"Журналистерге алғыс": елордалық спортшылар БАҚ өкілдерін кәсіби мерекемен құттықтады

28 маусым – Қазақстанда бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні

Осы мерекеге орай елордалық спортшылар «Журналистерге алғыс» атты әсерлі челлендж бастады. Оның мақсаты – өз жетістіктерін насихаттап, үлкен спорттың көрерменге беймәлім қырларын танытып жүрген журналистерге шынайы алғыс білдіру, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.

Спортшылар қысқаша бейнероликтер әзірлеп, спорттық жолындағы әртүрлі сәттерде БАҚ өкілдері қолдау көрсеткенін баяндады. Бірі өзі жайлы алғаш газетке шыққан мақаланы еске алса, енді бірі жеңіске жеткенге дейінгі ұзақ жолын арқау еткен репортажды, ал тағы бірі туған-туыстары мен жанкүйерлері тамашалаған турнирлердегі тікелей эфирлерді айтып өтті.

«Жеңісің жайлы газеттен оқып немесе теледидардан сюжет көргенде ерекше сезімге бөленесің. Бұл сенің еңбегің еленіп, өзгелерге шабыт сыйлай алатыныңды білдіреді. Олимпиада кезінде мені қолдаған барлық жанға әрі сол сәттерді көпшілікке жеткізген журналистерге алғыс айтамын», – деді бокстан Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Нұрбек Оралбай.

Шынайы тілектерін білдіріп, өз естелігін айтқан спортшылардың қатарында парадзюдодан Паралимпиада ойындарының күміс жүлдегері Ерғали Шамей, каратэден Азия және Қазақстан чемпионы, спорт шебері Венера Жақсыбаева, джиу-джитсудан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Нұрсұлтан Дүйсенқұлов, елордалық гандболшы қыздар, грек-рим күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері Айбек Айтбеков, паракаратэден спортшы Ләззат Жүсіпова, парадзюдошы Бауыржан Арыстанбеков және спорттық гимнастикадан Азияның үш дүркін чемпионы Айым Мейіржанова болды.

Кейбір спортшылар тіпті журналистерге арнап шағын өлең шумақтарын шығарып, оларды кәсібіне деген ықыласы, шынайылығы мен кәсібилігі үшін ерекше атап өтті.

«Журналист – әр медальдің артында не жатқанын көре алатын және соны көпшілікке жеткізе білетін жан. Олар жүздеген сағаттық жаттығу, ауыртпалық, қуаныш пен алаңдаушылық секілді сәттерді ашып көрсетеді. Нәтижені ғана емес, спорттың жан-дүниесін көрсете білгендеріңіз үшін рақмет», — деп атап өтті гимнаст Айым Мейіржанова.

Бұл күн – тағы бір еске салу сәті: спорттық оқиғалардың сыртында әрдайым журналистер мен медиа мамандар тұрады. Олардың арқасында жанкүйерлер спортшыларымыздың жетістіктерінен хабардар болып, олармен бірге қуанып, мақтана алады.

Астана қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасы да мерекемен құттықтап, журналистерге күш-қуат, шығармашылық шабыт тіледі. Олардың еңбегі қоғам үшін аса маңызды және қажет.

Бөлісу