«Мемлекеттік сатып алу»: қарағандылықтарға жаңа Заңның артықшылықтары түсіндірілді

Фото: Қаржы министрлігінің баспасөз қызметі

ҚР Қаржы министрі Мәди Такиев бастаған ведомствоның өкілдері Қарағанды қаласында болып, 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енетін «Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа Заңдағы басымдықтар туралы айтты, деп хабарлайды Ras.kz.

Кездесуге өңірдің іскер ортасы, мемлекеттік органдар мен бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, сондай-ақ ШОБ пен «Атамекен» ҰКП өңірлік филиалының өкілдері қатысты. 

Ведомство басшысы айтқандай, аталған заң сатып алу процесінің рәсімдерін жеңілдетіп, мемлекет есебінен сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын арттырумен бірге сатыпалым қатысушыларының жауапкершілігін күшейтіп, бәсекелестікті дамытуға бағытталған.

«Айталық, заңның бірінші бөлімі сатып алу процедураларын жеңілдетіп, оны қысқартуды көздейді. Осы арқылы сатып алуды жедел жүргізіп, тапсырыс берушілерге үлкен өкілеттіктер беру, сондай-ақ сатып алу рәсімдерінің ұзаққа созылуының алдын алу мақсатында шағымдарды енді сатыпалымды ұйымдастырушының өзі тікелей қарайтын болады. Сатып алу қорытындыларына шағымдану веб-портал арқылы және конкурстық комиссиямен айқындалған жеңімпаздың сатып алулар бойынша ғана жүзеге асырылады», - деген Мәди Төкешұлы реформадағы өзге де өзгерістер туралы әріптестері жан-жақты түсіндіріп беретінін жеткізді.

Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбейілдің айтуынша, аталған құжаттағы жаңашылдықтардың бірі бәсекелестікті дамытуға арналған. Мәселен, мемлекеттік сатып алудың бірыңғай операторы – Электрондық қаржы орталығының базасында Бірыңғай сатып алу платформасы заңнамалық түрде енгізіліп отыр. Бұл арқылы мемлекеттік әрі квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сатып алуларының электронды қызметтерінің қолжетімділігі арта түседі.

«Қазірдің өзінде «Электрондық мемлекеттік сатып алу» ақпарат жүйесінде нақты уақыт режімінде сатып алу рәсімдерін өткізу туралы ақпарат, жеткізушілер мен жасалған келісімшарттар, сол секілді оларды орындау нәтижелері туралы мәліметтер жарияланып келеді. Былтыр осы жүйеде 602 мың әлеуетті өнім берушіге арналған 1,7 млн хабарландыру орналастырылды. Барлығы 1,8 млн келісімшарт жасалып, өткізілген мемлекеттік сатып алудың қаражат көлемі 6,6 трлн теңге болды», - деді Дәурен Маратұлы. 

Бұдан бөлек тендерлерді өткізу мерзімі 2 айдан 10 жұмыс күніне дейін қысқартылды. Сонымен қатар мемлекеттік сатып алу нәтижелеріне шағымдану тәртібі қайта қаралып, жеңілдей түседі. Мемлекеттік мекемелерге мемлекет есебінен алынатын тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді 100 айлық есептік көрсеткіштен (АЕК) 500 АЕК-ке дейін, ал ауылдық округтер үшін конкурстық рәсімдерді өткізбестен бір өнім берушіден 4000 АЕК-ке дейін (мемлекет есебінен тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді) сатып алу мүмкіндігі енгізілді.

«Бұл өңірлердегі жекелеген мәселелерді жедел шешуге мүмкіндік береді. Жергілікті өндірушілерді қолдау мақсатында жұмыс орындалатын мекенде тіркелген мердігерлер үшін шартты дисконт 1 пайыздан 2 пайызға дейін ұлғайтылды. Бұл шағын және орта бизнесті дамытуға және қолдауға, сондай-ақ тиісті өңірлерде салық түсімдерін ұлғайтуға оң әсер етеді», - деді Қаржы министрінің орынбасары.

Жиынның соңында жергілікті тұрғындар көкейкесті сауалдарын жолдап, ведомство өкілдері қолданыстағы заңға сүйене отырып, тұшымды жауап берді.

Advertisement
Share Post