Күләш Бәйсейітова, Әбілхан Қастеев, Шара Жиенқұлова оқыған мектепке – 100 жыл

Өткен ғасырдың басында негізі қаланған Шоқан Уәлиханов атындағы № 12 мамандандырылған гимназияға биыл 100 жыл толады. Білімнің киелі қара шаңырағы кезінде қазақ тілінде білім беретін жалғыз оқу орны болған. Бір ғасырда мектептің қол жеткізген жетістіктері мол. Бұл білім ордасынан Қазақстанның көрнекті тұлғалары білім алған.

Алматыдағы №12 гимназия 1924 жылы күзде коммуналдық мектеп болып ашылды. Әуелі бастауыш, одан кейін «жеті жылдық» кейін «тоғыз жылдық» мектепке айналды. Гимназия Кеңес заманында қазақ тілінде білім беретін бірден-бір оқу орны еді. Мұнда мектеп- интернаты да болды. Онда ауыл балалары жатып оқыды.

1924 жылдан 1975 жылға дейін мектептің тұрақты мекен-жайы болмағандықтан тоғыз рет орын ауыстырды. Тек 1975 жылы Бөгенбай батыр мен Қонаев көшелерінің қиылысындағы ғимаратта орнықты. Бір айта кетерлігі, 1967-1970 жылдар аралығында гимназия оқушылар санының азаюына байланысты жабылып, 1970 жылы қайта ашылды. 

Коллаж: Kazinform
Коллаж: Kazinform

Білім шаңырағын 15 жыл басқарып, гимназияға елеулі өзгерістер енгізіп, оқу жүйесін жетілдіруге ықпал еткен Социалистік Еңбек Ері Рафиқа Бекенқызы Нұртазинаның рөлі ерекше.

Р.Б. Нұртазина қазақ балаларына орыс тілін оқытудың жаңа әдіс-тәсілдерін жасап, енгізді. Р.Б. Нұртазина Кишинев, Ташкент, Мәскеу, Берлин, Прага, Будапешт және басқа да қалалар мен елдерде өткен орыс тілі мұғалімдерінің халықаралық қауымдастығының съездері мен конференцияларында, бүкілодақтық және республикалық конференциялар мен семинарларда баяндамалар жасады. Қазақ және орыс тілдерінде жарияланған 150-ден астам мақалалар Алматы, Мәскеу, Санкт-Петербург, Бішкек, Берлин, Будапешт, Прага қалаларында ғылыми-әдістемелік журналдарда жарық көрді. Оның білім беру жүйесін дамытуға қосқан үлесі елімізде де, шетелде де жоғары бағаланды.

1994 жылы мектепке қазақтың тұңғыш ағартушы ғалымы Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтың аты берілді. Ал, 1996 жылы «Ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын мектеп» мәртебесіне ие болды. 2004 жылы гимназия «көпсалалы гимназия» деп атала бастады. 2014 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің арнайы бұйрығымен оған мамандандырылған дарынды балаларға арналған гимназия мәртебесі берілді. 

100 жылдық тарихы бар қарашаңырақта елге елеулі үлес қосқан тұлғалар білім нәрімен сусындаған. Соның ішінде күміс көмей әнші Күләш Бәйсейітова, суретші Әбілхан Қастеев, Шара Жиенқұлова, Нұрғиса Тілендиев, Сыдық Мұхамеджанов, Әсет Бейсеуов. Мансұр Сағатов, мемлекет қайраткерлері Асқар Құлыбаев, Еркешбай Дербисов, академиктер Орынбек Жаутіков, Болат Жұбанов, Шора Сарыбаев және тағы басқа қоғам қайраткерлері мен мемлекет майталмандары бар.

Фото: №12 гимназияның архиві

Мектептің бітірушілері арасынан 20-дан астам академик, 300-ге тарта ғылым докторы шықты.

«Бұл мектептің қалыптасуына және қазақ тілді білім орны болуына Ахмет Байтұрсынов, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Темірбек Жүргенов, Сәбит Мұқанов сияқты бүкіл қазақ зиялылары атсалысты. Сондықтан да болар гимназия өз түлектерімен танымал. Мұнда еліміздің көптеген көрнекті тұлғалары білім алған», - дейді Қазақстан тарихы пәнінің мұғалімі Әмина Тортаева.

Фото: №12 гимназияның архиві

Қазір № 12 мамандандырылған гимназия 1800-ге жуық бала білім алатын Алматы қаласындағы алдыңғы қатарлы мектептердің бірі. Оқу орнында 127 оқытушы жұмыс істейді, оның 33 шебер – оқытушы, 33 сарапшы, 30 магистр, 3 - PhD докторы, 1 - ғылым кандидаты. Жақында гимназияда шеберлер кеңесі құрылып, оның мүшелері олимпиадаға дайындалып, ғылыми жобалармен айналысатын оқушылармен жұмыс істейтін болады. 2022-2024 жылдар аралығында оқушылар 200-ге жуық халықаралық және республикалық пәндік олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанып, ғылыми жұмыстарын сәтті қорғады.

2012 жылы мектеп ғимараты жаңартылып, заманауи оқу кабинеттермен толықты. Мұнда үздік түлектер мен өнер және ғылым қайраткерлеріне арналған музей жұмыс істейді. Онда 11 мыңнан астам жәдігер бар.

Гимназия директоры Қуаныш Жұмабекұлының айтуынша, мұғалімдер үнемі тәжірибе алмасып, өзін-өзі дамытумен белсенді түрде айналысады.

« Ұстаздар үнемі дамып, жаңа білім алып, заман көшіне ілесу керек. Әлем тез өзгеріп жатыр. Біз дамыған елдерден қалмауымыз қажет. Мемлекет басшысы айтқандай, ұстаздар – ұлттың зияткерлік қуаты. Олар білімді ұрпақ тәрбиелеу арқылы еліміздің өркендеуіне жол ашады. Расында солай, мұғалім – болашақ қоғамды қалыптастырудағы басты тұлға. Сондықтан біз көбірек жұмыс істеп, нақты жағдайларға бейімделуіміз керек», - деп есептейді ол.

Дереккөз: ҚазАқпарат

Advertisement
Share Post