Ауыл мектебі – ұлт болашағының кепілі

Қазақстандағы ауыл мектептерінің жайы туралы

Мен, осы жазбаны жариялауды бірнеше уақыттан бері жоспарлап жүрген едім. Неге десеңіз, білім саласы маманы ретінде елімізде атқарылып жатқан ауқымды жобалардың басы - қасында жүріп, көңілге түйген дүниелерім өте көп. Сонымен, осы жазбамда бөліскім келіп отыр.

 Ауыл- аймақтарға барып, білім саласындағы заманауи озық үлгілерді енгізуге көп ат салыстым. Осы іс-сапарлар мен есте қалған сәттерімді жариялауға Мемлекет басшысының қатысуымен өткен Ұстаздар съезіндегі алған әсерім себеп болып отыр.

Съезге Қасым-Жомарт Кемелұлының тікелей қатысып, күрмеулі мәселелерді көтергені білім саласының мемлекет үшін маңыздылығының дәлелі. Бұл жиында біраз азаматтар сөз сөйлейді. Оқу-ағарту министрлігінде өскелең ұрпақтың білім сапасына қатысты мәселе күн тәртібінен түскен емес. Съезде көтерілген негізгі бағыттардың бірі – ауылдағы білім беру сапасын арттыру болатын. Оқушыны заманына қарай икемдеп, санды технологиялардың озық үлгілерін санасына сіңіріп, оларды шығармашылық бағытта оқыту – бүгінгі күннің басты талабы.

Ал осы жиынға Ақтөбе облысы, Шалқар ауданы, Қаратоғай орта мектебінен келген, қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімі Мұқан Фариза Жағыпарқызының сөйлеген сөзі мен үшін ғана емес, ойлаймын, залдағы аудитория үшін де жылы қабылданды.

«… Бір күні сабақ соңында 5-ші сынып оқушыларым маған: «Апай біздің мектебіміз жабдықталып, қала мектебіндей болды ғой, енді Сіз қала мектебіне кетіп қалмайсыз ба?»,– деп сұрақ қойды.

Сол сәтте алдымда отырған оқушыларымның жәудіреген көздеріне қарап, маған сенім артқандығын байқап, керемет күш-қуат алдым.

Осыдан кейін оқушыға заманауи мектеп қана емес, жаңашыл ұстаз да керек екендігін ұқтым.

Ұстаз ретінде оқушыларыма білім мен тәрбие беріп, білгеніммен бөлісіп, балалардың қуанышты сәттеріне куә болсам, одан асқан бақыт жоқ деп есептеймін.»

Ауыл мұғалімінің бұл сөзі мені қатты тебірентті және қуантты. Меніңше, бүгінде осындай жастардың ауылда қалуға шешім қабылдап жатқаны ауыл мектептеріне жасалып жатқан мүмкіндік пен қамқорлық қосымшама мотивация болып отыр деп есептеймін.

Өз басым Ақтөбе өңірінде осы жылдың өзінде бірнеше рет жұмыс сапарымен болдым. Себебі, сол кездегі облыс әкімі Ералы Тоғжанов ауыл мектебінің мәртебесін, білім деңгейін арттыруға байланысты үлкен бастама көтерген болатын. Расында да, ауылда мәселе өте күрделі. Соңғы 3 жылда ауылдан қалаға 17 мыңнан астам адам жаппай көшкен. Бұл қорқынышты мәлімет . Сол жұмыс сапарымда «Ауылды сақтап қалу – елді сақтап қалу» деген қағида басшылықтың негізгі ұстанымға айналғанын өз көзіммен көрдім және менің атқарған жұмыс бағытымның дұрыстығына үлкен сенім берді.  

Съезде Мемлекет басшысы мұғалімдердің біліктілігін көтеру керек дегенді өте жақсы айтты. Расында, қазір елде қала мен ауыл ұстаздарының білім деңгейі алшақтап кеткенін бәріміз көріп жүрміз. Ауыл мұғалімінің білімі мүлдем төмен деуден аулақпын. Алайда, қала педагогымен салыстырғанда біраз айырмашылық бары анық. Сондықтан, ауыл ұстазының білімі мен білігін үнемі көтеріп отыру - кезек күттірмей шешетін мәселе. Бұл сұрақты Ақтөбе басшылығында болғанда Ералы Тоғжанов батыл түрде қолға алды. Өйткені, облыстағы мектептердің 50 % -дан астамы шағын жинақты білім беру ұйымдарына жатады.  

Өңірдегі әріптестеріміздің мәліметіне қарасақ, Ақтөбеде облыс бюджеті қаражатының 40 % пайызы, нақты айтса - 209,6 миллиард теңге білім саласына жұмсалады екен. Былтырғы жылмен салыстырғанда бұл дерек 16 %-ға жоғары. Әсіресе, ауыл мектептерінің мәртебесін көтеру мен білім сапасын арттыруға бағытталған бірнеше әлеуметтік жоба сол тұста бастау алды.          

