Діни радикалдар ұсталды

Астанада, Абай, Ақтөбе және Түркістан облыстарында діни радикалдардың әрекеті тоқтатылды, - деп хабарлайды Ұлттық ұланның баспасөз қызметі

Арнайы операцияны ҰҚК қызметкерлері прокуратура органдарының үйлестіруімен және ҚР ІІМ Ұлттық ұланының "Бүркіт" арнайы мақсаттағы бөлімшелерінің күштік қолдауымен жүргізді.

Терроризмді насихаттап, діни алауыздықты қоздырды, оның ішінде әлеуметтік желілер арқылы деген күдікпен 4 қазақстандық ұсталды, олардың біреуі бұрын соттылы болған.

Тұрғын үйлерін тінту барысында заттай дәлелдемелер алынды. Қылмыстық кодекстің 174 және 256-баптары бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулер жүргізілуде.

Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.

Бұдан бөлек, ҰҚК бұрын тергеген қылмыстық істер бойынша сот Ақтөбе, Қарағанды және Түркістан облыстарының 3 тұрғынына қатысты айыптау үкімдерін шығарды. Сотталғандар әлеуметтік желіде және айналасында терроризм мен діни экстремизм идеологиясын таратқан.

Бөлісу