«Қазақстандықтарды байытқым келеді»: Америкада косметикалық брендін қалыптастырған қазақтың миллионер қызы

АҚШ-қа Эйнштейн визасы арқылы келген тұңғыш қазақтың кім екенін білесіз бе? Ол – People Awards нұсқасы бойынша халықаралық бизнес-сарапшы, Халықаралық ғылыми мақалалардың авторы, «Әлемдегі ең табысты ТОП-30 әйел» тізіміне енген Нью-Йоркте тұратын қазақ қызы Анелия Әлімова.

Бүгінде Анелия Anelya Alim New York косметика брендін (АҚШ өндірісі) қалыптастырып, Нью-Йорктегі макияж мектебінің негізін қалаған. Косметика бренді арқылы ол Бүкіләлемдік Тhe makeup shou көрмесінде Бобби Браун, Данесса Мирик, макияж академиясымен бір көрмеде макияж жасаудың қыр-сырын көрсеткен. New York Fashion Week сән шоуын, осы сияқты 16 шоу ұйымдастырған. Әлемге әйгілі америкалық әнші Бейонсенің продюсерімен бірге жұмыс істеген.

Айта кетсек, EB-1 визасы немесе Эйнштейн визасы – шетелдік дарынды дәрігерлерге, ғалымдарға, спортшыларға, мәдениет қайраткерлеріне және табысты кәсіпкерлерге арналған виза.

Бизнес-ледимен болған сұхбатты назарыңызға ұсынамыз.

– Анелия ханым, бір жыл бұрынғы сұхбаттарыңыздың бірінде Америкада 3 түрлі бизнесіңіз бар екенін айтыпсыз. Шығармашылық пен коммерцияны қалай ұштастырасыз? Бірнеше бизнесті қатар дөңгелетуге үлгеру қиын емес пе?

– Иә, бұған дейін Қазақстанда мейрамхана бизнесі, сұлулық салоны, киім-кешек бизнесімен айналысқанмын. АҚШ-қа алғаш келгенде де бірнеше бизнесті қолға алдым. Дәл қазір назарым негізінен Нью-Йорктегі макияж мектебіміз бен MLM желілік маркетингіне ауып отыр.

«Егер сен жұмысыңды жақсы көрсең, күн сайын жұмыс істеуге дайын боласың» деп Конфуций айтқандай, мен өз жұмысымды қатты жақсы көремін. Адамдарға сұлулық сыйлағым келеді. Менің командама, MLM желілік маркетингіне жұмысқа келген әр адамның дені сау, бақытты, табысты болғанын қалаймын. Бұл – менің компаниямның мақсаты.

– Бренд косметикалық өніміңіз туралы айтып өтсеңіз. АҚШ-тың қай қалаларында, басқа қай елдерде сатылымда бар? Қазақстан нарығына қашан шығармақ жоспарыңыз бар?

– Өнімдеріміз – декоративтік косметика. Әр косметика құрамында A, N, C дәрумендері бар. Зиянды қоспалары жоқ. Өйткені Америкада заң қатал. Жалпы, дамыған елдер косметика нарығын қатаң бақылайды. Олардың әрқайсысының өндірісі мен сатылымында өзіне тән ережесі болады. Сондықтан аты жоқ косметиканы сатып алуға болмайды. Өйткені оның неден жасалғаны белгісіз. Мүмкін ол денсаулыққа қауіп төндіретін зиянды қоспалардан жасалған шығар, кім біледі?! Қалай сатуды, косметикадағы ингредиенттерді әр ел әртүрлі тексереді. Мысалы, мұны АҚШ-та Азық-түлік пен медикаменттердің сапасын санитарлық бойынша бақылау басқармасы (FDA), Еуропада Еуроодақ пен оған мүше әр ел, Жапонияда Денсаулық сақтау, еңбек және әл-ауқат министрлігі, Ресейде Роспотребнадзор бақылайды. Әлбетте, косметиканың бәрі зиянсыз деуге болмайды. Дегенмен декоративтік косметика, әсіресе, қатаң бақылайтын АҚШ пен Жапонияда зиянсыз болып саналады.

Өнімдеріміз АҚШ-тың барлық штатында сатылады. Әсіресе, Нью-Йорк пен Лос-Анджелес, Флорида, Орландо және Майами, Техас тұрғындары көп тұтынады.

Косметикаларымыз Қазақстан нарығында да сатылып жатыр. Онлайн тапсырыс түскен соң тауарды Нью-Йорктен жөнелтеміз. Жеке сайтым арқылы тапсырыс түссе, өнімдерімізді әлемнің кез келген жеріне жеткізе аламыз.

