртібінде тұрған мәселелердің бірі – сапалы білім беру екені белгілі. Бұл әрине мемлекеттің қолдауынсыз іске асуы мүмкін емес шаруа. Мысалы, өзім қызмет ететін – «Томирис» медициналық колледжінің де білім мен тәрбиеге қатысты өз ұстанымы, нақты стратегиясы бар. Соның арқасында, біздің ұжымның абыройы биік, ұстанымы мықты болып отыр. Ұстаз бен студент арасында тығыз байланыс бар. Ата-анамен мықты қатынас орнаған. Осы тұста айта кететін жәйт, қазіргі білім жүйесінде алдағы уақытта қандай мамандықтарға сұраныс артуы мүмкін деген сұрақты күн тәртібіне шығару керек. Реті келсе, алдын ала мониторинг жасаған абзал. Егер осындай зерттеулер болса, қоғамға артық маман дайындау тәуекелдерін жоя аламыз. Маман дайындаудың нақты әлемдік өркениетті моделдері бар. Соларды біздің білім саласына да енгізу керек деп ойлаймын. Мысалы, 2000 жылдардың басында экономикалық және заңгерлік бағыттар ерекше сұраныста болды. Колледж бен жоғары оқу орындарына түсу үшін жоғарыдағы мамандықтар үшін бір орынға 50-100 талапкерден келіп отырды. Бұл қазіргі кей мамандардың жұмыссыз қалып, қоғамда өз орнын таба алмауына жол ашып отыр. Өкінішке орай осылай. Ал, соңғы уақыттары медициналық мамандар даярлайтын оқу орындарына сұраныс артып отырғаны жасырын емес. Осы тұрғыда, біздерге де зор жауапкершілік пен мол міндет жүктеледі. Біздің дәл осы сәттегі міндетіміз – сапалы білім беріп, мазмұнды тәрбие жұмыстарын жүргізу болып отыр. Колледжімізде осы бағыттағы жұмыстар жүйелі атқарылып келеді. 

Түйіндей айтсақ, Мемлекет басшысының осы жолғы жолдауы педагог қауымның көкейінде жүрген негізгі сұрақтарға жауап бергені анық. Ендігі мақсат, қолда бар мүмкіндікті пайдалана отырып, биік шыңдарды бағындыру. Ұстаздар үшін – биік шың – бұл сапалы білім мен саналы тәрбие екені даусыз. 

Гульмира Баймаханқызы, "Томирис" медициналық колледжінің оқытушысы


Advertisement
Share Post