Қазақ өнерінің тарихында халық жадында ән болып сақталған тағдырлы шығармалар аз емес. Солардың бірі – Естайдың «Құсни-Қорланы». Бұл – орындалмай қалған махаббаттың, қол жетпеген арманның, жүректе мәңгілікке таңбаланған сезімнің әні. Естай Беркімбайұлының Қорланға деген махаббаты уақыт өткен сайын ән арқылы жаңғырып, ұрпақтан-ұрпаққа жетіп келеді. Кешелері ғана «Алатау» дәстүрлі өнер театрының сахнасында «Қорлан» қойылымының премьерасы болып өтті.
Амангелді Мұқан, өнертану кандидаты, доцент, театр сыншысы:
– «Қорлан» қойылымының премьерасы жаңаша үлгіде сахналанды. Спектакль авторы Сержан Закерұлы мен режиссері Арухан Темірбекқызының қолтаңбалары арқылы дүниеге келген жаңа қойылым көрерменге ұлтымыздың сырлы сезімін, әнмен өрілген махаббатын және қыз тағдырының күрделі иірімдерін өзінше ұсынды.
«Қорлан» – тарихқа көз жүгірте отырып, бүгінгі көрерменге де ой тастайтын спектакль. Оның өз көрерменін табуы да осы өзектілігімен байланысты. Өйткені махаббат пен тағдыр, сезім мен жауапкершілік, дәстүр мен таңдау арасындағы тартыс – қай дәуірде де адам баласын толғандыратын мәңгілік тақырып. Осы бір тағдырлы сүйіспеншілік хикаясын сахна тіліне көшірген «Қорлан» спектаклі ұлттық тарихымызға, мәдениетімізге және қазақ қызының болмысына қайта үңілуге мүмкіндік берді. Қойылымның өзегінде жеке адамның сезімі мен дәстүр талабының арасындағы тартыс жатыр. Қорланның тағдыры арқылы қазақ қоғамындағы қыз баланың тәрбиесі, отбасы алдындағы жауапкершілігі, жеке басының бақыты мен елдік ұстанымның арақатынасы көрінді. Мұндағы Қорлан бейнесінің басты ерекшелігі де осында. Оның жан дүниесінде арпалыс, алай-дүлей сезім болғанымен, ол дәстүрден аттамайды. Бақыты мен сезімін құрбан ету арқылы өшпейтін із қалдырды. Бір қарағанда, бұл – орындалмаған арманның трагедиясы. Ал екінші жағынан, қазақ қызына тән тәрбиенің, сабырдың, жауапкершіліктің көрінісі.
– Әбеке, Қорланның жеке басының бақыты мен ел, әулет алдындағы жауапкершілігі арасындағы таңдауы қойылымда қаншалықты нанымды ашылды деп ойлайсыз?
– Қойылымда Қорланның тағдыры арқылы қазақы тәрбие мен ұлттық болмыс айқын көрінеді. Бұл ретте Абайдың бозбала кезінде ғашық бола тұра, әкесі Құнанбайдың «екі ел ортасына от саласың, ата арасы бүлінейін деп тұр, байқа!» деген ескертуін қаперге алады. Мына қойылымда да Абай мен Қорлан тағдырларының арасындағыдай өзіндік үндестік бар. Абайдың сезімге беріліп, екі елдің, екі атаның арасына сызат түсірмеуді ойлауы қазақы тәрбиенің, қоғамдық жауапкершіліктің көрінісі. Қорланның таңдауы да осы ұстаныммен сабақтасып жатыр.
– Спектакльдің драматургиялық және музыкалық шешімдеріне қандай баға берер едіңіз? Қойылымда кейіпкерлердің ішкі сезімі мен оқиғаның негізгі өзегін музыка, сахналық қозғалыс және пластика арқылы көрерменге жеткізе алды ма?
– Аз ғана уақыттың ішінде әдемі, жақсы қойылған деген ойдамыз. Мұны пластикалық, драматургиялық жағынан да, музыкалық жағынан да мұқият ойластырылған спектакль деп білемін. Жалпы, қойылым материалды аша алды. Костюмдік стильдер спектакльдің көркемдік әлемін ашуға қызмет етеді. Осы орайда жеңгелерінің шалбармен жүруі, костюмердің идеясы, сонымен қатар Қорланның киімі еркекшора болып өскенін көрсету мақсатында ұлттық киімдерді заманауи стилизациялағаны алғашқыда тосындау көрінгенімен, кейінірек кейіпкердің мінезін ашатын өзіндік шешім ретінде қабылданды. Құснидың қазасын бейнелейтін көрініс те өте әсерлі шықты. «Қорланды» бүгінгі заманауи сахнаға лайықталған спектакль деп бағалаймын.
– Ендігі сауалды Бибігүл Орынбасарға – «Алатау» дәстүрлі өнер театрының актрисасы, «Қорлан» премьерасындағы Қорланға қойсақ. Бибігүл, Қорлан бейнесі сізге қаншалықты жақын болды?