Бұл ретте айта кететіні, MLM компаниясын ашып жатырмыз. Қазіргі таңда осы компания бойынша заңдық тұрғыдағы жан-жақты жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алда осы MLM ANELYA ALIM NEW YORK COSMETICS желілік маркетингі арқылы косметикаларымызды бүкіл әлемге сатылымға шығармақ жоспарымыз бар. Сәтін салса, бірінші Еуропа, одан кейін ТМД және Азия, яғни Қытай, Корея аумағында өнімдеріміздің қолдану аясын кеңейтпекпіз. Бұған әлеуетіміз жетеді. Өйткені Америкада үлкен нарыққа шығуға мүмкіндік зор. Жалпы, мен Нью-Йорктегі сән апталығына қатысып тұрамын. Біздің косметикамыз New York Fashion Week, HAMPTONS Fashion Week, Brooklyn Fashion Week сияқты сән апталықтарына демеуші болады. Anelya Alim New York макияж мектебін Нью-Йоркте тұрақты түрде шақырып тұрады. Енді Лонданнан да, Париж, Милан, жапондық сән саласынан да шақыртулар түсіп жатыр.

– ⁠Макияж адамға қалай әсер етеді? Қандай күш береді?

– Мен бұл тақырыпта ғылыми мақала жазғанмын. Онда макияждың адам психологиясына қалай әсер ететіні туралы тарихи мәліметтерге үңілдім. Боянған соң айнаға қараған әйелдің өзіне деген сенімділігі артады. Яғни макияждан кейін нейрондық байланыс арқылы миға сигнал беріледі. Әйел адамның өзіне деген сүйіспеншілігі артады.

Мысалы, америкалық жазушы, 50 кітаптың авторы Луиза Хэй «21 күнде өзіңді жақсы көр» деген кітабында айнамен жұмыс туралы айтады. Егер әйел әр күн сайын боянып, айнаға қараса, өз-өзін жақсы көре бастайды. Өзін жақсы көрген кезде әйел дені сау, бақытты болады. Ал әйел бақытты болса, барлық отбасы мүшелері, балалары да, тіпті бүкіл халық бақытты болады деген сөз. Сондықтан кез келген мемлекетте бірінші кезекте әйел адамды бақытты қылуға мән берілуі керек. Өзін бақытты сезінген әйел шабыттанып, жасампаздық жұмыстарды жасайды, әлемнің жақсара түсуіне ықпал етеді деп ойлаймын. Менің миссиям – әйелдерге өздерін жақсы көре түсуіне косметика, макияж арқылы әсер ету.

– Қандай брендтермен немесе танымал тұлғалармен серіктес ретінде жұмыс жүргізесіз? Бейонсенің продюсерімен серіктес болғаныңыз рас па? Онымен байланысыңыз қалай өрбіді?

– Мен АҚШ-қа келген соң New York Fashion Week сән апталығын ұйымдастыра бастадым. Екі жыл ішінде 17 шоу ұйымдастырдым. Сондай кезде өнер жұлдыздарымен кездесіп, олармен танысып, байланыс орнатуға мүмкіндік туды. Көптеген танымал жұлдыздармен таныстым. Соның ішінде Бейонсенің сопродюсері Тони Эвордстан салтанатты шараға шақырту алып, оның командасындағы қыздарға макияж жасадық. Сол кезде Тони Эвордсқа үлкен марапат табысталды.

Онымен байланысым кездейсоқ болды. Кезекті тапсырыс бойынша жұмыс істеуге келгенімізде бір әйел адамның түрі таныс көрінді. Оның инстаграм аккаунтына кіріп көрген соң танымал тұлға екенін байқадым. Жалпы, Америкада әлемге әйгілі танымал адамдарды сыртынан көп кездестіріп қалуға болады. Сондықтан кейде олардың танымал адам екенін аңғармай да қалуымыз мүмкін.

– «Әлемдегі ең табысты топ-30 әйел» қатарына қосылыпсыз. Құтты болсын! Онда қандай критерийлер негізінде өттіңіз?

– Рақмет. Онда негізінен бизнестегі критерийлерге қарады. Менде ол кезде Қазақстанда 3 сән салоным болды. Франшиза бойынша жұмыс жүргіздім. Сонымен қатар өзімнің брендті косметикамның, АҚШ-тағы макияж мектебімнің жұмыс істеп тұрғанын, бірнеше бизнесімнің барын ескерген болуы керек, маған өздері байланысқа шықты. Сондай-ақ мен туралы қазақстандық және американдық бұқаралық ақпарат құралдары өздерінің ресурстарына талай мәрте жариялаған болатын. Менің суретім журналдың басты бетіне басылған. Осы критерийлер бойынша мені «Әлемдегі ең табысты топ-30 әйел» қатарына қосуға лайық көрген сияқты.

