Жаңа рейс аптасына үш рет сейсенбі, бейсенбі және жексенбі күндері орындалады. Кестеге сәйкес ұшақ Гуанчжоудан таңғы сағат 06:50-де ұшып, Алматыға сағат 10:20-да келеді. Қазақстаннан рейс кешкі сағат 20:50-де жөнелтіледі және келесі күні сағат 05:45-те Гуанчжоуға қонады.
Жаңа бағдардың ашылуына орай «Kazakh Tourism» компаниясы және Air Astana Гуанчжоудан келген жетекші туроператорлар, журналистер мен блогерлер үшін Қазақстан бойынша таныстыру турын өткізіп жатыр. Шетелдік меймандар оңтүстік астананың және Алматы облысының негізгі туристік көрікті жерлерін аралайды. Оның ішінде Шымбұлақ тау шаңғысы курорты, Шарын шатқалы мен Көлсай көлдері бар. Туризм саласындағы екіжақты ынтымақтастықты кеңейту мақсатында қазақстандық және қытайлық туроператорлар арасындағы B2B-кездесулер де жоспарланған.
Өткен жылы Қытайдағы Қазақстан туризмі жылының қорытындысы бойынша Аспан асты елінен келушілер қатары 78% артып, 655 мың адамды құраған. Бұл еліміздің туристік бағыт ретінде тартымдылығының артқанын көрсетеді.
2025 жыл Қазақстандағы Қытай туризмі жылы деп жарияланған еді.