Органдар құқықтық бағасын тез арада беруі қажет – депутат Талғардағы жасөспірімнің қазасы туралы

Фото: parlam.kz

Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев Талғар ауданында 16 жастағы азаматты өлтірген қылмыскерлерді заңға сәйкес жазалауды талап етті. Осы орайда ол Бас прокурор Берік Асыловтың, Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің, Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың атына депутаттық сауал жолдады.

«Жұрттың жағасын ұстатқан жағдай Алматы облысы Талғар ауданында болды. Қоғамды қамықтыратыны сол, соңғы уақытта жасөспірімдердің бір-бірін аяусыз соққыға жығуы, қорлауы, ең сорақысы арты өлімге апаратын қайғылы жайттар жиілеп кетті. Кеше ғана Талғардағы дүкенде болған жағдай есімізді екеу, түсімізді төртеу қылды. Талғардағы тексіздердің тентектігінен 16 жасар бала, бір әулеттің аймаңдай азаматы - Шерзат көз жұмды. Әкесі мен бауыры соққыға жығылды. Баланың ажалына не себеп деген сұрақ туады. Сондағысы - бір бөтелке алкоголь. Осындайда «біздің қоғам қауіпсіз бе өзі, заң кімнің жағында?» деген сұрақ туады. Себебі, Шерзаттың әкесі тергеудің тұралап тұрғанын, аудандағы құзырлы орын өкілдерінің істі созбаққа салып жатқанын, қылмыскерді қойып баласынан айрылған отбасын түнде тергеуге шақырып алып, өктем сөйлегенін айтып бейнеүндеу жасады. Ел өре түрегелді, артынша «істі Ішкі істер министрі өз бақылауына алды» деген ақпарат тарады. Қоғамды қорқытатыны осы, қылмыскерді жазалау үшін, әділдікке жету үшін бейнеүндеу жасап, әр істі бір министрдің бақылауға алғанын күтіп отыру керек пе?! Неге жергілікті жердегі құқық қорғау орындары дереу істің ақ-қарасын анықтап, әділ тергеу өткізбейді?», - деді Н. Сәрсенғалиев.

Бұл тұрғыда депутат өзінің бірнеше ұсынысын жариялады.

Біріншіден, Алматы облысы Талғар ауданында 16 жасар азаматты өлтірген, жақындарын аяусыз сабаған қылмыскерлер қамауға алынып, оларға заңға сәйкес әділ жаза берілуі тиіс.

«Екіншіден, аталған іс бойынша барлық құқық қорғау органдары тізе қосып, оқиғаның заңды құқықтық бағасын тез арада беруі қажет. Үшіншіден, білім беру ұйымдарында «Құқық негіздері» атты пән бар. Бірақ оның сапасына қатысты сын көп. Аталған пәннің бағдарламасын қайта жасап, балалар өмірде бетпе-бет келетін жайттар мен өмірден алынған нақты кейстерге сүйеніп оқыту керек. Төртіншіден, Мемлекет басшысы ұсынған Заң мен Тәртіп қағидатына сүйене отырып, елдегі құқық қорғау жүйесіне, полицияға деген халық сенімін күшейту, қоғам көзқарасын өзгерту бойынша жалпымемлекеттік деңгейде кешенді шаралар қабылдау қажет», - деді ол.

Еске салайық, бұған дейін 4 қазан күні Талғар қаласындағы төбелестен жасөспірім қайтыс болған еді.

Алматы облысының Полиция департаменті Талғар қаласында 16 жастағы жасөпірімнің өліміне қатысы бар күдіктілердің Қонаев қаласына жеткізілгенін хабарлады.

Ішкі істер министрі Талғардағы жасөспірімнің өліміне қатысты істі бақылауға алды.

Advertisement
Share Post