Бұл күн - бірлік пен сыйластықтың, жаңару мен татулықтың символы. Көрісу күні – 14 наурызда атап өтілетін ерекше мереке. Бұл күні адамдар бір-бірімен құшақтасып, қол алысып, амандық-саулық тілейді. Бұл дәстүр тек сәлемдесу емес, ол – үлкенге құрмет көрсетіп, кішіге ізет білдіру, өткенге салауат айтып, жаңа күнге қадам басу деген мағынаны білдіреді. Таңғы сап түзеуден кейін полиция қызметкерлері бір-бірімен дәстүр бойынша құшақтасып, ақжарма тілектерін айтып, сәлемдесті. Олар бір-біріне қызметте табыс, отбасыларына амандық, елге тыныштық тіледі. – Полиция – қоғамның бір бөлігі, сондықтан ұлттық дәстүрлерді сақтау және жас буынға жеткізу біз үшін маңызды. Көрісу күні бізге бірлік пен сыйластықтың мәнін тағы да еске салады – деп атап өтті Алматы облысы ПД бастығы Мейрам Әбікеев. Полиция қызметкерлері арасында Көрісу күнін атап өту дәстүрге айналып келеді. Себебі бұл мейрамның негізгі құндылықтары – мейірімділік, құрмет пен шынайылық құқық қорғау саласында қызмет ететін әрбір жан үшін аса маңызды.