Шыңжаңдық Айман Жеңіснұрқызы дзюдодан Қытай чемпионы атанды

Фото: weixin.qq.com

Іле қызы Айман Жеңіснұрқызы дзюдодан ұпай саны бойынша ел чемпионатының алғашқы біріншілігін жеңіп алды.

Қытайдың Ішкі Моңғол автономиялық өлкесі, Чифэн қаласында ұлттық дзюдодан ұпай жинау бойынша өткен жарыста Іле Қазақ автономиялы облысы Моңғолкүре ауданының дзюдошысы Айман Жеңіснұрқызы әйелдер арасында +78 келі салмақта алтын медаль еншіледі. Жас спортшының бұл жеңісі оның жеке күш-қуатының дәлелі ғана емес, Шыңжаң дзюдосының дамып келе жатқанының жарқын үлгісі, деп хабарлайды Қытайдың «Жэньминь жибао» ақпараттық порталы.

Әйелдер арасындағы +78 келі салмақтағы финалда Айман Чэнду қаласында өткен 31-ші жазғы Универсиада ойындарының чемпионы, тяньцзиндік Цзя Чундимен кездесті. Айман Жеңіснұрқызы жаттықтырушысының жарыс алдында белгілеген жобасы бойынша, күрес техникасын дұрыс игеріп, орайды дәл пайдаланып, икемді де қырағы әрекетімен үлкен басымдылықпен жеңіске қол жеткізді.

Айта кетейік, бұл алтын медаль Айманның биылғы БРИКС-2024 ойындарында дзюдодан +78 келі алтынды жеңіп алғаннан кейін осы санаттағы екінші алтын медалі. Бұл шарада 33 ұлттық құраманың 528 спортшысы 15-ші Ұлттық ойындарға жолдама алу үшін бақ сынасты.

Advertisement
Share Post