Бибігүл Орынбасар, актриса:
– Қойылымға келген сәттен-ақ Қорланның болмысынан өзіме таныс мінездерді байқадым. Оның еркекшоралығы, өзін еркін ұстауы, еркелігі өз табиғатыма өте жақын екен. Өйткені мен – үйдің кенже қызымын. Менен кейін екі інім бар. Бала күнімнен соларға еріп, ұл балаға тән киім киіп, солармен бірге ойнап өстім. Әкем де мені «қораз қызым» деп атайтын. Сондықтан Қорланның осы болмысы маған ерекше әсер етті. Рөлге дайындық кезінде тарих беттеріне үңіліп, Қорланның өмірі мен мінезіне қатысты деректерді зерделедім. Тарихи деректерде Қорлан жасыл көзді, қараторы, аңшылықты ұнататын, ойын еркін жеткізе білетін қыз ретінде сипатталады. Алайда Естайға шын жүрегімен ғашық болғанымен, сол дәуірдің салты мен әлеуметтік тәртібіне мойынсұнуға мәжбүр болады. Сүйгенінен айырылып, атастырылған адамына тұрмысқа шығады. Қорланның мінезін зерттеу барысында аса қиындық сезінбедім. Себебі, оның бойындағы еркіндікке ұмтылыс, еркелігі мен қайсарлығы маған жақын болды. Дегенмен, кейіпкердің ішкі жан дүниесін сахнада жеткізу оңай емес. Қойылымды дайындау барысында Қорланның көптеген сөздері қысқартылды. Өйткені бастапқы нұсқада қыз тағдыры, әйел теңсіздігі, махаббат тақырыптары сөз арқылы тым көп қамтылған еді. Біз кейбір тұстарды ықшамдап, негізгі ойды сахналық әрекет пен кейіпкердің сезімі арқылы жеткізуге тырыстық. Соған қарамастан қойылымда салмағы ауыр, ойлантатын өзекті мәселелер қозғалады.
– Кейіпкер сезімін жан-жүрегіңізден өткізуге тура келген болар?
– Әрине, актер үшін кейіпкердің сезімін сырттай көрсету жеткіліксіз. Оның ішкі жан дүниесін түсініп, басынан кешкен сезімін жіті түйсіну қажет. Қорланның сүйгенінен айырылғандағы жан күйзелісін, сезімі мен тағдырының арасында қалған сәттерін барынша мүмкіндігінше терең сезініп, көрерменге беруге тырыстым. Естай ақын: «Бірі апа, бірі сіңлі Құсни, Қорлан, екеуі туған екен бір анадан. Бұрынғы гүлжазира қыздарындай, дүниеге енді келмес ондай бағлан» – деп аһ ұрмай ма! Ұстазымыз Тұңғышбай Жаманқұлов бізге кейіпкер болмысын мейлінше терең түсінуімізге баулыды. Қорланның ішкі арпалысын, махаббатын, тағдырға мойынсұнған күйін көрерменге шынайы жеткізуді назарда ұстадым. Кейіпкердің жан әлеміне бойлаған сайын оның әр әрекетінің мәні де айқындала түсті. «Алатау» өнер театрына келмес бұрын Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрында екі жылдай жұмыс істедім. Онда «Қаракөз», «Танакөз», «Ақтоқты», «Тоғжан» рөлдерін сомдадым. Мұнда келген соң, «Темір тас», «Ләйлім шырақ», «Айман-Шолпанда» Шолпанды ойнадым. Әр рөл жүрегіңде әртүрлі орын алады деген сөзді түсінбейтінмін. Расымен де әр рөлдің орны ерекше екен. Барлық рөлге өзіңді қойып көресің. Сонда ғана шынайы кейіпкердің бейнесі туады.
– Рөлді сомдағаннан кейін Қорланға деген көзқарасыңыз өзгерді ме?
– Өзгерді. Қорлан бастапқыда ерке, еркекшора, еркін мінезді қыз ретінде көрінеді. Ал спектакль соңына қарай өмірдің түрлі сынағынан өтіп, сабырлы, ақылды, сөзге тоқтайтын парасатты әйелге айналады. Ол тағдырын қабылдап, өмірдің жүктеген жауапкершілігін мойнына алады. Сүйгенінен айырылу, арманынан бас тарту секілді ауыр сынақтар оның мінезін шыңдай түседі.
– Қойылым біткеннен кейін де көз жасыңызға ерік бердіңіз. Неге өйттіңіз? Рөлден шыға алмадыңыз ба?
– Иә, қойылым аяқталған соң грим бөлмеме жеткенше көз жасымды тоқтата алмадым. Көп адам келіп, жұбатуға тырысқанымен, өзімді бірден қолға ала алмадым. Өйткені қойылымның эмоциялық салмағы ауыр болды. Спектакльдің басы жастардың әзіл-қалжыңы мен жеңіл көңіл-күймен басталғанымен, оқиға өрбіген сайын оның салмағы арта түсті. Әсіресе, Құснидың қазасы мен Қорланның өз тағдырын қабылдауы маған қатты әсер етті. Адамнан айырылу – өте ауыр жағдай. Сол себептен болар, біраз уақытқа дейін көз жасымды тыя алмадым.
