Айтулы күнге орай Ras.kz Қазақпаратқа сілтеме жасап, бүгінгі Әлия мен Мәншүк Мұратқызы туралы ақпаратты назарыңызға ұсынады.
Жетісу облысы Алакөл ауданы Үшарал қаласында туып-өскен егіз қыз – қазіргі таңда Кеңес Одағының екі мәрте батыры Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштері Әскери институтының 1 курс курсанттары. Олар әскери медицина мамандығын меңгеріп жатыр.
«Біз бұл мамандыққа өз таңдауымызбен, қалауымызбен түстік. Жалпы әскери мамандыққа бала күнімізден қызықтық, оған себеп атамыз Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері, ал әкеміз әскери адам. Біраз жоғары оқу орындарын қарап, ойлана келе, батыр қыздар жолымен әскери медицина мамандығын таңдадық. Әскери қызметшілер оқу-жаттығу және басқа әскери міндеттерді орындайды, олардың мақсаты – қашанда елді қорғауға дайын болу. Осылайша, еліміздің батыр қыздарының жолын берсін деп осы саланы меңгеруді ұйғардық», - деді Әлия Мұратқызы Қазақпарат тілшісіне.
Әлия мен Мәншүктің әскери медицинаны таңдауын ата-анасы қолдап, Жетісу өңірінен Ақтөбеге оқуға жіберген.
Сондай-ақ, жетісулық егіз есімдерін кім қойғанын және не үшін қойғанын айтып берді.
«Біздің есімді анамның сіңлісі әрі кіндік анамыз қойды. Әрине, алдымен ырымдап Әлия мен Мәншіктей елім дейтін ержүрек батыр қыздар болсын деген ниетпен қойған. Екінші қызықты жағдай, біз егіз болсақ та бір-бірімізге ұқсамаймыз, сондықтан қазақтың қос батыр қызының есімін таңдаған», - дейді Мәншүк Мұратқызы.
Айта кетсек, 2025 жылы қазақтың батыр қызы Әлия Молдағұлованың туғанына 100 жыл толады.
Бұған дейін қазақстандық киногерлер қазақтың қаһарман қызы Әлия Молдағұлова туралы «Әлия» атты жаңа көркем фильмді түсіруге дайындалып жатқанын хабарлаған едік.
Ә. Молдағұлованың 100 жылдығына және Жеңістің 80 жылдығына арналған «Әлия» толықметражды көркем фильмі 2025 жылдың мамыр айында жарыққа шығады.