Қосым қожа, Манақ батыр немесе Кереит руының тарихына қатысты жаңа деректер

Бүгінгі мақаламда Қосым қожа бабамыз туралы бұрын жарияланбаған тың деректерді жариялауды жөн көрдім

«Өткеннің парқын танымай тұрып, бүгін мен болашақты дұрыс бажайлауға болмайды». Ақселеу Сейдембеков.

Кіші жүздің Жетіру рулар бірлестігіне қатысты билік Тамада болар, батырлық Табында болар, пірлік Керейтте болар, ақындық пен жыраулық Кердеріде болар, Рамадан мен Тілеуде аңшылық болар" -деген бабаларымыз. Қазақтың Кіші Жүзінің Жетіру құрамына кіретін Кереит руынан заманында небір абыздар, әулие-әмбе, ахундар шыққан. Кереит руын «Жеті өлікке жан берген», ал оның бір тармағын Кереит Қожа, Кіші жүздің қожасы деп жатады.Осы ұғымдардың барлығы осы Қожа Керейт аталығынан шыққан Үш жүзге пір болған Сопы-Әзиз Жәдікұлы Мүсірәлімен, оның ұлы Қосым ұлымен тікелей байланысты. Жалпы Мүсірәлі баба туралы БАҚ-тарда, әлеуметтік желілерде көптеген мақалалар жарияланды, бірақ бұл мақалалар халық аузында атадан балаға қалдырылған халық аузында сақталған әңгімелер желісімен өрбіді.

Бүгінгі мақаламда Қосым қожа бабамыз туралы бұрын жарияланбаған тың деректерді жариялауды жөн көрдім. Қазіргі қазақ тарихының жаңа жас толқын тарихшы-зерттеуші Радик Темірғалиев қарағандылық бауырымның «Тамға қазақ руларының тарихы» атты еңбегінде (Алматы, «MELOMAN Publishing», 2023) Кереит руы мен ол рудан шыққан тарихи тұлғаларға қатысты біршама деректер жарияланған.

Бұл еңбектегі деректерге сәйкес Шыңғыс хан заманында мықты, белгілі, іргелі, саны көп ел болып саналған кереиттердің жарықшағы, бір бөлігінің Ноғай Ордасы ыдырағаннан кейін қазақ халқы құрамына қосылғандығы белгілі (Трепалов В. Ноғай Ордасының тарихы. Қазан. «Қазан жылжымайтын мүлік» баспа үйі. 2016.С.477). Шежіреге сәйкес Кереит руының тарихы руға ұран болған Ақсақалдан бастау алады. 1701 жылы Ресей империясында Ремезовпен сызылған картада қазіргі Ақтөбе облысы аумағында Ақсақал иелігі көрсетілген. Автордың пікірі бойынша ол жер қазақтың Кереит руына тиесілі болған (Сабитов Ж. ХVI-ХVII ғасырлардағы қазақтар мен қазақ хандығының тарихи картасы.Мемлекет тарихы-История государства. No3 2016 С.42-43).

Замандастары мен ұрпақтары алдында ХVII ғасырдың екіншіжартысында Кереит руын құрушы, рудың бастамасы болған Ақсақалдан ел алдындағы абыройы мен атағы жағынан асып кетпегенмен онымен бір қатарда тұрған Кіші жүздің рухани басшысы, пірі Жәдікұлы Мүсірәлінің аты бүкіл қазақ даласына белгілі. Шындығында Мүсірәлі бабамыз Кіші жүздің емес, бүкіл қазақтың Үш жүзінің пірі, рухани көшбасшысы еді. Ол туралы халық аузында адам баласы сенбейтін ертегіге ұқсас аңыздар сақталған. Оның Үш жүзден жиналған әулие-әмбе, көріпкелдер арасында Түркістанда өткізілген сынақта Жеті өлікті тірілтіп, жұртты шулатқанының өзі не тұрады...Әрине қазіргі ғылым бойынша өлген адамды қайта тірілту мүмкін емес, мүмкін бабамыз өлейін деп жатырған адамдарды тірілтіп, ел есінде қалған болар...Бастысы Мүсірәлінің адам ойына келмейтін, адам сенбейтін таң қаларлық нәрселерді істеумен халық есінде қалған және оның әулиелік қасиетіне сенген. Сондықтан да Мүсірәлі, оның ұлы Қосым қожалардың ұрпақтары халық арасында Қожа атанды. Қара халықтың ақсүйек атануы қазақ халқы тарихында сирек кездесетін жайт. Бұл кереиттердің бүгінгі ұрпақтарының ұрпаққа қожа атанып кетуіне негіз болды.

