Ералы Лұқпанұлы: " ... Мемлекет басшысы айтқанындай, бүгінде жаһандық экономика, халықаралық қатынас пен өңірлік ынтымақтастықты нығайту сұрақтары күн тәртібіне шығып отыр. Сол себепті, бұл мәселелердің Астана халықаралық форумының басты бағыттарына айналуы заңдылық. Адамзат баласының ұлы игілігіне айналған, қазақ даласы үшін маңызды, Тәуелсіздігіміздің тірегі саналатын – татулық пен бірлік сұрақтары бүгінде ерекше құндылықтар қатарына шықты. Ең асыл қасиетке айналған - бірлік пен татулық ұғымдарының түбінде сенім жатыр. Ал, сенім – тұрақтылық болған кезде ғана салтанат құратыны сөзсіз. Сондықтан да, татулығы мығым, сенімі берік мемлекетке ғана инвесторлар келеді. Ал, инвестиция экономиканың ажырамас бөлігі екені белгілі.
Қасым-Жомарт Кемелұлы атап өткендей, бүгінгідей дүние жүзін қақтығыстар мен соғыс өрті жайлаған уақытта, адамзат баласы рухани құлдырап ғана қоймай, экономикалық шығынға да ұшырап отыр. Осылайша, адамзат баласын тығырыққа тіреген «белгісіздіктің» шырмауынан қалай шығамыз деген ой форумға қатысушылардың негізгі сұрағына айналды. Халықаралық сарапшылар биік мінберден алда қандай таңдау тұр, қалтарыстардан «ысылып» шығамыз ба, әлде, «қысылып» шығамыз ба? , деген сұрақтарды өзара талқыға салып жатты. Бұл жиын әлемнің түкпір-түкпірінен келген сарапшы-мамандарды бір алаңда тоғыстырып, еркін пікір алмасуға мүмкіндік жасайтын бірегей платформаға айналып отыр. Жаһандық жаңа терминге айналған жасанды интеллектен бастап, креативті индустриямыз, экономиканың жаңа секторларын дамыту т.с. адамзат баласы үшін өзекті сұрақтардың басқа емес, өз елімізде – Астанамызда талқыланып жатқаны ерекше маңызға ие. Тарихқа шегініс жасасақ, елдің жақсылары, шешендері, ойшылдары жиналып, әңгіме-дүкен құрып келелі сұрақтарды күн тәртібіне шығарып, шешу жолдарын ел болып, ұлт болып талқылап, ойластырып отырған. Мұндай іргелі кездесулер мен келелі жиындар ата- бабамыз салған сара жолды жаңғыртып ғана қоймай, ұрпақтар сабақтастығына жаңа серпін берері сөзсіз, - делінген жазбада.