Айжан Бижанованың айтуынша, еліміздегі ірі сауда желілері, оның ішінде «Магнум», «Смолл», «Анвар» және «Дина», фермерлерден тікелей 1,5 мың тонна картоп сатып алу бойынша келісімшарт жасауға дайын екенін жеткізді. Сонымен қатар, сауда желілері өнімді шаруашылықтан өздері алып кетуге дайын.
«Әкімдіктер өздерінің қажеттіліктерін, соның ішінде сауда желілеріне арналған көлемдерді көрсетуі қажет, бұл нарықтағы сұранысты жылдам қанағаттандыру үшін маңызды. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер мен сауда нүктелері арасында тығыз байланыс орнату өте маңызды», - деп атап өтті сауда және интеграция бірінші вице-министрі.
Сондай-ақ ол азық-түлік тауарларының бағасын қалыптастыру тізбегіндегі делдалдық схемаларды зерттейтін өңірлік комиссиялардың жұмысын күшейту қажеттілігіне назар аударды. Сонымен бірге, бірінші вице-министр фермерлермен жұмыс жүргізуді, картоп пен басқа да өнімдердің көтерме бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу мәселелерін қарастыруды тапсырды.
Айта кету керек, биылғы жылы Сауда комитетінің өңірлік департаменттері 20 өңірлік комиссия өткізіп, оның нәтижесінде 49 заңбұзушылық анықталды. Олардың арасында картоптың әлеуметтік маңызы бар өнім ретінде сауда үстемесін 15%-дан арттыру фактілері тіркелді.
Министрліктің баспасөз қызметі