1731 жылы Әбілқайыр хан бастаған Кіші жүз өкілдері Ресей императоры Анна Иоанн қызына қарамағына кіріп, адал болуға ант берді. Кереит руынан бұл шараға қатысып, ант бергендер ішінде Мүсірәлі қожа ұлы Шүкірәлі қожаның болғандығы ресми құжаттарда тіркелген. Бірақ, автордың көрсетуі бойынша бұдан әрі Мүсірәлі ұрпақтары өздеріне белгілі себептермен А.Тевкелев бастаған қазақ еліне ағыла бастаған Ресей билігі өкілдерімен кездесуден, Ресей алдында бодандыққа апаратын бірлескен іс-шаралардан өздерін аулақ ұстаған. Бұл Ресей жағының хабарлама, баянаттарында кереитттер туралы деректердің көп жинақталмағанымен дәлелденеді.

Қосым қожа Мүсірәлі қожадан кейін Кіші жүздің пірі болды. Нұралы ханның хатшысы Әлмұхамет Ресей билік өкілдеріне жазған хатында ол туралы:«...Өз елінде Мүсірәлі қожа ұлы Қосым қожа сөзіне берік кісі және оның ақыл-кеңестері салмақты» деп көрсетеді.1748 жылдың күзінде сұлтан Нұралының хан болып сайланған құрылтайында Қосым қожа Әбілқайыр ханның отбасын қолдады (ХVI-ХVIII ғ.ғ. қазақ-орыс қарым- қатынастары.Құжаттар жинағы, Алма-Ата,1961.426б). Алайда, Әбілқайыр хан ұрпағын қолдап, құрылтайға қатысқан Қосым қожа Ресей императоры Елизаветаға Нұралы сұлтанды хан қылып бекіту туралы жазылған хатқа қол қоюдан бас тартады. Мүсірәлі қожаның ұрпақтарының қазақ қоғамындағы беделдігін Нұралы ханның А.Тевкелевке жазған хатынан байқауға болады. Хан:«...Қосым қожаның ағасы Сауранбай қаза болды, оның мүрдесі жерлеуге Түркістанға жөнелтілді (Қазақ билеуші элитасының эпистолярлық мұрасы. 1675-1821 ж.ж. Алматы, «АБДИ Компаниясы» АҚ, 2014 С.47). Сауранбай қожаның мүрдесін Түркістанға Қожа Ахмет Яссауи кешеніне жерлеуге ханның өзі көшті басқарып барған. Бірақ, автордың көрсетуі бойынша осы шарадан кейін Нұралы хан мен Қосым қожа шегісіп қалған.

1753 жылы екі хан әулеті, Әбілқайыр хан ұлдары мен Батыр хан, оныңұлы Хиуа ханы Қайып хан арасындағы бұрыңғы бақталастық қайта тұтанады. Сол жылдың тамыз айында Қосым қожа Сауранбай ағасына ас береді.Қазақта ас пен тойларды әртүрлі мәселелер бойынша келіссөздер жүргізу алаңына пайдаланғаны белгілі. Қосым қожа сол аста жауласқан екі хан әулеттерін татуластыруды ойлайды. Бірақ, асқа тек Батыр хан келеді, ал Нұралы хан бірнеше рет шақырылғанына қарамастан асқа келмейді (Вельяминов-Зернов В.В. Әбілқайыр ханның қазасынан кейінгі Ресейдің Орталық Азиямен қарым-қатынасы.Қырғыз-қайсақтар туралы тарихи деректер. 1748-1765 ж.ж. Бөкей Ордасына 200 жыл. 6 томдық кітаптың 1 кітабы.Алматы.Өлке, 2001.С. 111).

