Қараөткел қорымы - тарих пен тағзымның тоғысқан жері

Астана қаласы әкімдігінің бастамасымен Қараөткел (Көкбел) зиратын жаңғыртуға арналған кеңес өтті

Бұл - 5000 - нан аса адам жерленген қасиетті мекен. Мұнда кезінде Сібірді билеген Шыңғыс қағанның соңғы ұрпағы Көшім хан батырлары, Ақтабан шұбырынды құрбандары, Кенесары сарбаздары, ашаршылық пен репрессия, ҰОС ардагерлері мәңгілік тыныс тапқан. 

Жауапты мамандардың айтуынша, жоба алғаш 2010 жылы бекітілген. Қазір оны заман талабына сай қайта қарау көзделуде. Үкімет басшысының Кеңесшісі Ералы Тоғжанов,  "Бұл нысан - тек мұсылман емес, түрлі ұлттар жерленген ортақ руханият орны. Сондықтан да, Астананың көркем болмысымен үндесуі қажет" -  деген пікірді алға тартады. 

Ал, Астана қаласының белсенді тұрғыны Төлеген Қуанышевтың айтуынша, "Құрылыстан бұрын, бұл  - зиярат орны. Мұнда ізгілік пен тарих тоғысуы маңызды " - деген ұстаным басты назарда болуы қажет.

Мүсінші Бауырқан Жалын мен ғалымдар Қара шаңырақ бейнесіндегі монумент, Тайқазан көшірмесі, табиғи қорған -  шырша мен терек отырғызу идеясын ұсынды. Ал, Ерзат Жетібай тарихи деректер QR-кодпен көрсетілетін сайт болсын дейді.  Ал, Абай Найманов , "Игі істің басында жастар, қасында халық болсын!"  -  деп, кәсіпкерлер мен құрылысшыларды қолдауға шақырды. 

Бұл тек қорым емес - рух пен ұрпақ сабақтастығының киелі мекені.

Әкімдіктің баспасөз қызметі

 

Бөлісу