Екі мыңнан астам кәсіпкерге 2,4 млрд теңге қайтарылады – Бас көлік прокуратурасы

Ведомстваның ресми сайтында осындай жазба жарияланды

Бас көлік прокуратурасы кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтарына нұқсан келтіретін заң бұзушылықтарды анықтаған, деп хабарлайды Ras.kz порталы Бас көлік прокуратурасы таратқан ақпаратқа сілтеме жасай отырып. Ресми мәлеміттерге қарасақ, өткен жылдан бастап қоршаған ортаға теріс әсер еткені үшін төленетін міндеттемелер өзгертіліп, кей экологиялық төлемдер алынып тасталған.

Осыған қарамастан, бұл мән-жайларды білмей, кәсіпкерлер тиісті төлемдерді жүргізуді жалғастырды, ал салық органдары олардың негізсіз шығындарын болдырмау мақсатында тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізбеген.

Мысалы, осындай төлемдерді төлеушілер санатына кірмейтін «№3 Sk автовокзал паркі» ЖШС мемлекеттік бюджетке 15 млн астам теңге төлеген.

Сол сияқты басқа 2 203 кәсіпкер де бюджетке негізсіз 2,4 млрд теңгеден жоғары қаражатты аударған.

Көлік прокуратурасы органдарының араласуынан кейін ғана, кәсіпкерлерге оларды осындай алымдарды төлеушілер тізімінен алып тастағандығы туралы жеткізілді.

Сонымен қатар, көлік прокуратурасының актісі бойынша кәсіпкерлерге ақшалай қаражатты қайтару бойынша жұмыс басталған, 500 артық кәсіпкерге шамамен 30 млн теңге қайтарылды.

Мемлекеттік кірістер комитетіне салық заңнамасындағы өзгерістер туралы ақпаратты бизнес қауымдастыққа тиімді жеткізу жөніндегі шараларды әзірлей отырып, осындай жағдайдың туындау себептерін талдау тапсырылды, - деп хабарлайды Бас көлік прокуратурасында жарияланған ресми хабарламада. 


Advertisement
Share Post