Ұлытау облысында азық-түлік бағаларын бақылау күшейтілуде

Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің өкілдері ішкі сауда және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына баға мониторингі бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады

Департамент өз қызметін Қазақстан Республикасының Премьер-Министрінің орынбасары - Сауда және интеграция министрі бекіткен ережеге сәйкес атқарып келеді. Оның негізгі міндеттері – тұтынушылардың құқықтарын қорғау және азық-түлік бағаларының негізсіз өсуін болдырмау.

2025 жылдың алғашқы үш айында департамент электрондық шот-фактураларға талдау жүргізіп, арнайы құрылған комиссияның көмегімен әлеуметтік маңызы бар азық-түліктерге сауда үстемесін заңсыз көтерген 53 кәсіпкерді анықтап, оларды әкімшілік жауапкершілікке тартып, 235 920 теңге айыппұл салды. Ең көп бұзушылықтар сүзбе, күнбағыс майы, сиыр еті және картоп сияқты тауарларға қатысты тіркелді.

Брифинг барысында 2025 жылғы 10 қаңтарда ҚР Заңына енгізілген өзгерістер туралы да айтылды. Бұл өзгерістерге сәйкес, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 204-4-бабына жаңа айыппұл мөлшерлері енгізілді. Енді әлеуметтік маңызы бар тауарларға сауда үстемесін заңсыз арттырғаны үшін айыппұл мөлшері мынадай:

- жеке тұлғалар үшін – 5 АЕК,

- шағын бизнес үшін – 35 АЕК,

- ірі кәсіпкерлер үшін – 150 АЕК-ке дейін.

Ұлытау облысы әкімдігінің 2025 жылғы 26 наурыздағы қаулысымен 1 тоқсанға бөлшек саудадағы шекті бағалар бекітілді:

- Сиыр еті (сүйекті жауырын-төс бөлігі) – 3444 теңге,

- Картоп – 294 теңге,

- Қырыққабат – 246 теңге.

Бұл шекті бағалардан асқан жағдайда кәсіпкерлерге 100 АЕК айыппұл салынып, егер бұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, айыппұл көлемі 200 АЕК-ке дейін жетеді.

Брифинг соңында департамент өкілдері тұтынушылардың құқықтарын қорғау, отандық өндірушілерді қолдау және азық-түлік бағаларының негізсіз өсуіне жол бермеу бағытындағы жұмыстардың жалғаса беретініне тоқталды.

Бөлісу