 Ұлт ұстазы Күләш Ноғатайқызы Шәмшідиновамен Ақтөбе өңірінде болғанда, білім саласындағы іргелі жобалардың қалай және қандай мақсатта қолға алынғанын іс жүзінде көрдім. Басы – қасында жүрдім. Шалғай ауылдардағы мектептерді аралап, қазіргі жағдайды уақыт талабына сай өзгерту кезек күттірмей шешетін мәселе екенін түсіндім. Сол іргелі жобалардың негізгілеріне тоқталып, маңыздылығын сіздерге жеткізгім келіп отыр.

Ең алдымен, 2022 жылдың оқу басында «Bilim all» атты жобаның қолға алынуы. Ақтөбелік шағын жинақты мектептердің мұғалімдері онлайн форматта физика, математика, химия, биология пәндерінен біліктілігін ZOOM платформасы арқылы көтеруге тегін мүмкіндік алды. Әрі ағылшын тілін онлайн үйренуге жол ашылды. Ауыл мектептерінің оқушылары кәсіби біліктілігі жоғары ұстаздардан тегін, сапалы білім алуға қол жеткізді. Бұл жобаның ұтымдылығы неде? Біріншіден, облыс орталығынан арнайы конкурс арқылы таңдалған 36 жоғарғы деңгейлі мұғалім онлайн сабақ беріп жатыр. Нәтижесінде, оқушылардың сапалы білімге қаламен тең дәрежеде қол жетімділігі қамтамасыз етілді. Екіншіден, бірнеше пәннен бір мұғалімнің сабақ беруі тоқтатылды. Үшіншіден, ауыл мұғалімдері балалармен бірге жоғары білікті мамандардың сабағына қатысып, өз біліктілігін көтерді. Төртіншіден, оқушыларды автобуспен тасымалдау мәселесі шешімін тапты. Онлайн оқу арқылы жылдар бойы күрмеулі күйде қалған кадр мәселесі де жойылды.      

Нәтижесінде, қысқа мерзімде қала мен ауыл мектептеріндегі білім сапасының алшақтығы 15 %-дан 10,3 % - ға төмендегенін осы саланың маманы ретінде қуанышпен айтқым келеді.

Сол тұстағы облыс басшысы Ералы Тоғжановтың бастамасы «Қазақстан Халқына» Қоры есебінен қолдау тауып, 12 тірек және 134 шағын жинақты мектепке жалпы құны 5 млрд. теңге болатын заманауи оқу құрал-жабдық берілді. Мұндағы мақсат - шағын жинақты мектептерде цифрлық технологияларды қолдану арқылы білім беру сапасы мен оқыту тиімділігін арттыру, материалдық-техникалық базаны нығайту, педагогтардың кәсіби білімін дамыту. Ал, түбегейлі стратегиялық маңызы – ауылды сақтап қалу. Демек, ауылдан қалаға жаппай көшу процесі осындай игі шаралардан кейін азаятыны анық.

 Бұл жерде шегелеп айтатын дүние, облыстар тарапынан «Қазақстан халқына» қорынан қаржы сұрайтындар көп екені анық. Алайда, қаражаттың тиімді жұмсалуын дәлелдей алмай, орта жолда қалып қойып жатады. Бұл жерде сұраушы әкімнің де беделіне көп нәрсе байланысты. Осы жобаға қолдау білдіріп, сенім артқан «Қазақстан халқына» қорына алғысым ерекше! Егерде, қор басшылығы сенім артып, қолдамаса, бұл жоба аяқсыз қалар еді. Шығармашылық-әдістемелік жағынан ұстаздармен үнемі байланыста Күләш Ноғатайқызы Шәмшідинова ерекше қолдау көрсетті.

Ең үлкен қажетті жобалардың бірі – тірек мектептері жүйесін қалыптастыру болатын. Тірек мектептерінде ұстаздардың әлеуетін арттырып, тиімді әдістемелік тәжірибелерді енгізу, балаларға қолайлы және қауіпсіз орта құру, STEM зертханасы, ART студиясы, жаңа үлгідегі мектеп телестудиясы, заманауи кітапхана, оқу шеберханалары т.с. материалдық техникалық базасын жаңартып, оқушыларды математика, инженерия, сандық технология және жаратылыстану ғылымдарының білімдерін кеңейтуге кеңінен жол ашылды.

Соңғы жылдары қазақстандық бизнес өкілдері де білім саласын дамытуға өз үлестерін қосып жатыр. Бұл еліміздегі оқу-ағарту мәселесіне тың серпін береді деп сенемін. Бизнес өкілдерінің бірі - AITAS холдингінің «Білім беру саласын тұрақты дамыту» қоры жұмысына айтар алғысым ерекше. Осындай елім - жерім деп жүгіретін азаматтардың бірі - Данияр Тоқтарбаев командасымен тоқтаусыз жұмыс жасауда. Ералы Тоғжанов AITAS холдингі, Назарбаев Зияткерлік Мектебі, «Қазақстан халқына» қорының ресурсын тиімді пайдалана отырып, Ақтөбедегі 12 толыққанды тірек мектебін өңірдегі басқа мектептер үшін білім ХАБ- ына айналдырды.