25 тамызда Нұралы хан Хиуа хандығына соғыс жариялап Ресей билігінен 10 мың солдат пен зеңбіректер сұрап, Хиуа хандығын 1 күнде жаулап алатындығын хабарлайды (Жоғарыдағы Вельяминов-Зернов В.В.еңбегі). Әрине қазақ хандарының Ресейге әскери күш сұраған басқа өтініштері сияқты бұл өтініш те аяқсыз қалады. Бірақ, жоспарларында Хиуа хандығын жаулап алу бұрыннан бар және жаңа мемлекетті бақылау үшін Қайып ханды өздерінің айтқанынан шықпайтын Әбілқайыр хан ұрпақтарымен ауыстыру Ресей билігін ойландырып тастайды. 1755 жылы Ресей үкіметі Нұралы хан мен оның ағайындарына Хиуа хандығын өз күштерімен жаулап алуын қолдайтынын хабарлайды. Ералы сұлтанның өзінің тұтқынға түскен күнде Ресей тарапынан оны құтқаруға іс- шаралар қабылданатын болса Хиуаға қарсы соғысқа дайын екендігін естіген Ресей билігі оған келісімін береді. Ресей империясы Әбілқайыр ханның ұлдарының Хиуаны бағындырғаннан кейін екі ел арасындағы сауда-саттықтан көп ұтатын еді.Алайда, бұл әскери шара басталмай жатып аяқталады. Орынбордан Кіші жүз ордасына жіберілген капитан князь Максютовтың хабарлауынша Нұралы хан мен оның ағайындарының Хиуаға соғыс ашу үшін шақырған халық жыйыны тарапынан қолдау тапқанмен бата сұрай барған бір әулие қожа соғыс қимылдарына қатаң түрде тыйым салған. Белгілі Ресей мемлекеттік қайраткері, сенатор, тарихшы, жазушы, этнограф. А.Левшин: «...олар (қазақтар авт.Х.Қ.) қожаның айтқанын істеп, соғыс ашу ойынан бас тартқан (А.Левшин.Қазақ-қырғыз немесе қырғыз-қайсақ ордалары мен даланың сипаттамасы. Алматы: Санат, 1996.С 228).

А.Левшинның атын көрсетпеген қожасының Қосым қожа екеніне ешкім күманданбайтын шығар. Өйткені, деректерге сәйкес ол кезде Қосым қожабұл дүниеде бар және Кіші жүзде пір, қожа ролін атқарған, басқа кісілер туралы айтылмайды. Қосым қожа бабамыз екі хан әулеттерін татуластыра алмады.Бірақ, өзінің халық алдындағы абыройының арқасында бір өзі, екі бауыр, мұсылман халқының қандарының төгілуіне жол бермей Ресей үкіметінің Кіші жүз хандығын көрші хандыққа соғыс ашып, айдап салу жоспарын жүзеге асырмай тастады. Әрмен қарай Нұралы хан мен Қосым қожа арасындағы кикілжің аяқталмай, шиелінісе түседі. Сол 1755 жылы Ресей патшасына қарсы сәтсіз күрестен кейін қазақ жеріне жазадан қашып ондаған мың башқұрт көтерілісшілері пана сұрап келеді. Қазақтың табын, тама, жағалбайлы руының адамдары өздеріне баспана, көмек сұрап келген башқұрт халқы құрамындағы табын, тама, жағалбайлыларға ара түсіп, Ресейдің талап етуімен келген хан сарбаздарына оларды беруден бас тартады. Бірақ, олардың кейбіреулері кейін бәрібір хан құрығына ілінеді. Естектердің сол ұрпақтары қазір еліміздің батыс өңірінде тұрып жатыр. Нұралы хан сарбаздары сол башқұрттар мен оларға баспана берген Жетіру қазақтарын шабуылға ұшыратты. Ханның бұл әрекеті Қосым қожа тарапынан қарсылыққа ұшырады. Пір: «...бұл естектер (башқұрттарды қазақтар солай атаған. Авт.Х.Қ.) біздің қандастар, мұсылмандар, орыстардың оларда қандай шаруасы бар. Бұл естектердің біреуін де біз жауға бермейміз.Хиуа, Бұқара, Түркімен мен қарақалпақтар маған қарасты өңір, оларда алты сан рулар болды. Біз неге қазақ жеріне Алла жіберген қалмақтарды, қарақалпақтарды, түркімендер мен естектерді оларға беруіміз керек?-деп жыйынға қатысып отырған ағайындарға қарап: Бұл естектерді тонамаңдар, өлтірмеңдер, құдалаушыларға тапсырмаңдар-, егерде оларға тапсырсаңдар, онда имансыз боласыңдар" деген. Бірақ, Қосым қожа бұл жолы Ресей билігінің бұйрығын орындауға жан тәнімен кіріскен Нұралы ханды тоқтата алмады. Қосым қожаның Хиуамен соғысқа қарсы шығуы, башқұрттарға ара түсуі оның билікке саясатының, көзқарасының қандай екенін білдіреді. Оның әрекеттеріне кеңес үкіметі «пантюркизм», «панисламизм» идеясын қолдаушы, жақтаушы деп баға беретін еді.Пірдің бауыр халықтар тұрып жатырған Орталық Азияны өзіне қарасты өңір деп жариялауына қарағанда оның сол аумақта белгілі болғандығын және діни ұйымдар арасында абыройлы екенін білдірсе керек. Мұсылман елдерінде үйіңе қонаққа келген немесе баспана, көмек сұрап келген адамды кек алу үшін қудалап келген адамдарға бермеу, қонақ үйіңде, сол ауылда болған кезде оның басынан шаш түсірмеу, қорғау сияқты жазылмаған заң сақталған. Қонақ үйіңнең, ауылдан шыққасын әрмен қарай оның өміріне үй иесі жауап бермейтін болған. Автордың зерттеуі бойынша Қосым қожамен тіл табыса алмаған Нұралы хан кейін оның балаларын өзіне жақындата алған. 1770 жылы Нұралы ханның Екатерина II-ге жазған хатында: «Намдұт-Қосым қожаның ұлдары Садыр қожа мен Бекқожа өзіне жақын адамдар» (Қазақ билеуші элитасының эпистолярлық мұрасы 1675-1821 ж.ж. Алматы, «АБДИ Компаниясы» АҚ, 2014 С.188). Бұл жерде Қосым қожаның ағасы ретінде көрсетілген Намдұт есімі басқа деректерде кездеспейді.1771 жылы Нұралы хан генерал-майор Рейнсдорпқа арнап жазған хатында Қосым қожаның тағы бір ұлы Абзал қожаның атын атаған (Қазақ билеуші элитасының эпистолярлық мұрасы 1675-1821 ж.ж. Алматы, «АБДИ Компаниясы» АҚ, 2014 С.188). Кереит шежіресінде оның есімі Әбжал деп көрсетілген (Үсенбаев Т. Алшын шежіресі.Тұмар, 2003.С.40. Кейінгі зерттеулерде ол ХIХ- ғасырдағы қазақтың пірі болған Әбдіжәлел (Абдул-Жалил деп көрсетілген). Алайда, шежірелерде Мүсірәлі мен Қосым қожа бабалардың есімдері көрсетілмейді, олар Қорасан қожа ұрпақтары ретінде көрсетілген.

