Наурызбай қажы кәсіпкерлерге азық-түлік бағасына қатысты үндеу жасады

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) қасиетті Рамазан айына байланысты кәсіпкерлерді әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын төмендетуге шақырды, деп хабарлайды Муфтияттың баспасөз қызметі

ҚР Бас мүфтиі, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы кәсіпкерлерге осындай үндеу жасады.

"Қадірлі отандастар! Баршаңызды Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қасиетті айда ұйымдастыратын қайырымдылық іс-шараларына үлес қосуға шақырамын. Кәсіпкерлерді әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің бағасына жеңілдік жасауға үндеймін. Рамазан айына тура келген құдайы астарды ауызашар уақытында өткізіп, көбірек сауап алуға тырысайық. Қоғамдық тамақтану орындарында ауызашар мәзірін халыққа ыңғайлы бағамен ұсыну да – сауапты істің бірі.

"Бұл айда тек табысқа кенелуге емес, ең бастысы Хақтың разылығы мен халықтың алғысын алуға асыққан абзал. Дүкендерде күллі жамандықтың бастауы болған арақ-шарап сатылмаса деген тілегімізді жеткіземіз", – деді Бас мүфти.

Айта кетейік, биыл Рамазан айы 1 наурызда басталады. Ал наурыз айының 26-нан 27-не қараған түн – қасиетті Қадір түні. 30 наурыз – ораза айт мерекесі. Қасиетті айда берілетін пітір садақасы 655 теңге болып бекітілді.

Бөлісу
Ілмектер