Биылғы бәсекеге 200-ден астам әуесқой спортшы қатысты. Қатысушылар сайыс барысында 1,9 шақырым жүзу, 90 шақырым велосипедпен жүріп өту, 21,1 шақырым жүгіру бойынша сынға түсті.
Астанадағы жарысқа Қазақстанның өзге өңірлерінен бөлек, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінен де келгендер бар.
«Өздеріңіз білетіндей, 2023 жылы халықаралық Ironman 70.3 жарысының келісімшарты аяқталды. Енді биыл Астана Триатлон федерациясы алғаш рет осындай турнирді ұйымдастыруға бел будық. Ауа райы өте жақсы. 180 қатысушы жеке және 20-дан астам спортшы командалық экиден түрінде жүлдеге таласты. Басты сыйлығымыз – тамыз айында Өзбекстанда өтетін Samarkand Challenge сайысына жолдама береміз. Федерация бұл сайыспен шектелмейді. Алдағы аптада дәстүрлі Astana run challenge жүгірісі жоспарланған», – деді Астана қаласы Триатлон федерациясының президенті Төлепберген Сүйінтаев.
Жарыс соңында әр жас тобындағы триатлон жеңімпаздары (18-29 жас, 30-39 жас, 40-49 жас, 50-59 жас және 60 жастан жоғары) дипломдармен, медальдармен марапатталды.
Іс-шараның өтуіне байланысты әсіресе веложарыс бағыты өтетін көшелерде қала көшелерінің кейбір учаскелерінде көлік қозғалысы уақытша шектеледі.
Веложарыс бағыты:
• Басталуы – Орталық саябақ (Орталық жағажай маңы);
• Тұран даңғылына шығып, көпір астымен солға бұрылу;
• Тұран даңғылымен Қорғалжын тасжолына дейін (оң жақ жолақпен) жүру;
• Қорғалжын тасжолынан оңға бұрылып, айналма жолға дейін жүру (оң жақ жолақ);
• Айналма жолда солға бұрылып, қарсы бағыттағы жолақпен жүру;
• Кейін 3 шеңбер бойынша Қорғалжын тасжолынан Қосшы (Қарқаралы) бағытына дейін сол жақ жолмен жүру;
• Шеңберлерді аяқтаған соң, қайтадан Қорғалжын тасжолына түсіп, Ильинка жақтан веложолға кіру.