Қазақстан мен Италия арасындағы Supply Chain Forum өтті

Іс-шараға қос елдің мемлекеттік органдары, бизнес пен өнеркәсіп өкілдері қатысты. Форумның негізгі спикерлерінің бірі - Қазақстан Республикасы Энергетика вице-министрі Бақытжан Ильяс болды

Өз сөзінде ол Қазақстанның 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізуге ұмтылысын атап өтіп, жаңартылатын энергия көздерін дамыту, метан шығарындыларын азайту және дәстүрлі энергетиканы жаңғырту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады. Қазақстан 2035 жылға дейін 26 ГВт жаңа қуат көздерін іске қосуды жоспарлап отыр, оның төрттен бірі жаңартылатын көздер есебінен болмақ.

Форумда мұнай-газ саласы мен мұнай-химия кластерін кеңейтуге де ерекше назар аударылды. Бұл бағытта халықаралық компаниялардың қатысуымен ірі жобалар жүзеге асырылуда. Қазақстан өндірісті жергіліктендіруді белсенді ілгерілетуде – қазірдің өзінде италиялық PetrolValves компаниясын қоса алғанда, әлемдік жетекші компаниялармен бірлескен жобалар іске қосылған.

Қазақстан Үкіметі инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасауда – салықтық жеңілдіктер, «бір терезе» және «жасыл дәліз» механизмдері қарастырылған.

Италия – Қазақстан үшін технологиялық әрі инвестициялық маңызды серіктес. Энергетика саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуда бұл елдің әлеуеті зор.

Форум Қазақстанда бірлескен жобаларды жүзеге асыруға италиялық бизнесті тартуға және екіжақты ынтымақтастықты тереңдетуге маңызды алаңға айналды.


Бөлісу
Ілмектер