– Егер сол заманда өмір сүрсеңіз, өзіңіз дәстүр жолы үшін сүйген адамыңыздан бас тартар ма едіңіз?
– Маған ең ауыр болған тақырып та осы. «Мен не істер едім?!» деген сұрақ қатты толғантты. Мүмкін, Қаракөздің тағдырындай қашып кетер ме едім. Сүйгенімнен бас тартпас едім деп ойлаймын.
Қорланның атастырылған жары Нұрмұхамед Естай мен Қорлан арасындағы сезімнің барын білсе де, оған бола үлкен дау шығарып, ашуға бой алдырмай, сол заманның салт-дәстүрімен Қорланға құда түсіп, жар етіп алады. Келесі сұрақты Нұрмұхамед Әйіпұлының рөлін сомдаған «Алатау» дәстүрлі өнер театрының артисі Данияр Тілеуге бағыттағымыз келеді.
– Данияр, өз адамына өзге серінің ән арнауына келісім беру – екінің бірінің қолынан келмейтін қадам. Нұрмұхамедтің бұл шешіміне не айтасыз, қалай қабылдадыңыз?
Данияр Тілеу, актер:
– Нұрмұхамед – жағымсыз кейіпкер емес, мәрттік танытқан Алаш жанашыры. Ол Алашорда қайраткерлеріне қолдау көрсеткен, бақуатты әулеттен шыққан және өз дәулетін ұлт игілігіне жұмсай білген азамат. Сахналық туындыны талдау барысында оның тұлғалық болмысын тереңірек таныдым. Менің жеке пайымдауымша, Нұрмұхамед Естайға рұқсат бермеген күннің өзінде, ақын Қорланға бәрібір ән арнайтыны хақ еді. Сол себепті, Нұрмұхамедтің тарапынан бұл үлкен көрегендік, әрі оңтайлы қадам болды деп есептеймін. Ол өзінің келісімі арқылы бұл тарихи оқиғада азаматтық атын қалдырғысы келген шығар. Мұндай батыл шешім қабылдау екінің бірінің қолынан келе бермейді. Кез келген ер азамат үшін өзінің сүйікті жарына, өз адамына өзге біреудің ән арнап шырқағанын көру сөзбен айтып жеткізе алмайтын ауыр сәт. Мұндай қадамға бару үшін үлкен жігіттік, мәрттік пен ішкі кеңдік керек. Премьера күні бұл оқиға мен ән маған бұрын-соңды болмаған ерекше әсер сыйлады.
– Қойылым желісі бойынша, Естай мен Қорланның арасындағы сезім туралы хабар Нұрмұхамедке қалай жетті? Бұл құпияның бетін ашқан кім еді?
– Қорланның жеңгесі Бағила. Одан хабар жеткен сәтте, Нұрмұхамедтің күш көрсетуге де, үлкен шу шығаруға да қауқары жететін еді. Алайда ол сезімге бой алдырмай, ашуын ақылға жеңдірді және ер азаматқа тән парасаттылықпен өз абыройын сақтады.
– Кез келген актер басты рөлді сомдауды армандайтыны жасырын емес. Сізде Естай бейнесін алып шықсам деген шығармашылық амбиция болды ма?
– Естайдың рөліне келер болсақ, режиссер маған таңдау берген күннің өзінде мен оны сомдаудан бас тартар едім. Себебі, Естай домбыраның құлағында ойнаған таза сал-сері, тума әнші. Мен ол әнді Естайдың деңгейінде жоғары шеберлікпен шырқай алмас едім. «Аяз би әліңді біл, құмырсқа жолыңды біл» дегендей, мүмкіндігімнің шамасын білгендіктен, бұл рөлге қызығушылық танытпадым. Мен үшін өзіме сеніп тапсырылған кейіпкердің ішкі шындығын ашу әлдеқайда маңызды болды. Біз бұл ғажайып махаббат пен тектілік хикаясын көрерменге қолымыздан келгенше бере алдық деген ойдамын.
***
Естай мен Қорланның арасындағы махаббат – бір дәуірдің ғана емес, адамзатқа ортақ сезімнің көрінісі.
Сүйгеніне қосыла алмаған Қорланның тағдыры мен Естайдың жүрегінде қалған мұң уақыт өте келе ұмытылған жоқ. Керісінше, ақынның жан тебіренісінен туған ән бұл хикаяны халық жадында мәңгілікке қалдырды. «Алатау» дәстүрлі өнер театры «Қорлан» премьерасын сахналай отырып, халқымыздың тарихына, соның ішінде мәдениетімізге тағы бір көз жүгіртті дер едік.
Ақбота БАХТИЯРОВА
Алматы



