Биылғы бәсекеде де біздің шахматшылар айрықша жеңісімен көзге түсті. Атап айтар болсақ, 10 жасқа дейінгі жас санатында Аланна Берікқызы әлем чемпионы атанды. Ол 11 турдан кейін 9,5 балл жинады. Барлығы бұл санатта әлемнің үздік 100 шахматшысы бақ сынасты. Еске сала кетейік, Аланна былтыр Грекияның Родос қаласында 9 жасқа дейінгі санатта классикалық шахматтан әлем чемпионы атанған. Осы жолы ол дүниежүзі бәсекесіндегі алтын санын екеуге жеткізді. Ұлдар арасында (U12) Марк Смирнов ең көп ұпай жинап, бас жүлдеге қол жеткізді. Оның еншісінде 11 турдан кейін 10 ұпай.
Тағы бір отандасымыз Ханзада Аманжол 12 жасқа дейінгі санатта күміс жүлдегер атанды (қосымша көрсеткіш бойынша әлем чемпионатында екінші орынды иеленді). Бұл санатта 93 шахматшы қатысты. Айта кетейік, Апенин түбегіндегі чемпионатқа 77 елден 710 ойыншы жиналды.
Жалпы командалық есепте Қазақстан командасы 2 алтын, 1 күміс жүлденің арқасында 1-орын алды. Қытай шахматшылары 2-ші (2 алтын, 1 қола) сатыға тұрақтаса, үздік үштікті Үндістан 1 алтын, 1 қола медальмен түйіндеді.