Болат Мажағұловқа сот үкімі шықты

Елорданың Мәдениет басқармасын басқарған Болат Мажағұлов 8 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды, - деп хабарлайды Ras.kz ақпараттық порталы

Астана қаласы Мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы Болат Мажағұлов пен оның сыбайласына сот үкімі шықты. Болат Мажағұлов 8 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды. Мажағұлов жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейтін болады. Айта кетсек, Болат Мажағұлов былтыр күзде ұсталған болатын. Оған және мердігер ұйым өкілдеріне қатысты аса ірі көлемде, анығы, бір миллиард теңге бюджет қаражатын жымқырды деген айып тағылған еді.

Ал, Қылмыстық іс бойынша мердігер ұйымның өкілі Мәди Қанапинге 3,5 жыл берілді. Сот оны қаржы жымқыру және қылмыс жасауға көмектесу (ҚК 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы, 28-бабы 5-бөлігі) бабы бойынша кінәлі деп таныған.

Сот хабарламасында, «2025 жылғы 31 қаңтарда Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты өзінің қызмет бабын пайдалана отырып, адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен, аса ірі мөлшерде сеніп тапсырылған бюджет қаражатын талан-таражға салғаны үшін (ҚК 189-бабы 4-бөлігінің 2) тармағы) М.-ға, сондай-ақ оған көмектескені үшін (ҚК 28-бабының 5-бөлігі – 189-бабы 4-бөлігінің 2) тармағы) К.-ға қатысты айыптау үкімін жариялады», – делінген.

Бөлісу