Қазақ елі Экономикалық ынтымақтастық ұйымына төрағалықты қабылдайды

Премьер-Министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Экономикалық ынтымақтастық ұйымы (ЭЫҰ) мүше мемлекеттерінің Сыртқы істер министрлері кеңесінің 28-ші отырысына қатысты, - деп хабарлайды ведомстваның баспасөз қызметі.

Кездесу барысында делегация басшылары ЭЫҰ аясында өзара іс-қимылдың негізгі бағыттарын талқылап, өңірлік экономикалық ынтымақтастықты нығайту бойынша ұсыныстарды қарастырды. ҚР Сыртқы істер министрі өз сөзінде 2025 жылы Қазақстан Республикасының Ұйымда төрағалықты қабылдайтынын және оны «Өңірлік көлік байланысы мен тұрақты дамуды ілгерілету» ұранымен өткізетінін мәлімдеді. Қазақ тарапы ЭЫҰ мүше мемлекеттер арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды нығайту қажеттілігін атап өтті. Осыған орай транзиттік-көлік бағыттарын дамыту, жоғары жылдамдықты жүк пойыздарын іске қосу, цифрлық транзиттік жүйені құру және өңір ішіндегі сауда көлемін ұлғайту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Сонымен қатар азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы ортақ міндеттерді шешу мақсатында ЭЫҰ мен Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы арасында ынтымақтастық орнату ұсынылды.

Қазақстан климаттың өзгеруіне қарсы күрес және «жасыл» экономиканы дамыту мәселелеріне үлкен мән беретіні аталып өтті. Осыған орай ЭЫҰ-ға мүше мемлекеттер 2026 жылы БҰҰ аясында өтетін Өңірлік климат саммитіне белсенді қатысуға шақырылды.

Анықтама: Экономикалық ынтымақтастық ұйымы 1985 жылы құрылған. ЭЫҰ-ның негізгі мақсаты – мүше мемлекеттердің экономикалық, техникалық және мәдени ынтымақтастығын дамыту. Ұйым құрамына 10 ел кіреді: Ауғанстан, Әзербайжан, Иран, Қазақстан, Қырғызстан, Пәкістан, Тәжікстан, Түрікменстан, Түркия және Өзбекстан. Қазақстан 1992 жылдан бері ЭЫҰ-ның мүшесі.

Advertisement
Share Post