Қызылорда облысы полиция департаменті Қазалы ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері №249 Е. Бозғұлов атындағы мектеп-лицейі жанынан құрылған "Жас сақшы" сыныбының оқушыларымен арнайы кездесу өткізді. "Жас сақшы" сыныбының басты мақсаты – жас ұрпақтың бойына тәртіп пен жауапкершілік қасиеттерін сіңіріп, құқықтық сауаттылығын арттырумен қатар Отанға деген сүйіспеншілігін қалыптастыру. Тағылымды шара барысында тәртіп сақшылары жасөспірімдермен еркін пікір алмасып, құқық қорғау саласының қыр-сырымен бөлісті. Оқушыларға қоғамдық тәртіпті сақтау, заң талаптарын құрметтеу, құқық бұзушылықтың алдын алу және қауіпсіздік ережелерін қатаң ұстанудың маңызы жан-жақты айтылды. Сонымен қатар іс-шара аясында оқушыларға "Адал азамат – зерделі ұлт қалыптасуының негізі" тақырыбында сабақ өткізіліп, адалдық, жауапкершілік, тәртіп пен азаматтық ұстанымның маңызы кеңінен сөз болды. Жасөспірімдерге ел болашағының берік іргетасы – білімді, саналы әрі адал ұрпақ екені айтылып, әр азаматтың қоғам алдындағы жауапкершілігі түсіндірілді. Оқушылар полиция қызметкерлеріне өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, мамандықтың ерекшеліктері туралы кеңінен мағлұмат алды. Осындай тағылымды кездесулер өскелең ұрпақтың құқықтық мәдениетін қалыптастырып қана қоймай, олардың болашақ мамандығына деген қызығушылығын арттыруға да ықпал етеді.
Ақпарат көзі Polisia.kz сайтында: https://polisia.kz/qyzylordada-politsejler-zhas-saqshy-synybynyng-oqushylarymen-taghylymdy-kezdesu-otkizdi/



