Жайлы мектеп ашылды

Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Астана қаласы мен Жамбыл облысында 2000 және 1200 оқушыға арналған заманауи екі мектеп ашылды, - деп хабарлайды Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.

Бұл мектептер озық техникамен жабдықталған оқу кабинеттерінен бастап, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін қолжетімді ортаға дейін жоғары заманауи стандарттарға сәйкес келеді. Сондай-ақ, бірнеше асхана, кең спорт залдары, акт залдары, кітапханалар, лингафон және компьютерлік кабинеттер, зертханалар, шеберханалар мен коворкинг-орталықтар қарастырылған. Білім алушыларға робототехника кабинеттері, STEM-зертханалар және оқытуға арналған басқа да инновациялық кеңістіктер қолжетімді. Балалардың қауіпсіздігі бейнебақылау камералары, турникеттер және дабыл түймелері арқылы қамтамасыз етіледі. Айта кетейік, бұл Астанада салынған 10-шы жайлы мектеп, ал Жамбыл облысында — үшінші мектеп. Жыл басынан бері Қазақстанда 91 мың орындық 35 жайлы мектеп пайдалануға берілді.

Advertisement
Share Post