Ақтөбе облысындағы болашақта білім саласына түбегейлі өзгерістер әкелетін тағы бір маңызды шешімдерге ерекше тоқталғым келеді.

Өздеріңізге белгілі, осы жылы бірнеше облыста жемқорлыққа байланысты келеңсіз оқиғалар орын алған еді. Осындай олқылықтардың алдын алу мақсатында, мектеп бухгалтериясына бұрын-соңды болмаған жаңалық енгізілді. Нақты айтсам, орталықтандырылған бұлтты бухгалтерия (Облачная бухгалтерия) жүйесі. Бір сөзбен айтқанда, мектептердегі 1500 бухгалтердің орнына, 10 есепші ғана жұмыс істейді. Бұл шешім, бір жағынан, жемқорлық тәуекелдеріне тосқауыл болса, екінші жағынан, қаржы тиімділігін сақтауға мүмкіндік берді.

Білім саласын цифрландыру Мемлекет басшысының жолдауында бірнеше мәрте айтылған болатын. Осыны басшылыққа алып, Ералы Лұқпанұлы, педагог кадрларды жұмысқа қабылдауды да электронды жүйеге енгізді. Облыста 25 000 аса педагог бар. Оның 18 000 орта білім беру ұйымында жүр. Бүгінде 85 қала мектебінің деректеріне сәйкес жұмыс 100 % «Jumys» электронды платформасына енген. 

Білім саласы ғана емес, басқа да мекемелер үшін жыр болған «госзакуптың» мәселесіне де нүкте қойылды. Бұрын әр мектеп басшылығының бір тауардың құнын әр түрлі бағада және әр түрлі сапада, әр түрлі компаниялардан сатып алғандары белгілі. Ол – білім саласында, республиканы айтпағанда, облыс деңгейінде интернет жүйесінің интеграциясына кедергі болғанына өз басым куә болдым. Бұл кемшілік- мемлекеттің мүддесіне де, білім сапасына да теріс әсер еткені анық.

Мектептердің шаруашылық қызметі де жүйеленді. Жергілікті әкімдік бұл шаруаны өз міндетеріне алады. Мектептердің жылу қазандығы мен электр трансформаторлары жергілікті әкімдіктердің балансына берілді. Мектептің отын-суы мен құлаған шатырына енді директордың басы қатпайды. Қазақстандағы ауылдардың облыс орталығанан қашықтығын ескеретін болсақ, бұл көптен күрмеуі табылмаған сұрақтың тиімді шешімі болды. Тұтастай алғанда, жоғарыда айтылған шешімдерге байланысты бюджет қаражаты 5 млрд. теңгеге үнемделді. Бұл қаражат толықтай аймақтың білім саласының дамуына бағытталды. Сонымен қатар, тірек мектебіне – 3 млрд. теңге, 134 шағын жинақты мектепке – 2, 1 млрд теңге, әдістемелік қолдауға – 2 млрд.тан аса қаражат бөлінгенін ескеретін болсақ, Ақтөбе облысының білім саласының дамуына жалпы алғанда, 12 млрд теңге қаражат облыс бюджетінен тыс құйылды. Ол дегеніңіз – ұстаздардың жалақысы, материалдық-техникалық базасы мен әдістемелік қолдау, бір сөзбен айтқанда, білім саласының жаңа деңгейі.

Ақтөбе өңірінің тәжірибесін ескеріп, министрлік Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарына пилоттық жоба ретінде енгізді. 

Ең бастысы, білім беру ұйымдарының басшылығы да, ұжымы да, бұдан былай, тек ғана, білім беру мен тәрбие жұмыстарына толыққанды жауапты болады. Халықаралық білім кеңістігінің талаптары да дәл осылай.

Ойымызды қорыта айтсақ, Ақтөбе облысының білім саласы түбегейлі өзгеріске бет алды. Бұл дайын модельді басқа өңірлерге пилоттық режимде енгізсе, тұтатсай алғанда білім саласы ұтатыны анық. Бұл жерде осы өңірдің білім саласын жаңа деңгейге көтерген Ералы Тоғжановтың ерен еңбегі мен стратегиялық ұтқырлығын айта кеткен жөн. Оқу-ағарту Министрі Ғ. Бейсембаевтің тікелей қолдауымен осындай жілікті жобалар Ақтөбе облысында бастау алды.

Құрметті, әріптестер! Осындай маңызды жобалардың іске асырылуынан ұстаз да, оқушы да, ата-ана да, тұтастай алғанда мемлекетіміз ұтады! Сөз соңында айтарым, басқа өңірлердің басшылығы да Ақтөбе облысында сәтті жүзеге асқан білім саласының іргелі жобаларын өз мектептеріне енгізіп, әрі қарай дамытса деген ізгі ниетім бар.

Гүлнәр Балғабаева, Білім беру саласының сарапшысы

Advertisement
Share Post