Мемлекет басшысы Сыр өңіріндегі іргелі істерге оң бағасын берді

Үкіметтің кеңейтілген отырысында өңірлердің дамуы, алдағы жоспарлар мен стратегиялық міндеттер жан-жақты талқыланды деп хабарлайды, Ras.kz ақпараттық порталы Ақорда.кз ресми арнасына сілтеме жасай отырып.

Ортаға шығып, сөз алғандардың ішінде Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев та болды. Нұрлыбек Мәшбекұлының баяндамасында Мемлекет басшысының тапсырмасымен өңірде атқарылып жатқан іргелі істер, Үкіметтік жобалар мен мемлекеттік бағдарламалар жүйелі қамтылған. Әкім баяндаған басты жұмыстардың бір сыпырасын баяндасақ.

ОБЛЫСТАҒЫ ҚҰРЫЛЫС ҚАРҚЫНЫ ЖОҒАРЫ

Қызылорда облысында құрылыс жұмыстары республикалық орта көрсеткіштен 41 пайызға жоғары деңгейде жүзеге асырылуда. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев мәлім етті.

Тұрғын үй кезегіндегі азаматтарға 2 500-ден астам пәтер табысталды. Аймақта жаңа әлеуметтік нысандар бой көтеруде. 2024 жылы 69 жаңа ғимарат салынып, бүгінде 25 білім, 16 денсаулық сақтау, 11 мәдениет, 17 спорт нысаны ел игілігіне қызмет етуде. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 21 мектеп салу жоспарланған. Бүгінде 5 білім ордасы пайдалануға берілді, 5 мектеп жаңа оқу жылына дейін табысталады. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 28 нысан салынды.

Облыстың барлық ауылындағы денсаулық сақтау мекемелеріне 245 жаңа санитарлық көлік алынып, жедел жәрдем мәселесі толық шешілді. Мемлекет басшысының бастамасымен құрылған «Қазақстан халқына» қоры өңірдің денсаулық сақтау саласын дамытуға 4 млрд. теңге қаржы бөлді. Бұл қаржыға Арал, Жаңақорған аудандары мен Қызылорда қаласында «Қамқорлық» оңалту орталықтары ашылды. Мұнан бөлек, қордың 1 млрд. 100 млн. теңге қаржысына скрининг жүргізуге арналған жылжымалы кешен алынып, ауыл тұрғындарына үздіксіз медициналық қызмет көрсетуде.

Жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен 50 млрд. теңгеге жуық қаржыға облыс орталығы мен аудандарда жаңа ғимараттар, парктер, ойын алаңдары салынып, мемлекет теңгеріміне өтті.

«АУЫЛ АМАНАТЫ» ЖОБАСЫ АЯСЫНДА АУҚЫМДЫ ЖҰМЫСТАР АТҚАРЫЛУДА

Қызылорда облысында «Ауыл аманаты» жобасы аясында соңғы екі жылда 601 жоба (4,3 млрд.теңге) жүзеге асырылып, 917 жаңа жұмыс орны ашылды. Биыл 815 жобаны (5,5 млрд. теңгеге) іске қосып,1 мыңнан астам (1060) жұмыс орнын ашу жоспарланған. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев атап өтті.

Осы бағытта шағын өндіріс орталықтарын құруға басымдық берілуде. Шаруашылық құрылымдарының әлеуметтік жауапкершілігі шеңберінде кәсібін бастаушыларды ғимаратпен, кепілдікпен қамтамасыз ету тәжірибесі енгізілді.

Еске салайық, өткен жылы «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» аясында 49 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды. 

«Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында биыл агро-индустриялық жобаларға қажет мамандар даярлау үшін мемлекеттік тапсырыс саны 5 308 орынға дейін ұлғайтылды. Расында, "Ауыл аманаты" бойынша өзге өңірлер әлі де қолға ала қоймаған тірліктер, Қызылорда облысында осыдан көп уақыт бұрын қолға алынды. Нәтижесінде, республикалық көрсеткішке көз жүгіртсек, өңірдің көш ілгері екенін байқаймыз. 

