Семейде жаңа туған сәбиді қоқысқа тастап, өртеп жіберген

matritca.kz

Семей қаласында жаңа туған сәбиді қоқысқа тастап өртеп жіберген. Денесінің 80 пайызын күйік шалған шақалақ ауруханада көз жұмды.

Абай облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, қазіргі уақытта тәртіп сақшылары күдіктіні іздестіріп жатыр.

«Істің барлық мән-жайын анықтауға бағытталған жедел іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр. Тиісті сараптамалар тағайындалған. Жаңа туған нәрестенің өліміне қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды», - делінген ақпаратта.

Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева шақалақтың сағат 19.40-та көз жұмғанын мәлім етті.

«Оның денесінің 80 пайызын күйік шалған. Абай облысындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкілмен байланыстамын», - деп жазды ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.

Еске салсақ, осыдан екі жыл бұрын Алматы облысының Сарқан ауданында қоқыста үш ай бойы жатқан бес жасар баланың мүрдесі табылған болатын. 

Advertisement
Share Post