Астанада қоғамдық тамақтану орындарында 300-ден астам рейд өтті

Бұл туралы әкімдіктің ресми сайты хабарлайды

Елорда құтқарушылары өрттің алдын алу және өрт қауіпсіздігі деңгейін арттыру мақсатында қоғамдық тамақтану нысандарында профилактикалық рейдтік іс-шаралар өткізіп жатыр.

Қоғамдық тамақтану орындары – дүңгіршектер, павильондар, фастфуд, донер сататын орындар бойынша рейд жүргізу үшін жұмыс тобы Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті тарапынан жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп құрылған.

Жүргізілген 320 рейдтік іс-шараның нәтижесінде осы санаттағы 426 нысан анықталды.

Тексеру барысында кәсіпкерлерге өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау жөнінде түсіндіру жүргізілді. Атап айтқанда, мыналар түсіндірілді:

• электр жабдықтары мен газ қондырғыларын қауіпсіз пайдалану ережелері;

• электр желілеріне артық жүктеме түсіруге жол бермеу;

• бастапқы өрт сөндіру құралдарының болуы және жарамды күйде сақталуы;

• эвакуациялық шығу жолдарына еркін әрі кедергісіз қолжетімділікті қамтамасыз ету.

Сонымен қатар әрбір кәсіпкерге өрт қауіпсіздігінің негізгі талаптары мен өрт туындаған жағдайда әрекет ету алгоритмі көрсетілген ақпараттық хаттар (жадынамалар) табысталды.

Рейд барысында арнайы рұқсат құжаттары мен келісімшарттары жоқ 78 павильон анықталды.

Аталған кәсіпкерлерге де түсіндіру жүргізіліп, нәтижесінде заңсыз орнатылған павильондар бұзылды, алтауы ғимараттардың алдыңғы қасбетінен артқы бөлігіне көшірілді.

Бұл бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр және тұрақты бақылауда.

Өрттің алдын алу және олардың санын азайту мақсатында елордалық ТЖД мына жұмыстарды атқаруда:

• жергілікті атқарушы және мүдделі мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен бірлескен рейдтер тұрақты түрде ұйымдастырылады;

• өрт қаупі жоғары нысандарда мекенжайлық профилактикалық жұмыс күшейтілді;

• бизнес субъектілеріне өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау бойынша жеке жауапкершілік туралы ақпараттық-түсіндіру жүргізіледі;

• көрнекі және ақпараттық материалдар (жадынамалар, хаттар, ұсынымдар) таратылады;

• бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы өрт қауіпсіздігі талаптары және өртке әкелетін типтік бұзушылықтар туралы ақпарат жарияланады;

• өрттердің себептеріне талдау жасалып, нәтижелері қоғамдық тамақтану нысандарының иелері мен қызметкерлеріне жеткізіледі.

Бөлісу
Ілмектер