СУ ҮНЕМДЕУ ТЕХНОЛОГИЯЛАРЫ КЕҢІНЕН ҚОЛДАНЫЛУДА

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өткен жылы Сыр елінде су үнемдеу технологияларын кеңінен қолдану арқылы ауыл шаруашылығы дақылдарынан мол өнім алынғанын айтты. Еске салайық, былтыр аймақта жарты миллион тоннаға жуық күріш (гектарына 58 центнерден, 496,4 мың тонна) өндірілді.

Ауыл шаруашылығы саласына тартылған инвестиция 2023 жылмен салыстырғанда 32 пайызға артты. 2025-2029 жылдары 57 млрд. теңгеге 29 жаңа жоба жүзеге асырылады (488 жаңа жұмыс орны).

Айта кетейік, Мемлекет басшысының қолдауымен мемлекетаралық келісімдер нәтижесінде соңғы 2 жылда Арал теңізіндегі су көлемі 4 млрд. текше метрге дейін артты (2022 жылы – 18,5 млрд. текше метр, 2024 жылы – 22,3 млрд. текше метр, САТ көлемі – 27 млрд. текше метр). Бұл балық шаруашылығының дамуына, экологиялық ахуалдың жақсаруына оң септігін тигізуде. Баяндаманың мазмұнын іштей ұқққан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңір әкіміне суды үнемдеудің эко жүйесін тиімді пайдалануда үлкен іс тындырғанын атап өтті. 

ҚЫЗЫЛОРДАДА АУҚЫМДЫ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛУДА

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев баяндама жасап, өңірдегі инвестициялық жобалар туралы айтты.

Экономиканы әртараптандыруда 2024 жылы аймақта 37 млрд. теңгенің 21 инвестициялық жобасы іске қосылды. 

Негізгі капиталға 640 млрд. теңге инвестиция тартылып, өсім 21,7 пайызды құрады (республиканың орташа көрсеткішінен 14 пайызға жоғары, ҚР – 107,5%). Оның 70,5 пайызы – жеке инвестиция. Шетел инвесторларымен нәтижелі жұмыстың арқасында 9 ай қорытындысымен 171 млн. АҚШ доллары көлемінде тікелей инвестиция тартылып, өсім 16,6 пайызға жеткен.

2025-2029 жылдары аймақта құны 1 трлн. 900 млрд. теңге болатын 65 инвестициялық жоба іске асырылып, 8 100 жаңа жұмыс орны ашылады. Ел Президентінің тікелей қолдауының арқасында және Қатар мемлекетіне жасаған іссапары қорытындысымен өңірде 800 млрд. теңгенің, қуаттылығы 1 100 мегаваттық бу-газ қондырғысының жобасы қолға алынады. Қазіргі таңда жер беріліп, техника-экономикалық негіздемесі әзірленуде.

Биыл «Шалқия» қорғасын-мырыш кенішін қайта жаңғырту үшін құны 215 млрд. теңге болатын жаңа кен байыту комбинатының, 147 млрд. теңгеге жылына 300 мың тонна кальцийленген сода шығаратын зауыт құрылысы басталады. Сондай-ақ, 62 млрд. теңгеге қуаттылығы 201 мегаваттық 5 күн және 1 жел электр станциясы іске қосылады. 

Мемлекет басшысының қатысуымен өткен Қазақстан – Германия, Қазақстан – Корея форумдарында қол қойылған меморандумдарға сәйкес, 31 млрд. теңгеге «Хорн» неміс технологиясы бойынша жылына 220 млн. дана шыны бөтелке шығаратын, 19 млрд. теңгеге кореялық «With You E&C Kyzylorda» компаниясының тұрмыстық қатты қалдықтар өңдейтін зауыттарының құрылысы басталады.

Естеріңізге сала кетсек, бүгінгі жиынның күн тәртібіне сәйкес, отырыста Премьер-Министр Олжас Бектенов, Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғарин, Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек, Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков, Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев баяндама жасаған болатын.


Ақпарат Қызылорда облысы әкімдігінің баспасөз қызметі таратқан материалдар негізінде дайындалды

Бөлісу