«Орал халықаралық әуежайы» ЖШС-тің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Шарм-эль-Шейхке ұшуды FlyArystan әуе компаниясы жүзеге асырады.
Орал қаласынан танымал курортқа сенбі күндері Airbus A320 әуе кемелерімен жетуге болады. Чартерлік рейс 160 орындық әуе кемесімен орындалады. Рейстер 2025 жылдың наурызына дейін жоспарланған.
«Маршруттық желіні дамыту – біздің әуежай жұмысының басым бағыттарының бірі. Біз өңір тұрғындарына ел ішінде де, шет елдерге де сұранысқа ие бағыттар бойынша тікелей рейстердің қолжетімді болуын қамтамасыз ету үшін жұмыс істеп жатырмыз», - деді әуежайдың бас директоры Рустам Бектеміров.
Қазіргі уақытта Орал қаласынан танымал мысырлық курортқа Scat Airlines әуе компаниясының рейстерімен ұшуға болады. Сондай-ақ әуе компаниясы таиландтық Пхукетке чартерлік рейстерін қайта ашып жатыр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралдағы Мәншүк Мәметова атындағы халықаралық әуежайдың жөнделіп жатқаны туралы ақпарат тараған болатын.