Аймақ басшысының жеке қабылдауына қалалар мен аудандарда 139 адам жүгінді. Ашық диалог түйіткілді проблемаларды шешуге бағытталған мәселелер шеңберін анықтауға көмектеседі. Қорытынды кездесу Саран қаласында, қалалық мәдениет үйінде өтті.
– Жалпы айтқанда Саран қаласы дамып келеді, бірақ әлі де жұмыс істеу керек. Бірінші кезекте бұл ТКШ жаңғырту, инженерлік инфрақұрылымды жаңарту мәселелері. Су құбыры желілерін қайта жаңарту жүргізілуде, екінші су таратқышты жаңғырту жұмыстары басталды. Бұл жобалар қаланы тұрақты сумен қамтамасыз ету үшін келесі жылы аяқталуы тиіс, – деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев.
Жылумен жабдықтау мәселесі де күн тәртібінен алынбайды. Мердігер жабдықты реттеуді жалғастыруда. Жылу көзінің жоспарлы қуатқа шығуы тұрақты бақылауда қалады. Электр желілерін жаңартумен айналысу қажет. Экономиканы әртараптандырудың арқасында Саран моноқалалар санатынан шықты. Қазіргі уақытта Saran Солтүстік өнеркәсіптік және Индустриялық аймағының алаңдарында жалпы құны 380 млрд теңгеге жуық 9 инвестициялық жоба іске асырылуда, 6 мыңға жуық жұмыс орны құрылды.
Кездесуде тұрғындар индустриялық аймақтан Қарағандыға жеке жол салуға бола ма деп сұрады. Бұл жағдайда ауыр жүк машиналары қазіргі негізгі жолды тоздырмайды. Жобаның мүмкіндіктері зерттелетін болады. Сондай-ақ, тұрғын үй-коммуналдық сала, көлік мәселелері көтерілді. Олардың бірқатарын шешу үшін облыс әкімі бірден тапсырма берді. Қаланың жаңа әкімі Дарын Бұлқайырдың алдына абаттандыру, тазалық және тәртіп орнату міндеттері қойылды. Оның ішінде аулалар, үйлердің қасбеттері бойынша бағдарлама болуы тиіс.
– Жыл басынан бері барлық қалалар мен аудандарда кездесулер өткіздім. Барлық жерде өзекті мәселелер көтеріледі. Негізінен бұл ТКШ, тұрғын үй, абаттандыруға қатысты сұрақтар. Біздің облыс тұрғындарын мазалайтын күнделікті мәселелер. Алдағы уақытта әлі қорытынды жасауымыз керек. Кейбірі шешілді. Шешу жолдарын әзірлеу үшін белгілі бір зерттеу мен талдауды қажет ететін мәселелер бар, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.