Ерлан Каналимовтың Астана қалалық мәслихаты төрағасы өкілеттілігі аяқталды

Бұл туралы қалалық мәслихаттың бұрынғы төрағасы әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.

Сенім білдіріп, ортақ мүдде жолында қолдаған барша азаматтарға алғысын білдірді. 

«Қадірлі достар, ардақты ағайын! Астана қаласы мәслихатының VIII сайланым төрағасы ретіндегі қызметіміз басқа қызметке ауысыма байланысты аяқталды. Осы жылдар ішінде елдің аманатын арқалап, халықпен бірлесе еңбек еттік. Ұлы Абайдың «Халық үшін қызмет қылсаң, халқың сүймек» деген сөзін ту еттік. Астана қаласы мәслихатының төрағасы ретінде басты ұстанымымыз — ашықтық пен жауапкершілік болды. Халыққа жақын болуға, мәселелердің шешімін бірге табуға мән бердік. Мәслихат отырыстарын тікелей эфирде өткізіп, әр депутаттың байланыс дерегін қолжетімді еттік. Атқарған ісіміздің сыншысы — халық, төрешісі — уақыт. Осы орайда, мен өзіме сенім білдірген қала тұрғындарына, бірлесе еңбек еткен Астана қаласы мәслихатының VII және VIII сайланым депутаттарына, қаламыздың әкімі Жеңіс Қасымбек мырзаға және барлық әріптестеріме шынайы алғысымды білдіремін. Осы жолда әрқайсыңызға мықты денсаулық, еңбектеріңізге табыс, отбасыларыңызға амандық тілеймін!», деп жазды Ерлан Каналимов.

Бөлісу