Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен өткен ҚМДБ төралқа мәжілісінде алда келе жатқан Қасиетті Рамазан айы, сол кездегі пітір садақа сұрақтары қамтылды. Пітір садақа мөлшері еліміз бойынша екі келі ұнның орташа бағасы негізінде 655 теңге болып бекітілді.
"Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шариғат және пәтуа бөлімі Түркі мемлекеттері ұйымына қарасты Мүфтилер алқасы жанындағы пәтуа кеңесімен ақылдаса келе, биылғы Рамазан айының басталатын күнін бекітті. Ортақ пәтуаға сәйкес, қасиетті Рамазан айы 1 наурызда басталады. Ал наурыз айының 26-нан 27-не қараған түн – қасиетті Қадір түні. 30 наурыз – Ораза айт мерекесі" - делінген хабарламада.
Еліміздің барлық өңір, қала, аудан және ауылдың (барлығы 6000 елді мекен) ораза және намаз кестесін PDF форматта muftyat.kz сайтынан сілтемеге өтіп жүктеп алуға болады.