Р.Темірғалиев кітабындта Мүсірәлі мен Қосым қожа бабаларымыздан басқа Керит руы туралы басқа да бірқатар деректер берілген. Автордың пікірінше кереиттердің 300 отбасысы Сыр өзені мен Арал теңізінің жағасында, Барсұқ мекені жанында көшіп жүрген (1785-1828 ж.ж. Қазақ ССР тарихы. 4 Том, КСРО Ғылым Академиясы.Москва-Ленинград 1940.С. 188). Белгілі Ресей әскери топографы, генерал-лейтенант И.Бларамбергтің деректері бойынша 12 бөлімнен тұратын кереит руының қыстаулары Сырдария, Қуаңдария өзендері мен Арғынқалған мекені арасында, жазғы жайлау бағыты Троицкге дейін созылған (И.Бларамберг. Орынборға қарасты Жайықтың арғы беті(Кіші орда.Қырғыз-Қайсақ жері. 3 бөлім. 1848.С.88.Осы деректер белгілі Ресей топографы этнографы, тарихшысы, Бас штаб офицері Л.Мейер кереит руының Сырдария,Жамандария (Жаңадария, авт.Х.Қ.) мен Қуандария арасында Хиуа бекінісі Хожанияз жанында егін егумен айналысқаны туралы жазған (Л.Мейер.Орынборға қарасты Қырғыз даласы. Санкт-Петербург, 1865.С.93). Орынбор губернаторы Волконскийдің тапсырмасы бойынша әзірленген жазбаға сәйкес кереиттер 12 бөлімнен тұрған, жалпы саны 4 мың отбасыны құраған.Жазғы жайлаулары Қарақұмның солтүстігінде Ырғыздан Қарашатауға (мүмкін Қаратау.авт.Х.Қ) дейін, қыстаулары Сырдарияның оңтүстігінен Жаңадарияға дейін созылып жатыр.Ол кезде кереиттің биі Манақ би мен Қосқұлақ би болған (1785-1828 ж.ж. Қазақ ССР тарихы. IV Том, КСРО Ғылым Академиясы.Москва-Ленинград 1940.С. 188). Белгілі Ресей зерттеушісі, Бас штабының полковнигі Я.Гавердовский осы деректерді қайталап, кереиттердің Бұқарамен сауда-саттық жасайтынын және сауда керуендерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етумен айналысатынын көрсеткен (ХVI-ХХ ғ. Қазақстан тарихы орыс деректерінде. V том.Алматы: Дайк-Пресс,2007. С.413).