– Сіздің долларлы миллионер екеніңіз айтылады. Егер құпия болмаса, байлығыңыз қанша долларға бағаланады? Форбста нешінші орындасыз?

– Долларлы миллионер деңгейіне алғаш рет 28 жасымда жеттім. Қазіргі таңда табысым өзімнің бизнестеріме инвестиция ретінде салынып жатыр. Бизнестерім АҚШ-та да, Қазақстанда да жүріп жатыр. Дегенмен қазіргі таңда негізгі күшті АҚШ-тағы бизнеске жұмсап жатырмын. Әзірге форбс тізімінде жоқпын. Дегенмен жақын арада ондағы тізімде де есімім пайда болады деп үміттенемін.

– Командаңызда қазір неше адам жұмыс істейді?

– Қазіргі уақытта менің командамда визажист, стилист, фотограф, видеограф сияқты мамандар мен модельдік агенттіктің мамандарын қосқанда 70-тен аса адам жұмыс істеп жүр.

– Болашақта Қазақстанға оралып, отандық кәсіпкерлерді оқытып, ел экономикасын көтеруге үлес қосқыңыз келетінін айтыпсыз. Осы және басқа да алдағы жоспарларыңыз жайлы айтып өтсеңіз.

– Әрине, еліміздің дамуына өз үлесімді қосқым келеді. Жалпы, менің негізгі мақсатым – байлыққа кенелу емес. Өйткені мен жоғарыда айтып өткенімдей, 28 жасымда долларлы миллионер деңгейіне жеткенмін. Қымбат пәтерде тұрып, қымбат көлікті тізгіндеп, баршылықты көрдім. Содан кейін де шығар бақыттың ақшада емес екенін түсіндім. Мен үшін қазір бақыт дегеніміз – басқа адамдардың бақытты болуына жәрдемдесу. Менің өмір сүру философиям қарапайым, өзімді қарапайым ұстаймын. Көптеген адамның ішкі жан дүниесінің тыныш болуына, өзіне деген сенімділігінің артуына, бақытты күн кешуіне әсер еткім келеді. Әр адам денінің сау болғанын, бақытты да бай болғанын қалайды. Бүкіл әлемдегі адамдарға осы үш критерийді MLM желілік маркетинг компаниям арқылы бергім келеді.

Ал Қазақстан туралы айтар болсақ, мен өз елімді қатты жақсы көремін. Еліме деген алғысым зор. Мен Тараз қаласында дүниеге келгенмін. Ата-анам мені патриот етіп тәрбиеледі. Бүгінде мен Америкада осындай жетістіктерге әкем мен анамның маған деген сүйіспеншілігінің, сенімінің арқасында жетіп жүрмін. Қазіргі таңда баламды жалғыз өзім тәрбиелеп келемін. Ол менің – бар байлығым, оны мақтан тұтамын.

Жалпы, қазақстандықтар өз-өздеріне сенімді болып, еңбек етіп, бизнес ашып, байыса екен деп тілеймін. Қазақстанның экономикасын көтеру үшін мықты заңдар, мамандар керек. Мемлекетті халық көтереді. Сол үшін халық білімді болуы керек. Сондықтан белгілі бір деңгейде мен де қолымнан келгенше ағартушылық бағытта студенттерге, елімізге еңбегімді сіңіргім келеді. Бұл ретте мотивациялық кітабымды жазып жатырмын. Алда деректі фильм, кино түсіріп, бизнес форумдар, шеберлік сабақтар өткізгім келеді. Сонымен қатар алдағы уақытта саяси форумдарға қатысып, елде бизнесмендерді көптеп шығару, жаңа жобалар жасау бойынша үн қосқым келеді. Қазір мен Америкада бизнес тұрғысында білімімді жетілдіріп жатырмын. Байқауымша, АҚШ-та мемлекет тарапынан бизнеске көп қолдау көрсетіледі. Үлкен көлемдегі гранттар бөлінеді. Ол гранттар, әсіресе, әйелдерге, жалғызбасты аналарға беріледі. Мен АҚШ-тың бизнес жүйесін зерттеп жатырмын. Соны біздің елімізге де ұсынғым келеді. Сондықтан уақыт тауып, отандық басылымдарға пікір білдіріп, телеарналарға сұхбат беріп тұрамын. Қарапайым отбасынан шығып, осындай жетістікке өз еңбегіммен жеткен менің үнімді естіп, отандастарымыздың да өз-өзіне деген сенімділігі артса екен деймін.

– Сұхбатыңызға көп рақмет! Арман-мұратыңызға жетуіңізге тілектеспіз!

Сұхбаттасқан Нұрдәулет Кәкіш

Advertisement
Share Post