– Мейрамбек Жалғасбекұлы, балық шаруашылығы мамандығыңыз ба, əлде атадан қалған отбасылық сүйікті іс пе?
– Балық шаруашылығы мамандығын 2008 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде бітірдім. Кейін, 2011 жылы «Балық шаруашылығы» мамандығы бойынша магистратураны, ал 2019 жылы білімімді әрі қарай жалғастырып, PhD тәмамдадым. Сондай-ақ шетелде, яғни Чехияда тағылымдамадан (тәжірибе) өттім.
Менің балық өсіру мамандығыма сүйіспеншілігімді оятқан – менің атам. Жалпы балық деген дүниені өзімнен бөліп қарай алмаймын. Ол мамандыққа жүрегіммен, жан-тәніммен берілгенмін.
– Балық шаруашылығын қашан бастадыңыз, қанша уақыттан бері айналысып келесіз?
– Қазақстанда балық ресурсы өте көп. Елдің экономикалық дамуында балық шаруашылығының алар орны ерекше. 2008 жылы оқуымды тәмамдаған соң мамандығым бойынша балық шаруашылығы саласында ұзақ жылдар бойы қызмет етіп келемін.
Соңғы үш жылданде осы саладағы жеке кәсіп ретінде жұмысымды жалғастырып келемін. Қазақстандағы ең үлкен шаруашылықтың бірі саналатын Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында орналасқан балық өсіру компаниясы директорының орынбасары және бас технолог қызметін атқарып жүрмін.
– Балықтардың қандай түрлері бар, олардың саны қанша?
– Жалпы, Қазақстанда 130-ға жуық балық түрі тараған. Бірақ бассейнге байланысты әр аймақта балық түрлері сан алуан. Біздің жеке компаниямызда өсірілетін балықтың түріне келсек, мұнда бағалы балықтар өсіріледі. Бірінші кезекте бекіре тұқымдас балықтары. Оның бес түрі бар және олар гибридті формалар. Таза түрлерден орыс бекіресі, Сібір бекіресі. Сүйрік гибридті формаларға орыс бекіресі мен Сібір бекіресінің буданы, яғни ролекті атауға болады. Сондай-ақ қортпа (белуга) мен сүйріктің буданы «бестер» деп аталады. Екі гибридті форма.
2022 жылдан бері үлкен жобаның бастамасы ретінде жойылып бара жатқан балық түрін қайта қалпына келтіру және жандандыру мақсатында Қазақстанның Қызыл кітабына енген, Сыр өңірінің – Арал бекіресін өсіріп жатырмыз. Ол үшін Үкіметтен арнайы қаулы шығартып, рұқсат алдық.
– Балықтарды және олардың жемін қайдан аласыз?
– Балықтарды ешқайдан сатып алмаймыз, қайта басқа шаруашылықтарға сатамыз. Бірінші кезекте елімізге, сосын көршілес Қырғызстан мен Өзбекстанға тірі күйінде экспорттаймыз. Көп жағдайда балық отырғызу материалы (рыбопосадочные материалы), яғни шабақтарды сатамыз. Бізден сатып алған ірілі-ұсақты шаруашылықтар оны әрі қарай тауарды балыққа дейін өсіреді. Оларды шығару үшін бүкіл аналық балықтардың үйірі, ересек аналықтар шаруашылығымызда тіршілік етеді. Бұл – артықшылығымыз.
Форель балықтарға еуропалық балықтың жемін сатып аламыз, импорттаймыз. Себебі, елімізде оларға сәйкес сапалы құнды азық әзірге өндірілмейді.
– Елімізде балық шаруашылығымен айналысатындармен тəжірибе алмасып тұрасыз ба, болса олар кімдер?
– Біздің шаруашылық 1962 жылы құрылған. Биыл 61-жылдығы болады. Сондықтан Қазақстандағы ең үлкен шаруашылықтардың бірі деп айта аламын. Керісінше, кейіннен ашылған ұсақ шаруашылықтар біздің шаруашылығымыздан тәжірибе алады. Оларға телефон және әлеуметтік желілер арқылы тәжірибемізбен бөлісіп отырамыз. Кейбір жандар шаруашылығымыздан практикалық сабақтар алып кетеді.
Ал біз шетелдерден үйренеміз. Өйткені балық шаруашылығы саласында Еуропа оқ бойы озық тұр. Биыл Еуропада және Өзбекстанда болдым. Олардың тәжірибесі мен өндірісін көзіммен көріп, шаруашылығымызда кейбір өзгерістер мен толықтырулар енгізіп, пайдалы әрі жаңа тың технологияларын қолданып жатырмыз.
– Бұл шаруашылықтың қандай қиындығы мен қызықтары бар?
– Балық шаруашылығы – менің сүйікті мамандығым. Таңдаған өмірлік жолым болғандықтан, бұл салада 15 жыл қызмет етіп келемін. Сондықтан мамандығымды басқа кәсіпке айырбастамаймын. Басқаша айтқанда, «балық шаруашылығының фанатымын» десем болады, яғни қызығушылығым мол.
Жалпы, балық шаруашылығының қиындығы – күннің ыстық-суығына қарамай, жылдың қай мезгілі болмасын суда қолмен жұмыс істеуге тура келеді. Бұл – кәсіптің негізгі қиындықтары. Бұдан басқа да қиындықтар бар. Мысалы, заңнама аясында көрінбейтін келеңсіз кедергілер секілді.
Айталық, мал және егін шаруашылығы саласында мемлекеттен қаржылай қолдаулар болады, ал балық шаруашылығында іс жүзінде ондай қолдауға ие болған адамдар жоқтың қасы. Бірен-саран болмаса, қарапайым азаматтарға қолжетімсіз. Сондықтан әзірге бұл шаруашылықтың шығыны көп, пайдасы азырақ болып тұр. Өйткені нарықта броконерлік балық белең алып тұрған кезде қолдан өсіріп, қымбат жем берген балықтар бәсекеге түсуге дайын емес. Ал бәсекеге түспеген дүние өз бағасынан төмен саудаланса, кәсіпке де кері әсерін тигізіп, көптеген кәсіпкерлердің бұл саладан кетуіне мәжбүр болады.
– Мейрамбек Жалғасбекұлы, алда қандай жоспарларыңыз бар?
– Мектептегі ұстазымыз ұлы мақсат қоюды үйреткен еді… Шаруашылығымыз дамып, халықаралық деңгейге көтерілсе биылдан бастап жаңадан балық шаруашылығына келген кәсіпкерлерді үйрету мақсатында балықбегілерге арналған тәлім беру қысқа курстарын ашу жоспарымда бар.
Ең үлкен арманым әрі жобамның бірі – Қазақстанда жойылып бара жатқан Арал-Сырдария су алабында бұдан 55 жыл бұрын жойылып кеткен Арал бекіресін сақтап қалу, көбейту және оны қазақтың бренді ретінде әлемге таныту, паш ету. Жоспарым – Арал бекіресі арқылы қазақтың балық шаруашылығын әлемге танытып, шетелмен өте тығыз байланыс жасау.
Он екі мүшең сау, ақыл-есің дұрыс, кәмелет жасқа толдың ба – еңбек ету қажет. Төрт балам соны көріп өссе, олар да еңбекке жақын болады. Оларды ерте жастан бастап еңбекке баулып келемін…
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан С. КӘКІМЖАН