Жоғарыда көрсетілген Манақ би өз заманының белгілі тұлғасы болған.Ол туралы халық арасында жақсы естеліктер сақталған. Оның ұлы Байболсын да халық арасында абыройлы болған. Ресей деректерінде Байболсынның Досжан батырмен арадағы қақтығысы туралы деректер сақталған. 1857 жылдың қыркүйек айында патша чиновнигі, кеңесші Осмоловский: «... кереит руының Жартай бөлімінің қарулы 20 қырғызы Байболсын Манақовтың басшылығымен өткен айда өзінің туысын өлтірген Досжан Жантуғанға барып оны тұтқындамақ болған» (Орталық Азиядағы әңгімелер мен оқиғалар туралы. 1 Том. 1853 ж. 20 сәуірі- 1862 ж. 31 шілде. Құжаттар жинағы.Қарағанды, 2016.С. 288. Кітапта Досжанның қандай руға тиесілі екені және олардың арасындағы жанжалдың немен аяқталғаны туралы көрсетілмеген.

Қыстаулары оңтүстікте орналасқан қазақтың басқа ру-тайпалары сияқты кереиттер Хиуа хандығына бағынышты болды.Қазақ даласының оңтүстігіндегі Кіші жүз жерінің Ресей империясына бағындырылғаннан кейін ХIХ-ғасырдың 50 жылдары кереит руының билеушісі Берді Сеңгіров болды (Орталық Азиядағы әңгімелер мен оқиғалар туралы. 1 Том. 1853 ж. 20 сәуірі- 1862 ж. 31 шілде. Құжаттар жинағы.Қарағанды, 2016.С. 329). 1864 ж. Ресей әскерлерінің Түркістан жорығына қатысқан кереит руының бірқатар өкілдері марапаттарға ие болған.Олардың ішінде Дарқамбай Мұртазалин (жартай), Ербатыр Аманжолов (жартай), Аманжол Бекбергенов (бижан), Оразалы Құлбаев (бижан). (Қазақ ұлт-азаттық қозғалысы.9-шы том.Алматы:Ел-шежіре,2008.С.122). Бұл қазақ даласы мен қалаларын Қоқан билігінен босату барысындағы Ресей әскерлерінің жорығы еді.

Н.Масановтың пікірінше ХХ-ғасырдың басында кереит руының саны 15-20 мың адамды құраған (Қазақ халқының тарихи-мәдени атласы. Алматы:Print-S, 2011.С.95.А.Темірғалиевтің деректері бойынша 1911 ж. кереиттер саны 12 мыңды құраған.Олардың басым көпшілігі (8,2 мың) Перовск уезі аумағын мекендеген (А.Темірғалиев.Болыстықтар,уездер...қазақтар, Алматы,2010.С.49).Қазақтардың көшу процесі кезіндегі жүргізілген санақта алшақтық болуы да мүмкін. Сондықтан бұл сандардың күман туғызуы мүмкін. Уикипедия-ашық энциклопедияға сәйкес Мүсірәлі Жәдікұлы, Әжіқожа Мүсірәлі сопы әзиз, (17 ғасырдың екінші жартысы-18 ғасырдың басы)-Үш жүздің пірі, діни қайраткер, әулие. Керейт руынан шыққан діндар, сопылығы мен тақуалығына орай Әжіқожа, ал оның ұрпақтары керейт қожа аталып кеткен. 1680 жылы Күлтөбеде Тәукені хан сайлағаннан кейін қазақ билері Мүсірәліні үш жүзге ортақ пір етіп жариялайды. Есіміне сопы әзиз атағы қосылады. Мүсірәлі қазақ халқының әдет- жосындарының жиынтығы «Жеті жарғыны» әзірлеуге қатысты деген деректер кездеседі. Мүсірәлінің 6 баласының бірі Қосымқожа да, оның ұлы Әбужәлел де пір болған. Қосым қожа Мүсірәліұлы- (1710 ж.т.-1780 ж.ө.)- белгілі діни қайраткер.Сыр өңірінде туып өскен.Кіші жүздің кереит руынан шыққан.Әкесі үш жүзге пір сайланған.Қосым қожа Сыр бойы мен қарақалпақ еліне ислам дінін уағыздаушылардың бірі болған (Т.Дайрабай.Сыр елі. Қызылорда облысы энциклопедеясы. «Қазақ энциклопедеясының Бас редакциясы » 336 б.).

Хұсайын Асанұлы Қоразбаев

Полковник-журналист. ОПД –нің бөлім басшысы. Ақпарат саласының үздігі.


Бөлісу