Қазақстандық Neo Milk өнімдері Қытай нарығына шығады

Naryk.kz

2025 жылдың 21 мамырында Қытай астанасы Бейжің қаласында Алматы облысының ірі тауар өндірушілері мен қолөнер шеберлерінің көрмесі өтті.


Жоғары экспорттық әлеуеті бар қазақстандық компаниялардың өнімдерін таныстыру мақсатында ұйымдастырылған көрмеге «BB Partners» ЖШС де өз өнімдерін таныстырды. Компания директоры Болат Аманбаевтың айтуынша, мұндай бастамалар тек сауданы ілгерілетіп қоймай, өзара достықты да нығайта түседі. 


Компания алдағы уақытта күніне 10 тонна сүтті өңдеп, Қазақстан нарығын ғана емес, Қытай нарығын да бағындыруды жоспарлап отыр. Осы мақсатта Алматы облысы маңындағы Қошмамбет ауылынан 10 гектар жер алынған. Зауытты үлкейту жұмыстары мен жобалау мақсаттары үшін 2,5 млрд теңге жұмсалған. Жылқы мен түйелерден бөлек, 1200 ешкіге арналған ферма құрылысы аяқталған. 


2017 жылдан бері заманауи технология көмегімен, атап айтқанда сублимация тәсілімен «Neo milk» деген жалпы атаумен ұлттық сусындарды капсула түрінде өндіретін «BB Partners» ЖШС компаниясының жоғары сапада бие сүті негізінде дайындалатын – «Neo Saumal», түйе сүтінен жасалатын – «Shubat», ал ешкі сүтінен дайындалатын «Goat milk» және құрғатылған сүт «Мама знает» өнімдері қытайдың тауар өндірушілерінің назарын аударып, қызығушылығын тудырды. Қытайдың бизнес өкілдері келісімшарт жасасып, алдағы уақытта халқымыздың нәрлі де, құнарлы шипалы ұлттық сусындарын сатып алуға ниет білдіріп отыр.


Қытайлық бизнес өкілдерінің айтуынша, Қазақстан мен Қытай ауыл шаруашылығы өнімдерін шығару және өңдеу саласы бойынша өзара тығыз ынтымақтастық орната алады. Қытай тұрғындарының қазақстандық тамақ және ауыл шаруашылығы өнімдеріне деген сұранысы жоғары, сол себепті, Қытай нарығын жаулап алуға қазақстандық тауар өндірушілердің мүмкіндігі жетеді.


Айта кетейік, 2017 жылы құрылған «BB Partners» компаниясының өндірісі Алматы облысында. Компания мұздатып, қатыру (сублиматтау) әдісі арқылы кептірілген сүттен жасалған бірегей өнімдердің өндірушісі әрі жеткізушісі.

Сүтті мұздатып кептіру – өнімнің бастапқы құрылымын бұзбай, мұздату арқылы ылғалдығын жою. Өнімнен ылғалдың шамамен 70-90% өте төмен температурада алынады, ал қалған бөлігі, яғни табиғи ылғалдылығы оң температурада алынады. Мұздатып кептіру арқылы алынған сүттің тағамдық құндылығын бағалау органолептикалық және биологиялық қасиеттерінің бастапқы өнімнен ерекшеленбейтінін көрсетті.

Өнімдер неміс технологиясымен әлемдік халал стандартына сай жасалады. Барлық өнімдерін Қазақ тағамтану академиясы мақұлданған, мемлекеттік тіркеуден өткен және ҚМДБ Халал Даму сертификатын жыл сайын алып отырады.

Өнім шикізаты компания меншігіндегі 500 жылқы, 300 Заанен тұқымдас ешкілерінен алынады. 250 адамды жұмыспен қамтып отырған компания болашақта жұмыскерлер санын 500-ге дейін арттырмақ.

Ақпарат көзі: Naryk.kz

Бөлісу
Ілмектер