"БГҚ Түркістан" серіктестігіне Siemens Energy-дің құрамдас бөлшектері жеткізілді

Түркістан облысы Сайрам ауданындағы «БГҚ Түркістан» серіктестігінің құрылыс алаңына Siemens Energy-дің Германиядағы зауытында өндірілген алғашқы газ турбинасы мен оның құрамдас бөлшектері жеткізілді.

Газ турбинасы – Түркістан облысы Сайрам ауданында салынып жатқан қуаттылығы 1000 МВт-қа дейін жететін бу-газ электр станциясының негізгі жабдығы болып табылады. Бүгінде бұл нысан – Қазақстанның оңтүстігіндегі ең ірі өнеркәсіптік құрылыс жобасы. Электр станциясының жалпы аумағы шамамен 60 гектарды құрайды.


Газ турбинасы мен оның құрамдас бөлшектері өткен жылдың желтоқсан айында Германиядан жөнелтілді. Жалпы ұзындығы 18 000 шақырымнан асатын жол Гамбург портынан Қытайдың Тяньцзинь портына дейінгі теңіз тасымалын және Қытай аумағы арқылы Қазақстанға құрлықпен жеткізуді қамтыды.

«Газ турбинасы – бу-газ қондырғысының негізгі құрамдас бөліктерінің бірі, оның тасымал салмағы шамамен 204 тоннаны құрайды. Осыған байланысты жабдықты тасымалдау үшін ірі габаритті жүктерге арналған арнайы модульдік тралдар пайдаланылды. «Жалпы қуаттылығы 1000 МВт-қа дейін жететін, электр энергиясын маневрлік режимде өндіретін бу-газ қондырғысы базасындағы электр станциясының құрылысы жобасы – өңірдің энергетикалық инфрақұрылымын дамыту жолындағы маңызды қадам болып саналады. Серіктестік аталған жобаны сәтті жүзеге асыру үшін бар күш-жігерін салуда»», – деп атап өтті «БГҚ Түркістан» ЖШС өндірістік-техникалық департаментінің директоры Серік Үсенов.


Еске сала кетейік, Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша еліміздің оңтүстік өңірлерінде электр энергетикасы саласында бірқатар инвестициялық жобалар іске асырылып жатыр. Солардың ең ірісі – «БГҚ Түркістан» ЖШС-нің жобасы, яғни Түркістан облысында қуаттылығы 1000 МВт-қа дейін жететін бу-газ қондырғысы базасындағы электр станциясының құрылысы. Жобаның негізгі мақсаты – экономикалық өсім әлеуеті жоғары оңтүстік өңірлердегі электр энергиясы тапшылығын азайту.


Бұдан бөлек, электр станциясының құрылысы жаңа жұмыс орындарын ашу және шағын мен орта бизнес субъектілерін тарту арқылы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізеді. Жобаны іске асыру мерзімі – 2024–2027 жылдар.

Аталған жоба ҚР Энергетика министрлігі әзірлеген Қазақстан Республикасының электр энергетикасы саласын дамыту жөніндегі іс-шаралар жоспарына енгізілген. Бұл жоспарға сәйкес, 2035 жылға дейін елімізде 26 ГВт жаңа генерациялау қуаттары іске қосылады деп жоспарлануда.

«БГҚ Түркістан» Баспасөз қызметты

8 747 208 08 21


Бөлісу